Төкен ИБРАГИМОВ, әдебиетші ғалым, абайтанушы: Абай – нағыз мұңды жалғыздың өзі...

Төкен ИБРАГИМОВ, әдебиетші ғалым, абайтанушы: Абай – нағыз мұңды жалғыздың өзі...

– Біз әдетте Абаймен мақтанамыз, «кемеңгер ақынымыз», «ұлы ойшы­лымыз» дейміз. Бірақ мақтану бір бө­лек те, бағасына жету бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, Абайды қан­ша­лықты тани алдық?
– Шынымен де, екінің бірінің айтатыны – Абай. Кейде тіпті «Алла» дегеннен де «Абай» деген күштірек сияқты сезіледі. Ой­лап қарасаң, Абай әлемі ерекше терең, көп қыртысты, қатпары мол, ойының өзегі өз­геше, қат-қат. Біз бірақ кейде соны се­зінбей, сөздің сыралғысы ретінде айтамыз, Абайды әңгімеге қоссақ, сөзіміз дәмді бо­­латын сияқты көрінеді. «Абайтану» де­­ген­де де, жұрт Абайды зерттеліп бол­ғандай, ол туралы бәрі айтылып біткендей көреді. Алайда әр кезеңде де абай­та­ну­шының, оған ден қоюшының алдында тың сұрақ­тар тұрады. Сондықтан да «Абайды то­лық­тай танып болдық» деу – артықтау. Өйт­кені абайтану әр кезең сайын жаңа қыр­лар­ды алдыға тартады, демек, бұл – қазір жа­ңадан басталып жатқан күрделі про­цесс. Абайды, Абай әлемін тану, оның әр сө­зін, ой аста­рын­да жатқан әрбір ұғым­дар­­­ды, құ­бы­лыстарды тану көптеген жаңа дү­ниелерді алдыға тартып отырған жайы бар. Абайды өзінің айналасынсыз, орта­сын­сыз, өзінің алды мен өзінен кейінгі­лер­сіз қарастыру дұрыс болмаған болар еді. Мысалы, Абай шәкірттерін, Абай ортасын игермей, зерттемей, Абайды то­лық­тай тану мүмкін емес. Мысалы, Шә­кәрім әле­мін­дегі Абай­ды танымай, Абай­ды тану толық бола ал­майды деп ойлай­мын. Сол сияқты, Көк­бай­дағы Абай, Ақыл­байдағы, Ма­ғауия­дағы, Уайстағы Абай, Абайдың со­ларға ықпалы, сол әсер­ден туған жаңа ұғым, та­ным деген нәрсе тың тұрғыда, жан-жақты ойлануды талап етеді. Де­ген­мен біз бұған әлі де терең бойлай алған жоқ­пыз.
– Сіздіңше, абайтанудың күрделі бо­лу себебі неден?
– Бұл мәселенің күрделі болу себебі Абай­дың өз әлемінің күрделілігімен бай­ла­­нысты. Өйткені әлемдік озық ойлар Абай ойынан, өлеңінен көрініс тапқан. Абай әлемі – батыстық, шығыстық озық әде­­биет­­тің, өнердің, ойшылдықтың қат-қат сыр­­ларымен суарылған әлем, сонымен қа­­лыптасқан, көмкерілген дүние. Оны та­нып-білу, әрине, оңайға соқпайды.
– Ал Абайдың ақын, адам, тұлға ре­тінде қалыптасуының түп тамырын қайдан, неден іздеген жөн?
– Ең бірінші, кез келген тұлға өзінің та­биғи жаратылысымен, болмысымен ерек­ше. Сонымен бірге оның бүкіл білімімен, жи­ған нәрімен, дүниетанымымен астаса оты­рып туған дүниесі, әрине, оңай бол­майды. Өзіңіз білесіз, Абай ақын да, жа­зу­шы да, ағартушы да, қайраткер де болды. Бірақ оның бірде-бір қызметі шы­ғар­ма­шы­лығына кедергі болған жоқ, қайта да­мыт­ты, танымын ұлғайтты. Қайшылық – Абайда емес, қоғамда болды. Абайдың ең ұлы дүниесі – адамды тануға ұмтылуы, адам­ның санасындағы, ұғымындағы қай­шы­лықтармен күресуі болды. Мысалы, «Мың­мен жалғыз алыстым, кінә қойма» дейді. Осындағы «мың» дегенді жұрттар: «Ораз­бай сияқты бай-шонжарлар, зор­лық­­шылдар мен өктем күштер» деп ой­лай­­ды. Алайда олар – тек бір жағы ғана. Шын­­­дығында, бұл – адам табиғатына тән мың мін, толып жатқан кемшілік. Былайша айт­қанда, адамның болашағына зиянын ти­гізетін, дүниетанымын тұсайтын түрлі олқылықтар мен жетімсіздіктер.
– Абайдың өзі сол адами кем­ші­лік­тер мен міндерден ада әрі биік бола алды ма?
– Біздің Абайды «құдай» деп қарауға қа­қымыз жоқ. Олай болатын болса, Абай­да да пенделік бар. Бірақ пенделікті тек қана кемшілік деп кім айтты? Олай болуы мүмкін емес қой.
– Абайдың өмірі қаншалықты мұңсыз болды деп ойлайсыз?
– Абайдың тұла бойы – тұнып тұрған мұң. Әсілі, адамзаттың ойын дұрыстыққа, ізгі­лікке, жаңа бағытқа бастаймын деп, мың мінмен, кемшіліктермен алысып жүр­ген адам қалай мұңсыз болады? Өлеңдерін қарап отырсаң да, Абайдың ерекше бір риза болған, «болып-толдым» деген сәт­тері өте сирек, тіпті жоқ. Титтей кемшіліктің өзін көріп, біліп, танып, аяусыз сынға ала­ды. Ұстараның жүзімен, қандауыр тілмен, қара қанын ағызып тұрып, адамның са­на­сын содан тазартып отырғысы келеді. Бұл жағынан алғанда, Абай – нағыз мұңды жал­­ғыздың өзі.
– Ал, жеке өмірі тұрғысынан алған­да ше?
– Отбасылық мәселеге келгенде, Абай кез келген ата арман ететіндей жақсы ұл­дар­­дың әкесі болды. Мейлі Ақылбай, мей­лі Әбдірахман, мейлі Мағауия болсын, қай-қайсысы да бір-бір тұлға болатын. Тек солардың дүниеден жастай өтуі, өмірінің қысқа болуы Абайдың қабырғасын ерек­ше қайыстырып кетті. Ақынның жарлары да – аяулы аналар. Бірақ олар да кем­ші­лік­тен ада емес. Мысалы, Абайдың: «Жақ­сы ай­ғыр­да бие жоқ ат туарлық» деген сөзі бар. Мұны «жылқы» ұғымында ғана түсінбеу ке­рек, ұрпақ мәселесі ретінде қа­раған аб­зал.
– Өзіңіз айтқандай, Абай ұлда­ры­ның әрқайсысы өзінше бір тұлға бол­ды. Бірақ қандай жағдайда да, «әке – ба­­лаға сыншы» ғой. Мысалы, бала­ла­ры Абайдың көңілінен шыға алды ма?
– Әрине, балаларының бәріне де Абай­дың көңілі толды. Бірақ ақынның пер­­зент­терінен күткен арманы түгелдей орындала бер­ген жоқ. Кейбір міндерін ашық айтты да. Мысалы, «Ата-анаға көз қуаныш» атты өле­ңінде аса талантты ақпа ақын, әнші, күйші Ақылбайдың өзіне мін тағады. Алай­да мұнда тек Ақылбайды ғана сынап отыр­ған жоқ, атаның балаға артар жүгі, үміті турасында сөз қозғап, бү­кіл ұл атаулыға салмақ салып отыр.
– Ал Абайдың дінге көзқарасы, діни ұстанымы туралы не ойлайсыз? Бұл ба­ғыттағы ұстанымы ақынның шы­­ғар­машылығынан қаншалықты көрініс тапты?
– Абай – үлкен дінтанытушы. Бірақ «дін таныту» дегенді біз көп ретте ұға бер­мейміз. Мысалы, дін дегеніміз – сенім. «Ал­­ла» дейміз, «құдай» дейміз. Абай сө­зінде мұның бәрі бар. Дүниеге көзқарас, уа­қыт, мұсылмандық шарттары, сонымен бай­ланысты ақынның өзіндік ойы айты­ла­ды. Тіпті бір өлеңінде «Алла деген сөз же­ңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес» дейді. Қалай дәл айтылған! Расымен де, кейде жай ғана «Алла» деп айта саламыз, еш­қан­дай сезіміміз, жүрегіміз қосылмайды. «Ауызша» деген сол ғой. Ал шын пейі­лің­мен, жан-жүрегіңмен сезініп, ұғынып ба­рып айтсаң, сенсең, сонда ғана жаңағы «Алла» дегенің Хақ болады, яғни бұл жү­рек­тен шығуы тиіс. Абайдың Алла, Тәңір ту­ралы ерекше сөз қозғайтын тұсы – Әб­дірахманның ауруымен байланысты. Бірақ бұл баласы үшін күйінген әкенің сөзі ғана емес, мұнда терең көзқарас бар. Тағы бір өле­ңін алып қарайық:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй
                                          «бауырым» деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті,
– дейді. Қарап тұрсаңыз, осында үлкен қай­шы­лық жатыр. Өйткені дінге салсаң, адам­зат­тың бәрін жақсы көру шарт емес. Тіпті дін жолымен кәпір атаулыға майдан ашып, өлтіруге, қырып-жоюға болады. Ал Абай болса, «адамзаттың бәрін «бауырым!» деп сүй» дейді. Неткен үлкен жүрек! Менің бі­луім­ше, мұндай ойды тіпті Сократ та, Пла­тон да, Аристотель де айтпаған, бұл – Абай­дың ғана аузынан шыққан сөз. Және мұны түсіну – өте күрделі дүние. Мысалы, «адамзаттың бәрін сүй» дей салса да бо­лады ғой. Абай «бауырым деп сүй» дейді. Осы «бауырым» деген нәрсе – әлемдік ой­ға Абай әкелген үлкен жаңалық. Енді 37-ші қара сөзге барыңыз: «Әкесінің баласы – адам­ның дұшпаны, Адамның баласы – бауырың». Бұл – адам танудағы өте тың нәрсе. Шынымен де, әкеңіздің ғана бала­сы болсаңыз, бүкіл дүниені, бүкіл жақсы­лықты әкеңізге тартар едіңіз. Сондықтан да әкенің ғана емес, адамның баласы болу деген – өте абыройлы, жауап­ты парыз.
– Демек, бұдан «Абай кез келген нәр­­сеге философиялық тұрғыдан қа­ра­ды» деген ой туады ғой...
– Бір анығы, Абай кез келген нәрсеге үл­кен мән берген. Бұл – Сократ пен Пла­тон­­нан болмаса Аристотельден Абай озып кетті деген сөз емес, Абайдың әлемдік ой­ға ой қосып, ұлылармен терезесі тең тұр­ғандығының айқын дәлелі.
– Сонда әдебиетші ғалымдарымыз Абай ойының осындай қырларына, ерекшелігіне онша бойламай жүр деп ойлайсыз ба?
– Сөз жоқ, Абайды тану жаңа басталды. Бұған дейін көбінесе ақын өлеңдерін тек мазмұндық, көркемдік жағынан, кезеңдік та­лаптарға орай түсіндіріп келдік. Одан те­ре­ңірек талдауға, салмақтауға ғалым­да­ры­мыздың енжарлығы, керек болатын болса, өресі жетпей жүр. Мына бір өлеңін қараңыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Мы­салы, ыстық қайрат арқылы Мұзды мұ­­хит­­тың мұзын ерітуіміз керек, ол үшін қару керек, ол қару – ақыл. Онда да ол нұрлы ақыл болуы қажет. Өйткені кейде жауыз да дана болып келеді. Енді осының бәрі – қайрат та, ақыл да кімге қызмет етуі керек? Адам­ға. Ал күллі игілікті адамның пай­да­сы­на, онда да сүйіспеншілікпен, ма­хаб­­бат­пен жұмсау үшін, пайдалану үшін жылы жү­рек қажет. Бұл деген ғажап емес пе!
– Мұншама ойшыл, мұншама дана Абайдың шығармашылықтан сырт, би­лікке араласуына не түрткі болды?
– Абайдың билікке араласуына себеп­кер болған,ең алдымен, әкесі Құнанбай. Бі­рақ ойлы, саналы адамдар қоғамның, адам­ның кемшілігін түзету, елді жарқын жолға бастап, жоқ-жітіктер мен әлсіздерге теңдік алып беру үшін, сөз жоқ, билікке ара­­ласады. Мысалы, сайлауға Шоқан да түс­кен, бірақ өтпей қалған. Ал Абай үш рет бо­лыс болған.
– Абайдың «Қазақты түзеймін де­ген адамға зор билік немесе мол дәу­лет керек» деген мағынада айтқан сөзі бар. Бұл жағынан алғанда, Абайда би­лік те, байлық та жеткілікті болды. Со­лай бола тұра, халқын жөнге сала алған жоқ. Керісінше, таяқ жеді. Мұны қалай түсінуге болады?
– Абайдың: «Заманға жаман
                                    күйлемек,
Замана оны илемек,
Заманды қай жан билемек?»
– деген өлеңі бар ғой. Шынымен де, замана еш­кім­нің ырқына көнбейді, тоқтатуға кел­мей­ді, өз ағынымен зулап кете барады. Ал адамның өмір сүргісі келеді. Бірдеңе алып қалу үшін еркіне көнуге, жағынуға тура ке­леді. Былайша айтқанда, күйлейміз. Ал за­манада аяу жоқ. Пендені қалауынша илейді. Оған Абайдың көзі жетті де. Бірақ одан Абай ұтты. Заманның осылай екенін, би­л­іктің опасыздығын, екіұштылығын өлең­дерінде жетер жеріне жеткізе жазды.
Өкінішке қарай, осының бәрін талдап, таразылап жүрген зерттеуші жоқтың қасы. Мысалы, Абай ойларының шәкірттері та­ра­пынан жалғасуы қалай? Бұл ретте, Көк­бай:
Заманды түзетпейді ешкім билеп,
Әркімнің екі қолы ішіне имек.
Ғаламға ақыл патша болған күні,
Теп-тегіс адамзатқа есе тимек,
– дейді. Яғни Көкбай «заманды да түзетуге болады. Ол үшін ақыл үстемдік етуі тиіс. Сол кезде адам­ның құшағы ашылады, ішке тарт­қыш­тық икем жазылады, әділдік орнайды» деген ой айтады. Бұдан Абай ойының шә­кірт танымы арқылы басқаша ұғым ие­ле­нуін көруге болады.
– Әңгімеңіздің басында «Абайдың ор­­тасын, айналасын жете зерт­те­ме­йін­­­ше, Абайды толық танып-білдік деу­­­ге болмайды» деген едіңіз. Осы орайда, Абай ойының, Абай рухының шәкірт­тері шығармашылығынан кө­рі­ніс бе­руін де ескеруіміз керек бол­ғаны ғой?
– Әлбетте. Бірақ біздің абай­тану­шы­ла­рымыз қазір бәрін тындырып тастағандай кейіпте. Шындығын айтқанда, біз қазір Әуезов жеткізген абайтанудың өзін әлі ұғып, игеріп болған жоқпыз. Сөйте оты­рып, қалай дамытамыз? Ал Әуезовтің Абай­ды уа­қыттың ығына қарай түсіндіруге, зерт­­теу­ге мәжбүр болғандығын ескерсек, бізге көп нәрсені қайта зерделеуге тура ке­леді. Мысалы, Әуезов бір еңбектерінде: «Абай жақ­сы байлар, момын байлар дей­ді. Он­дай байлар болушы ма еді? Олардың бәрі де Абайдың өзі арпалысып жүрген бо­лыс, билер, зорлықшылдар емес пе еді?» – дей­ді. Бұл жерде, әрине, Мұхаң Абайды сынап, кемшілігін ашып отырған жоқ, тап­тық құрылысқа әкелу үшін, еріксіз жазып отыр. Шын негізінде, Абайды ұққан бір адам болса, ол Мұхтар Әуезов болуы ке­рек. Ал Әуезовтің өзі бол­са, «мен ештеңе де біле қойған жоқпын, Абай, Абай, Абай ғана бәрін біледі» деп кеткен...
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста