Бүгінгі радио қалың бұқараның өмірінде ерекше маңызға ие. Көшеде де, көлікте де, үйде де еш қиындықсыз тыңдауға мүмкіндік молынан жетеді. Алайда әуені жаныңызға жақса да, хабарларының салмақтылығы талғамыңызға сай келмей, толқыннан толқынға ауысып жүргеніңіз бар. Бірақ соңғы уақытта көпшілік радиосының құлағын «106,5 ҒМ» толқынына жиі ауыстыра бастады. Бұл – таза қазақша хабар тарататын жалқы радио, ұлттың үнбайрағы «Шалқар» арнасы. Жас ұрпақтың санасына сыналай енген, дәл қазіргі уақытта өзге коммерциялық радиолармен бақталаса алатын қазақы радиоарнаның жұмысы жайында «Шалқар» радиосы бас редакторының орынбасары, журналист Жанар Оразымбетқызымен аз-кем сұхбаттасқан едік...
– Бүгінде «Шалқар» қандай бағытта жұмыс істеп жатыр? Кейбіреулер айтып жүргендей, ретро-радиоға айналып кеткен жоқсыздар ма?
– Қазіргі «Шалқарды» мазмұны ұлттық, түр-сипаты нағыз қазіргі заманғы радио деуге толық негіз бар. Өйткені мұндағы хабарлардың барлығы дерлік ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлеріміз бен халқымыздың ұлт болып ұйысуына ерекше ықпал еткен ақындық-жыраулық дәстүрлерді насихаттауда. Сондай-ақ бесік жырындай болып ғасырлар тұңғиығынан жеткен жауһарларымызды халық санасында қайта жаңғыртуға, ұшқан құстың қанаты талар кең-байтақ қазақ даласының табиғаты, оның шежіреге толы тарихы жайлы ғибратты әңгіме, ұлтымыздың өзіне ғана тән болмыс-бітімі мен әдет-ғұрпы жайлы толымды ойлар өрбітуге негізделген.
Осыған дейін «Шалқар» шал-кемпірдің радиосы деген түсінік қалыптасып келді. Алайда бүгінгі «Шалқар» ұзын сонар әңгімеге құрылып, іш пыстыратын хабарлардан ғана тұратын ескі сарындағы, қасаң радио емес. Ұлтымыздың үнбайрағы «Шалқар» радиосы «ғасырлардың көзі» болып қана қоймай, нағыз халық үшін қызмет ететін, заман ағымына сай, қоғам көшіне үн қоса алатын, үлкеннің де, кішінің де, жастың да, жасамыстың да сүйіп тыңдайтын радиосына айналған. Әрине, жастардың радиосы дегенде, бұл ұлттық арнаны даңғаза музыка, жеңіл-желпі әңгіме, сайқымазақ сұхбатқа айналдыру деген сөз емес. Радио – тәрбие құралы. Оған сөз жоқ. Бүгінгі жастар өзіне керекті барлық ақпаратты да радиодан алады, жаны қалаған музыканы да радиодан тыңдайды. Өйткені радио жұрттың бәріне қолжетімді ақпарат құралы емес пе?!
– Жастар демекші... «Шалқар» радиосының жастар тәрбиесіне қосып жатқан үлесі жайында не айтар едіңіз?
– Қазір радио көп, ақпарат көздері де сан алуан, жұрттың көпшілігіне ғаламтор қолжетімді болатындай жағдайға жетіп қалдық. Сол себепті ешкімге өз радиоңды зорлап тыңдата алмайсың. «Тыңдаушысыз сөз жетім» демекші, егер тыңдарманың болмаса, сенің айтып жатқаныңды естір құлақ болмаса, қаншама журналистің еңбегінің зая кеткені емес пе?! Әрине, «Шалқар» радиосын жанына серік етіп, үзбей тыңдайтын тыңдармандар жетерлік. Ел алдында жүрген ақын-жазушы ағаларымыз, саясаттанушылар, қоғам, өнер, мәдениет қайраткерлері хабарласып, үнемі өздерінің «Шалқарға» деген жақсы ниеттерін білдіріп, алғыс айтып жатады.
Бұл, әлбетте, біздің журналистеріміздің ізденісінің жемісі болса керек. Дегенмен болашақ жастардікі ғой. Біздің ұлт болып қалайық, қазақ болайық, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық деп жар салғанымыз жастардың құлағына жетпесе, оларды тыңдата алмасақ, жастарды тарта алмасақ, онда істеп жатқан тірлігіміздің бәрі бекер емес пе?! Осы жерде тағы бір нәрсе бар. Бүгінгі жасты құрғақ ұранмен, қызыл сөзбен ұйыта алмайсың. Қазіргідей заман күн сайын мың құбылып, көз ілеспес жылдамдықпен өтіп бара жатқан уақыттың көшіне әзер ілесіп отырған кезде бұрынғыдай ұзын сонар, ақылгөйсіген әңгімеге құрылған хабарларды, оның үстіне ешқандай эмоциясы жоқ, алдын ала таспаға түсіріліп алынған хабарларды тыңдату қиын. Сол себепті біз мейлінше тікелей эфирлердегі хабарлардың санын арттыруға тырыстық.
– Радио ақпарат пен әуеннен тұрады. Қазіргі уақытта «Шалқар» радиосының ұстанып отырған музыкалық саясаты қандай?
– «Шалқар» ұлттық бағыттағы радио болғандықтан, біздің ең басты мақсатымыз – халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттау. Дей тұрғанмен, жаңа айтып өткен мәселеге қайта оралғым келіп отыр, «Шалқардың» аудиториясы өте кең. Сол себепті біздің музыкалық эфиріміз тек дәстүрлі әндер мен күйлерден тұратын болса, біз өзімізді тыңдауға құлықты жас тыңдармандарымызды жоғалтып алуымыз мүмкін. Үнемі дәстүрлі ән-күйді ғана тыңдай беру жұртты жалықтыратыны да жасырын емес. Тіптен бұрынырақта жазылып, Қазақ радиосының «Алтын қорына» алынған әндердің көпшілігінің сапасы төмен болса, кейбір орындаушылардың орындауындағы әндер, әннің өңделуі бүгінгі тыңдарманның талғамынан шыға бермейді. Сол себепті кейде 50-70 жылдар әндерінің жаңа өңдеумен жасалған нұсқасын беруге тура келеді. Алайда бұл бұрынырақта шырқалып, қорымызда сақталған ән-күйлерден мүлде бас тарту деген сөз емес. Ол – біздің өнеріміздің, музыкамыздың тарихы. Оны ұрпақ санасында үнемі жаңғыртып отыру қажет. Бірақ айта кету керек, көшеден келген, ешқандай музыкалық талаптарға сай келмейтін, мән-мағынасы, мазмұны жоқ әнсымақтарға біздің толқынымыздан орын жоқ.
– Тыңдарманның тікелей толқында жүретін бағдарламаларға ықыласы ерекше. Бүгінгі радиожурналистер көпшіліктің осы сенімін ақтап отыр ма?
– Тікелей эфир жанып тұрған от деуге болады. Тікелей эфир – журналистің шеберлігінің, оның бүкіл болмысының, ұстамдылығының, қиыннан қиыстырып, сөз тауып кететін кәсіпқойлығының сынға түсетін сәті. Мен тікелей эфир жүргізу шеберлігі ұзақ жылдар бойы үздіксіз ізденістің, тәжірибенің арқасында ғана келетін нәрсе дейтін едім. Жалпы, «микрофонның мысы» деген болады. Табан аудармай радиода қызмет еткен он жылдан аса уақыт ішінде мен ел алдында жүрген ағаларымыз бен азуын айға білеп, үлкен-үлкен мекемелердің тұтқасын ұстаған әкім, кәсіпкер, «бастық» көкелеріміздің талайымен тікелей хабар жүргіздім. Солардың көпшілігі тікелей эфирден жүрексінетінін жасырмайды. Тіптен хабар барысында тізесі дірілдеп, екі сөздің басын қосып айта алмай, асып-сасып қалатын кездері де аз емес. Ал журналистер үшін де тікелей эфирге етін үйрету оңайға түсе қоймайды. Жас журналистердің өз бойындағы қорқынышын жеңуі үшін де бірталай уақыт қажет болады. Өйткені тікелей эфир – не болса соны жосылта сөйлеп, қызыл тілге ерік беру емес, ол – үлкен жауапкершілік. Алайда тікелей эфирдегі хабарларға деген халық ынтасының соншалықты зор екендігіне қарамастан, жасыратыны жоқ, оның жүргізушілерінің еңбегі елене бермейді. Тіптен қалам ұстағандарға арналған толып жатқан сый-сияпат, құрмет-марапаттардың ішінде тікелей эфир жүргізушісіне арналған бірде-бір аталым жоқ екен.
– Бұл құлаққағыс па, әлде наз ба?
– Ара-тұра әлдеқандай бір сыйлыққа, марапатқа ұсыну керек болса, бұған тікелей эфир жүргізетін журналист ілікпейді. Себебі тікелей эфирде айтылған сөз – атылған оқпен тең! Ол еш жерде жазылып алынбайды. Ешқандай қорда сақталмайды. Сол айтылған жерінде қалады. Оны саралап, салмақтап, жүргізушінің шеберлігіне, ойының тереңдігіне, тікелей эфирде өзін-өзі ұстап, тыңдарманды өзіне ұйыта білу қабілетіне баға беріп, бағамдап жатқан ешкім жоқ. Бұл айтқанымды наз деп қабылдасаңыз да, құлаққағыс десеңіз де – еркіңіз...
– Әңгімеңізге рақмет!
Бір сәт
Кезінде жаңалықтарды бір ер адам, бір әйел адам болып екі дауыспен алмасып оқитын. Ер дауыспен жаңалық оқитын Аманжан Еңсебаев, Ласкер Сейітов, Омархан Қалмырзаев сынды дикторлардың дені бүкіл қазақ даласын өз үнімен әлдилеп келген Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірттері болды. Сол кісілермен қоян-қолтық жұмыс істедім. Мен кесте бойынша көбіне Омархан ағамен шығатынмын. Ол кісі кейде таңғы эфирге келмей қалатын. Кім білсін, бәлкім, мені жалғыз өзі шығып, төселсін, эфирге бойын үйретсін дей ме екен?«Әй, қыз, сен өзің қатыра сал. Сен деген бәлесің ғой. Ағаң үйден шыға беріп, арықтан өтемін деп, тайып жығылып...» – дей салатын.
Сондай күндердің бірінде мені үйінде отырып, мұқият тыңдаған Омархан аға жұмысқа келген соң мені қасына отырғызып алып: «Жанаржан, сенің дауысың – құлаққа жағымды, кәдімгі қазақи қоңыр дауыс. Жаңалықты осы дауысыңмен бір адамға әңгіме айтып отырғандай етіп жеткізсең жетіп жатыр. Рас, сені алты миллион адам тыңдап отырған болуы мүмкін қазір. Бірақ сені олар үлкен ғимаратта бәрі бірге отырып тыңдап отырған жоқ қой. Олардың әрқайсысы жеке тыңдап отыр емес пе? Сондықтан радиодан айтатын әр сөзіңді тек бір адамға ғана қаратып айтсаң болғаны. Радио арқылы бір адамға арнап айтқан сөзің миллиондардың жүрегіне жетеді. Айғайлап, ұрандап сөйлеудің еш қажеті жоқ», – деп ақылын айтқан еді. Ұстаз ағаның осы сөздері әркез менің жадымда тұрады. Қазіргі кезде Омархан ағаның осы әңгімесін жұмысқа жаңадан келген жас журналистерге құлаққағыс ретінде айтып отыратын болдым.