Қараңғылықты қақ тіліп, айналасына жарық нұр шашу арқылы сананы сәулелендіру ұстаздықтың ұлы миссиясы десек, онда «Менің атым Қожадағы» Рахманов ағайдың «Мен Сұлтанның шамшырағын жаға алмадым-ау...» деген кейісін терең түсінер едік. Осы тұрғыдан алғанда, шәкірттерінің өзі Нұрқанат Жақыпбай, Мәлік Сапаров, Мәулен Әшімбай, Дархан Қыдырәлі, Тоқтар Серіков, Танакөз Ілиясова т.б. қазақтың қадау-қадау тұлғаларына айналған Орынша Қарабалинаны ұлағатты ұстаз деп тайсалмай айтуға болады. Талай-талай шәкірттердің шамын жағып, үміт шоғын үрлеген ұлағатты ұстаз, аяулы ана, Ұзақбай Құлымбетовтей ұлтымыздың ардақты тұлғасының ұрпағы Орынша Қарабалина биыл 80 жастың сеңгіріне шықты.
Бала жанының инженері
«Әліпті таяқ деп білмейтін сәбиден саналы азамат шығарған ұстазды ұмытып, өзін осы күйде туыла салғандай сезіну пенде біткенге тән тірлік пе екен?.. Менің әлі өз үйімнен басқа жер көрмей, атамнан басқа адамның қасында қала алмайтын жабайы, жылауық кезімді көрген, біріне-бірі үйлеспейтін қисық-қыңыр таңбаларымды ерінбей әріпке айналдырған алғашқы ұстазым қайда, қандай тірлік кешіп жүр екен?.. Сәт сайын құбылған дүниенің бір қиырында бар ма, әлде?.. – осындай ойдың тұңғиығына батып кетсем керек, көлігіміз Орынша апайдың қақпасының алдына келіп тоқтағанда, әлдекім ұйқымнан оятып жібергендей селк ете түсіппін. Алыстан алты жасар бала келе жатса да алдынан шығатын ұстаз дегеннің ұлылығы сонда болса керек. Есік алдында күлімсірей күтіп тұрған адамды көргенде, жүрегім тулап қоя берді, себебі қарсы алдымда Орынша Қарабалина емес, өзімнің бір кездегі алғашқы ұстазым тұрғандай болды.
– Мұғалім деген көп болуы мүмкін, балам, бірақ нағыз ұстаздар өте аз, – деп бастады әңгімесін ұстаз, – кей мұғалімдер бар, өз пәнін жақсы біледі, бірақ оны оқушыға жеткізе алмайды. Баламен арада байланыс жоқ. Өзі тоқтамай сөйлей беріп, тек арасында «қозғалмай, тыныш отыр» немесе «тақтаға шық» деген сияқты сөздер баламен байланыс орнату деген сөз емес. Ғабит Мүсіреповтің айтқаны бар ғой: «жазуды тоқтатқан күн – жазушының өлгені» деп, сол айтқандай, оқуды тоқтатқан күн – ұстаздың өлген күні дер едім мен. Кезінде біз тіпті оқулықта жоқ деректерді архивтен іздеп табатынбыз, сағаттап сол жерде отыратынбыз. Себебі ол кезде баспасөз де жұтаң болды, әсіресе қазақ тарихы жайлы оқулықта тым аз еді, қайдан аламыз? Архивтен. «Жазушы – адам жанының инженері» десе, мұғалім – бала жанының инженері. Баланы түсіну керек, ұғу керек, алдыңда бала отыр, ол сені бағып отыр ғой. Ал оған «ой, бала ғой» деп қараған ұстазда бедел қалмайды.
Десе дейтіндей-ақ орны бар, себебі Орынша Қарабалина – осы салаға өзінің 57 жылын арнаған ардагер ұстаз. Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері. Педагогтер өмірінен сыр шертетін «Ұстаз бақыты», «Ұстаз жүгі қашанда ауыр» секілді кітаптар мен өз өмірі, қилы кезеңдерде көрген қиындықтары жайлы жазған «Тағдыр» және «Жүрек сыры» кітаптарының авторы. Сондықтан осы бір аяулы жанның аузынан педагогтік шеберлік жайлы бірауыз сөз шықса, ұстаз біткен қағып алса керек-ті, – «45 жыл мектеп табалдырығын әрі-бері аттап жүрсе де, 45 минуттық сабақ бере алмайтын мұғалімдер бар» деп жазды бір кездері Орынша апай. Сол ойын әрі қарай былай сабақтады: «Шеберлік – өз алдына, педагогикалық әдеп керек, ол – оқушыны сыйлау деген сөз. Сөз саптауың, дауыс ырғағың, қас-қабағың, жүріс-тұрысың – бәрі оқушыға үлгі. Ал егер өзің тарс-тұрс етіп жүріп келе жатып, алдыңнан дәл сондай жүріспен шыға келген балаға «жайлап жүр, бұл мектеп қой» десең, сенде қадір қала ма? Неге қазір балалар арасында суицид деген көбейіп кетті? Бұған педагогтердің де кінәсі бар дер едім мен. Өйткені мектептерде мұғалім мен баланың арасында диалог жоқ. Қандай қиқар болмасын, бала – еліктегіш жан, ендеше, еліктіру керек, «мен де сондай болғым келеді» дейтін кейіпкер тауып берейік біз оған. Ата-ана да баласымен сөйлесе алмайды қазір, содан келіп суицид немесе кәмелетке жетпей аяғы ауырлап қалу деген сияқты оқиғалар көбейіп кетті. Ата-ана өз баласын танымайды қазір. Кешке дейін жұмыста, сол аралықта баласының немен айналысып, нендей жағдайларға ұшырап жатқандығынан бейхабар. Тұрмыс қиын дейді, бірақ мен онымен келіспеймін, біз нағыз аштықты да көрдік, соғысты да көрдік, бірақ жаман болдық па? Бір тілім нанға зар болдық. Ал қазір, шүкір, ондай жоқ қой?!»
Баукеңнің жанарынан табылған әке рухы
Біз тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деп адамның шығу тегіне мән беретін халықпыз. Тек деген дүние, расында, тегін емес. Осы жағынан келгенде Орынша Қарабалинаның тегінен тапқаны да, тартқан азабы да аз емес. Әкесі Ұзақбай Құлымбетов ХХ ғасыр басындағы қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу үркердей тобымен бірге ұлт қамын жеді, Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда қолынан келгенше елге шарапатын көрсеткен сол бір азамат та 1937 жылғы қиянаттың кесіріне тап болған арыстардың қатарында айдалды да кетті. Не өліде, не тіріде жоқ әке рухына ең құрығанда Құран бағыштарлық қабір де таппай жан жары Әйеш пен әлі ес білмеген балалары қала берді. Ал ең қиын соққаны – алдында ғана «Ұзекеңнің балалары» болып жүрген балаларға аяқ астынан тағдыр тостағаны аунап түскен соң, «халық жауының бөлтіріктері» деп ел-жұрттың көзге шұқуы еді. Сондай, тіпті одан да басқа сөзбен айтып жеткізгісіз қиындықтарды көзбен көрген Орынша апайдың сонда да тағдырына нала айтып отырғанын көрмедім.
– Жалпы, өмірде мен өзімді бақытты адамдардың қатарына жатқыза аламын. Өйткені өмірде қателеспеу керек екі нәрсе болса: бірі – мамандық таңдау, екіншісі – жар табу, мен солардың екеуінен де қателеспеген жанмын, шүкір. Өмірлік жарым қазақтың біртуар азаматы, журналист, қаламгер, қайраткер Кәкімжан Қазыбаевты елі ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Ұстаз болуыма, сондай-ақ қолыма қалам алып, білім мәселесін, ел мәселесін жазуыма, жалпы, бүгінде абыройлы бір адам болсам, сол жолда жолдасымның көп көмегі тигенін мақтанышпен айта аламын. Қазақтың арқа тұтар қаһарманы Бауыржан Момышұлының үйіне келін болып түстім. Өз ұлын «сары балам» десе, Баукең Кәкеңді «қара балам» деп, екеуін теңдей жақсы көрді. Нәргүлім, Нұртасым, Батырым туғанда да бізбен бірдей қуанып, жалпы, өле-өлгенше бізден өзінің Алатаудай аталық мейірімін аяған жоқ. Баукеңмен бірге бір жерге барсақ, кеудемізді керемет мақтаныш кернеп тұратын. Әскери киімін киіп шыға келгенде, паһ, шіркін, артына бұрылып қарамайтын адам қалмайтын шығар, сірә! Жазушылар, журналистер, тіпті мектеп оқушылары шақырса да, кездесуден қалмай баратын. Бізге сондай үлкен көрінуші еді, сонда небәрі 40-тың қырқасынан жаңа асқан азамат екен ғой. Мен келін боп түскенде өзі – 47-де, кемпірі Жамал апамыз небары 42-ақ жаста екен. Әділетсіздікті жаратпайтын, ойы таза емес адамды бірден танып, сондай адамға мінезін көрсететін ол кісі. Ол жайлы Кәкең өзінің «Найзағайдай жарқылдап» деген мақаласында «Баукеңнің сұқ қолын көрсеткені – есікті емес, төрді нұсқағаны, ол кісінің айғайлағаны – еркелеткені» деп жазды ғой. Себебі «Баукең айғайлайды» деген пасық сөздер көбейіп кеткен-ді бір кездері. Сондықтан менің өмірім Кәкеңнің арқасында, шүкір, бақытты өтті.
Қошқарбайдың Рақымжаны және соңғы аманат
Екі сағаттай әңгімелесіппіз ұстазбен, бірақ бұл уақыт бір деммен өте шыққандай. Әсері де сонша, тіпті қоштасып шықсам да, көз алдымда әлгінде айтылған жайттар әлі тұрды. Тұтас кино дерсіз... Аласапыран дүние. Қып-қызыл қанға бөккен далада қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді. Бұл 1945 жылғы Берлин еді. Қол созым жерде – неміс Рейхстагы. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, сол иек астындағы жерге жету де алдырмас асуға айналатын кез болады екен. Әсіресе ол шешуші кезең болса... Төрт жылға созылған қантөгіс соғыстың соңғы нүктесі қойылуға таяу, бірақ төрт жыл шайқасқа жеткен күш ең соңына келгенде... «Жо-жоқ, мүмкін емес, Кеңес әскері мұншалық күйреуік емес, тіпті соңғы тұяқ серпу болса да, туды тігіп, сосын барып жантәсілім ету керек!» Бұл – өрімдей жас қазақ баласы Рақымжанның ойы еді. Жанып жатқан от пен өрттің, толассыз төпелеген оқтың ортасында өліммен бірме-бір айқаса жүріп, Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Қошқарбайдың Рақымжаны жайлы Орынша Қарабалина осы сұхбатта біраз ой толғаған болатын.
– Баукең арқылы Рақымжан Қошқарбаевпен танысып, етене жақын араластық, – деді ұстаз, сосын біраз кідірді. Ойға батқан жанарынан өткен күннің елесін іздеп мен отырдым. – Негізі, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккендігі жайлы 1946 жылы айтылған да, сол күйде қалған ғой. «Мен батырмын, маған неге атақ берілмейді» деген былай тұрсын, Рақымжан ағамыз соғыс біткен соң Мойынтыға қайтып, теміржолда қара жұмысшы болып қана істеген, ешкім оны қаһарман деп ойламаған, ол кісі де ешкімге барып кеуде кермеген. Бертінде ғана, ел біраз бейбіт өмірге үйрене бастағанда ол кісі Алматыға Баукеңе сәлем беруге арнайы келеді. Ол 1957 жыл еді. Ал батыр атамыз қара баласын шақырып алып: «Кәкімжан, осы сен журналиспін дейсің ә, олай болса неге Рақымжандай азаматты білмейсің? Мен де соғысқа қатыстым, дивизия басқардым, бірақ дәл Рақымжан көрген тозақты мен көрген жоқпын. Ол жанып жатқан оттың ішінен жанын шүберекке түйіп, Рейхстагтың терезесіне алғашқы туды тіккен қазақ баласы, сен сол жайлы деректі тап, жаз», – деді. Жай жаза салған жоқ, Кәкең архивті ақтарып, әр сөзін дәлелдейтін дерек тауып, ақыры ақиқатты жарыққа шығарды. Бір кездері Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығын тойладық қой. Сонда Кәкең хатшы еді, өзі басқарды. Димекең мен Брежнев үстел басында қатар отырғанда, Димекең Р.Қошқарбаев жайлы әлгі жайтты айтқан. Сонда Леонид Ильич «Тарихты қайта қопармай-ақ қояйық» деп, сол жерде әңгімені жауып қоя салған. Одан кейін Кәкең де қайтыс болды. Бірақ Кәкең өзі кететін соңғы сәтіне дейін Рақымжан Қошқарбаевтың атына бір емес, бірнеше қаладан көше бергізіп, тұратын үйіне ескерткіш тақта орнату туралы Орталық комитеттің қаулысын шығартып кетті. Дәл қайтыс болатын күні маған ауруханадан қоңырау шалып, осы бір қуанышты хабармен бөліскен болатын. Артынша арыстай азаматымның қаралы хабары жеткенде, жаңа ғана тілдескен оның мына өмірде жоқтығына сене алмай, есеңгіредім де қалдым, аяқ астымдағы жер шыр айналғандай болды...
Түйін
Осылай дегенімен, құрыштай төзімді, болаттай берік Орынша Қарабалинаны тағдырдың мұндай сынағы да күйрете алмаған еді. Қайғырды, бірақ қайта қайраттанды. Өз бойындағы бар күші мен мейірім, махаббатын өз балаларына ғана емес, ұстаздық жолдағы шәкірттеріне беруді жалғастыра берді. Бүгінде ұл-қыздарын ұясы мен қиясына қондырса, шәкірттерін өмірдің сан тарауына қанат қақтырды. Ұстаз өз кітабында жазған академик М.А.Лаврентьевтің «Сіздердің алдарыңызда ертеңгі Курчатовтар, Королевтер отырған шығар. Солардан көз жазып, соларды аңғара алмай қалып жүрмейік» деген қағидасын жасынан өз көкейіне түйіп, тәжірибе барысында берік ұстанған сыңайлы. Орынша апайдың әңгімені тамамдар тұста айтқан «Менің емханам – мектеп, дәрігерім оқушылар болды. Қаншалықты қатты ауырып тұрғанымда да мектепке барсам, жазылып кететінмін» деген сөзі санамда қалып қойғандай... Ұстаздар-ай, неткен асыл жан едіңіздер?! Бар даусыммен күллі әлемге: «Тік тұрып, қошемет көрсетейік, ұстаз келеді!» деп жар салғым келеді.