Диалог Еуразия платформасының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» аталатын әдеби-танымдық жобасы аясында «da Қазақстан» журналының редакциясында кезекті бір кездесу болып өтті.
Әдеби кездесудің бұл жолғы басты қонағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың көрнекті ақыны Темірхан Медетбек болды. Ақынның сөзін тыңдауға біраз қаламгерлер мен студент жастар жиналды. Көне түркілік сарындарды бүгінгі поэзиямен ұштастырып жүрген ақынмен болған кездесуді белгілі жазушы-аудармашы, ұйым жетекшісі Мәлік Отарбаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Оқырмандар алдында көптеген сұрақтарға жауап берген ақын Темірхан Медетбекұлы, қазіргі ұлттық руханият төңірегінде, қазақ өлеңіндегі жаңашылдықтар туралы аз-кем өз ой-пікірін ортаға салды. Кездесу барысында ақын тебірене жыр оқып, кейінгі жас буын қалам иелерінің де өлеңдері мен ұсыныс, тілектеріне құлақ түрді.
Кезінде әдеби ортада үлкен резонанс тудырған «Алтын көпірліктер» атты сын-мақала жазған қайраткер ақын, бұл жолы да артынан ерген қаламгер іні-қарындастарына ілтипат білдіріп, қайратты сөздер айтты. Өзара пікір алмасу мен екіжақты диалогқа құрылған кездесуді «da Қазақстан» журналының бас редакторы, талантты ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы қорытындылап, Темірхан Медетбекұлының редакцияға сыйлаған үш томдық кітабын қабыл алды. Кешті ұйымдастырушылар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қалыптасып, дамуына өзіндік үлес қосып жүрген шығармашылық адамдарымен кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатындығын айтып өтті.
Темірхан ақынды тыңдады
Последние статьи автора