Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы, көсемсөз иесі, Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі һәм бірегейі Темірбек Қараұлы Жүргеновтің есімі тек қана исі қазаққа ғана емес, тұтас түркі жұртына мәлім. Ел басына түскен ашаршылық жылдар ауыртпалығын жоюға, халықтың рухын көтеріп, еңсесін тіктеуге Қазақстан үкіметінің Халық ағарту комиссары қызметін атқарған жылдары (1933-1937) зор еңбек сіңірді. Ол осындай азғана уақытта өзінің жеке басының уақытымен санаспай, комиссариат жұмысын ұлттық мәдениет пен ағарту саласын өркендету штабына айналдырады. 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының I слетін, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен мәдениетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды.
Биыл туылғанына 115 жыл болатын қазақтың осындай ардақты ұлының азаматтық болмыс-бітімі мен атқарған көпсалалы қоғамдық қызметін жан-жақты ашатын еңбек, шығармашылық келбетін сан қырынан танытатын құнды зерттеулер мен Т.Жүргеновтің артында жазылып қалған әдеби мұралары жинақталып, өткен жылдың аяғында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты Бауыржан Иманғалиевтің біраз жылдардан бері зерттеп жазып жүрген еңбегі жаңа кітап болып оқырман қолына тиді.
440 беттен тұратын кітапта автор өз зерттеу объектісі болған Т.Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығына байланысты көптеген дереккөз бен бағалы құжатты өзімізде сақталған және көрші Өзбекстан Республикасы мұражайлары мен мұрағаттарынан алып, ғылыми айналымға енгізу арқылы, бұған дейін қалың қазақ білетін Т.Жүргеновтің адами болмысын бұрын таныс емес соны қырларымен жан-жақты ашып, шынайы келбетін дараландыра түскен. Қоғам қайраткерінің азаматтық ажары мен қаламгерлік қарымы жекеленген екі тарауда қарастырылып, жас Қазақ Республикасының азамат соғысы, ұлтшылдық таңбасы тағылып, Алаш қайраткерлерін алып кеткен алғашқы репрессия толқыны, халықты баудай қырған ашаршылықтан ес жия бастаған кезеңде ел еңсесін көтеруге жасаған қажырлы еңбегі таратылып айтылады. Зерттеуші жинақталған мол материалдар негізінде Т.Жүргеновтің қазақтың ұлттық құндылықтарын жоғары бағалаған қоғам қайраткерлігі, мемлекетшілдігі, ұлт тіліне, өнері мен мәдениетіне шынайы жанашыр бола білген келбетін толыққанды сипаттай білген. Үшінші тарауда республикамыздағы өзге де ізденушілердің Т.Жүргенов туралы зерттеу мақалалары мен естеліктері топтастырылған.
Келесі екі тарауда қайраткердің әдеби-саяси публицистикалық мұралары мен республиканың оқу-ағарту, мәдениет т.б. көптеген саласы жайлы баспасөз бетінде жарық көрген зерттеу мақалалары топтастырылыпты. Халық ағарту комиссары екі бірдей, қазақ-орыс тілінде жазғандықтан кітапқа енген мақалалар да қос тілде қатар берілген.
Арыс ағалардың елі мен жері, қазақ халқы үшін жасаған жанкешті еңбегіне қандай құрмет көрсетсе де лайық. Зерттеуші Б.Иманғалиевтің бұл кітабы – ХХІ ғасырдағы жүргеновтану ғылымына қосылған сүбелі үлес және өз оқырманын табады деген үміттеміз.
Амангелді МҰҚАН, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты