Бекен СӘБЕНҰЛЫ, актер:
Қалың жұртшылыққа Бекен Сәбенұлының өзінен бұрын даусы танымал. Өйткені «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Шыңғысхан», «Бейбарыс сұлтан», «Жумоң ханзада», «Зерда» фильмдеріндегі Шыңғыс хан, Бейбарыс сұлтан, Жумоң ханзада, Шахин төре сияқты басты кейіпкерлер Бекеннің дыбыстауында қазақ көрерменімен қауышты. Өзіндік бояуы бар майда қоңыр үні құлаққа ерекше жағымды талантты актер сондай-ақ «Беривандағы» Фархад пен Әли, «Асыл мұраттағы» Орхан, «Іңкәр сезімдегі» Альберт рөлдерін де дубляждады.
Ал шетелдік әйгілі телехикаялардың кейіпкерлерін қазақша сөйлеткен Бекен Сәбенұлының өзі жайлы біз не білеміз? Ол дубляжға қалай келді, кейіпкерінің жандүниесін, мінез-құлқын, болмысын дауыс арқылы беруге қалай машықтанды? Өзі дыбыстауға қатысқан телехикаялардың мән-маңызы, көркемдік сапасы жөнінде не ойлайды? Бұл жөніндегі актердің сыр-сұхбаты төмендегідей мазмұнда өрбіді...
Мінезді кейіпкерлер ұнайды
Өнерге деген қызығушылығым 6-7 сыныптарда оқып жүргенде оянды. Сөйтіп, домбыра, гитара, баян аспаптарында ойнауды үйрендім, әншілікке де ден қойдым. Мектепті бітірген соң, алдымен Есік педагогикалық колледжінің музыка факультетінде, одан кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының кино факультетінде, Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың сыныбында білім алдым. Одан кейін Қостанай, Астана драма театрларында жұмыс істеп, 2003 жылы Алматыға келдім. Сол уақыттан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актерімін. Сонымен бірге, «Қазақстан» ұлттық арнасының дубляж бөлімінде жұмыс істеп жүргеніме де алты-жеті жылдың жүзі болды.
Дубляж жасауды үнді фильмдерінен бастадым. Ауылда өскендіктен бе, бастапқыда шетелдік есімдерді айтуға тілім келіңкіремейтін. Бірте-бірте бәріне төселдік. Бүгінде тіл жағынан соншалықты қиындық жоқ. Бірақ жұмыс барысында қызықты жайттар болып тұрады. Бірде әріптесім екеуміз корей фильмін дыбыстап отырғанбыз. Кенет алдымыздағы мәтін жазылған парақтан «атёй» деген жазуға көзіміз түсті. «Бұл не тағы? Байқамай жазылып кеткен болар» деп, оқымай тастап кеттік. Келесі параққа көшкенде жаңағы сөздің бірнеше жерде кездесетінін байқадық. Сөйтсек, ол көшенің аты екен. Сөйтіп, бір сөзге бола, бүкіл жұмысымызды басынан бастауға тура келгені бар.
Дыбыстаған кейіпкерлерімнің ішінде Бейбарыс сұлтанның бейнесі ерекше ұнады. Арабтар мен сириялықтар бірігіп түсірген телехикаяның басты рөліне де мықты актер таңдап алынған екен. Сол сияқты, «Жумоң ханзада» да өте жақсы түсірілген. Ондағы актерлер де шебер ойнайды. 80-нен астам бөлімнен тұратын телехикая еш жалықтырған жоқ. Көрермен қаншалықты көруге қызықса, біз де соншалықты дыбыстауға асықтық. Өзіме корей телехикаялары ұнайды. Мәдениетіміз бен ұрпақ тәрбиелеудегі көзқарастарымызда ұқсастықтар бар сияқты.
Телехикаялардың ішінде қазақтың Бекеніне ұқсайтын талай түрік, корей ағайындар кездесті. Әрқайсысында менің бір-бір қасиетім бар. Маған, негізі, лирикалық және мінезді кейіпкерлерді дыбыстаған ұнайды.
Сериал да – саясат
Жалпы, мықты режиссер, талантты композитор, ізденімпаз суретші және білікті актерлерден құралған топ өзара біріккенде ғана дүниеге жақсы туынды келмек. Қытайлар түсірген «Шыңғыс хан» телехикаясында осы алғышарттардың бәрі сақталған деуге болады. Шыңғыс хан туралы «қатыгез қолбасшы» деген түсінік бала кезімізден санамызға сіңіп қалғаны рас. Ұлы қағанды дыбыстау арқылы ол пікірім түбегейлі өзгерді. Ел басқару, қолбасшылық ету – екінің бірінің қолынан келмейтін өнер. Қытайлықтар осы фильм арқылы Шыңғыс ханның барлық әрекетін ақтауға, сөйтіп, бейнесін ұлықтауға тырысқан сияқты. «Шыңғыс ханның шығу тегі – түркі, тіпті қазақ» деген әңгімелерді де естіп жүрміз. Егер көрерменнің есінде болса, «Жумоң ханзаданың» соңғы сериясында Жумоң жайлы ақырғы сөз айтылып келеді де, «дүниеге оның баласы келді, аты – Тэмужин» дейді. Ал Шыңғыс ханның шын аты Тэмужин болғаны тарихтан белгілі. Көрдіңіз бе, корей ағайындар да әлемді дүр сілкіндіруші ұлы қолбасшыны нәзік саясат арқылы өздеріне тартуға тырысқан.
Телесериалдар жөнінде кейде теріс пікірлер де айтылып жатады. «Елдің санасын улайды, күнделікті өмір шындығынан алыстатады» дейді.
Өз басым мұнымен келіспеймін. Рас, жасанды, жадағай оқиғаларға құрылған арзан сериалдар да жоқ емес. Бірақ сондай-ақ жақсылыққа жетелейтін, мәнді, мазмұнды телехикаялар да жеткілікті. Егер ол сондай тәрбиелік мәні зор дүние болса, неге көрмеске?! Сондықтан сапалы дүниелерді дұрыс таңдап, талғап ала білу керек. Сосын дыбыстағанда да үлкен шеберлік, жауапкершілік танытып, көрерменге ұсынар әрбір фильмге мұқият ден қойсақ, ұтылмасымыз анық.