Бұған дейін өз қызметі Ата Заңмен, арнайы салалық заңымен реттеліп келген бұқаралық ақпарат құралдарына ендігі күні «Теле-радио хабарларын тарату туралы» жаңа заң қосылатыны белгілі. Сөз бостандығы туралы сөз саптап, БАҚ еркіндігі мәселесін баптап үйренген қауым біледі – бұл заң жобасы біраздан қызу талқы үстінде. Шикі жобаның әлі қанша қайнауы қалғаны белгісіз. Заң жобасын әзірлеуші тарап «жыл соңына дейін пысықтап, сосын Парламентке ұсынамыз» десе, «асықпайық» деп ақыл айтушылар да бар. Әйтсе де, ең бастысы – құжатты талқылауға мүдделі тарапты жұмылдыруға жағдай жасап, әр алуан пікірді есту. Сосын ортақ шешім қабылдау. Дәл осындай сындарлы сұхбатқа құрылған жиын кеше елордада «Теле-радио хабар тарату мәселелерін реттеу және азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізуге құқығы» атты тақырыпта өрбіді.
Пікір таластыратын форматтағы ашық алаңға заң жобасын әзірлеуші Байланыс және ақпарат министрлігінің өкілдерінен бастап, сөз бостандығының сойылын соғып жүрген қоғамдық бірлестіктер, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ осы өлшемдегі ЕҚЫҰ-ның алтын стандарттарын арқау ететін ұйым өкілдері атсалысқан болатын. Негізгі тақырып айқын – телеарналар қызметін реттейтін жобаға әркім өз үнін қосу. Сондықтан да жиылғандар алдында алғаш сөз алған байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов теле-радио хабарларын тарататын субъектілердің тағдырына қатысты жаңа заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, 2015 жылға қарай Қазақстан аумағы толығымен сандық хабар тарату жүйесіне көшеді. Заң жобасының техникалық негіздемесіне осы арқау болса керек. Дегенмен маңызды мәселе – бүгінгі күні хабар таратудың осы түрі заңдық реттеуден шет қалып отыр. Оның ішінде де, қазақстандық БАҚ заңға тәуелділік танытқанымен, онымен бәсекеге түсетін шетелдік телеарналар еркін. «Заң жобасы әуелгі әзірленген нұсқаға қарағанда әлдеқайда жақсарып қалды. Әрине, әлі де жетілдіруге барамыз. Басында кіріккен қатаң нормалар жұмсарды, қайсыбірі сынға ұшырап, мүлдем алынып тасталды. Мәселен, лицензиялауды алып қараңыз. Бастапқыда біз телерадио хабар таратуда екі субъект лицензияланатынын ұсынып едік. Талқылаулар барысында олардан бас тарттық. Дегенмен біз осы заң жобасы бойынша телехабар тарататын субъектілерді есепке алып, тіркеуден өткізуге қайта оралуды көздеп отырмыз», – дейді Н.Оразов. Министрлік өкілінің айтуынша, телеарналарды БАҚ ретінде есепке алу еш қиындық тудырмайтын болады, жеңілдетілген үдеріс бойынша ұйымдастырылады.
Кабельді арна саясатпен айналыспауы тиіс пе?
Жаңа заңмен ретке келтірілетін салалардың бірі – кабельдік операторлар арқылы хабар тарату. Ақпараттық һәм қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, осы оператордың жұмысы қадағалаудан тыс. Оның үстіне кабель жүйесі арқылы таратылатын хабардың белсенділігі анық байқалады. Әсіресе сұраныстың сылтауын бетке алып, төске өрлейтін шетелдік кабельділер қызметіне заң керектігі айқын. Соған қарамастан, бұл бағыттағы заңнамалық реттеу оңайға соқпайтын түрі бар. «Менің ойымша, кабельдік телеарналар саясатқа араласпауы керек. Бұл – жеке пікірім. Әйтсе де сол тараптың пікіріне де құлақ асуға міндеттіміз. Дегенмен бұл ретте қарама-қайшылықтар баршылық. Мәселен, кабельдік телеарналарды бизнес деп қарауға келмейтін тәрізді. Бұл мемлекеттік саясаттың құралы болуы тиіс секілді. Сол жағынан алғанда, кабельдік арналардың саясатқа араласуына тосқауыл болса деймін. Солай бола тұра, кабельдік арналар осы қызметтен қаражат тауып отыр. Ендеше, оларды бизнес ретінде қалай атамаймыз, а? Осыны ескерсек, келісетін жері де, қиғаш кететін тұсы да бар. Дегенмен бір жүйе керек, сол жүйеге кабельді телеарна да бағынғаны орынды», – дейді Қазақстан Журналистер одағы басқарма басшысы Сейітқазы Матаев.
Сарапшылар мұндай қиғаш пікірлердің заң жобасында көптеп кездесетінін алға тартады. Сондықтан болуы керек, кешегі басқосуда бірқатар қоғамдық ұйым, халықаралық қор өкілдерінің байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің атына ашықхат жолдағаны мәлім болды. Ондай үшбу хатта негізінен бүгін қоғам талқысына түсіп, ертең Парламентке жол тартатын заң жобасының кемшіліктері көрсетіліп, талқылауға етене араластыруды сұрапты. Әрине, соңғы нүктені парламентшілер қоятын болса, бұған дейін әлі біраз уақыт бар. Ең бастысы – сындарлы сынға мүмкіндік беріп, түрлі көзқарастағы пікірді естіп, ұсынысқа түсіністік жасау.
Сейітқазы Матаев, Қазақстан Журналистер одағы басқарма басшысы:
– ЕҚЫҰ-ның осы заң жобасына қатысты кейбір мәселесімен келісуге болады. Бірақ келіспейтін тұстары да баршылық. Мәселен, олар қоғамдық телеарна міндетті түрде керек дейді. Ал біз бұған дайынбыз ба? Меніңше, осы мәселеге саяси шешім керек. Мәселен, шетелдік тәжірибе бойынша қоғамдық телеарналарға абоненттік төлем болуы шарт. Әрбір телекөрермен ақша төлеп отыруы керек. Қазақстанда ондай мүмкіндік жоқ. Сосын телекөрермен хабарды таңдауға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда, шетелдік және отандық пакеттің теңдей болуына қатысты құқық солқылдақ шығып тұр. Отандық пакет көрерменнің талғамына сай болмай, сұранысты қанағаттандырмай тұрса ше? Телекөрерменнің құқын қайда қоямыз? Мұны жұмыс тәртібімен шешуге болмайды. Жалпы айтарым, теле-радио хабар тарату туралы мына заң жобасы 10-20 жылға дейін кеш қалып отыр.
Александр Кельчевский, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы:
– Қоғам демократиялық жолмен дами алмайды, егер онда ақпарат тәуелсіздігі, сөз еркіндігі, пікірі мен идеяларын тарату мүмкіндігі болмаса... Яғни демократиялық қоғам тек азаматтар жақсы ақпараттанып, оған толығымен еркін қол жеткізгенде ғана орнықты дами алады. Қазақстанда сандық телеарнаға көшу үдерісін қолдаймыз. Бұл ақпараттық толқынның жаңа легіне жол ашады. Ал жаңа заң жобасына келсек, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығын жақсартуға бағытталған толыққанды құжат қабылдау үшін пікірталастық талқылауды одан сайын жалғастыруға шақырады.
P.S.
Жұрт ақпараттың 90 пайызын телеарнадан алады. Әйтсе де «телеарна тәрбиесі», «телеарна мәдениеті» қандай болуы тиістігіне қатысты мәселе көтерілсе, талғам мен таңдау құқы бірге өре түрегелетіні жасырын емес. Бұл тұрғыдан шектеулер мен шектемеулер әлі сараланса игі. Екіншіден, әлгі еркін ақпарат алу бойынша ең іргелі құқық теле-радио хабарларын тарату тіліндегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыруға қатысты болуы шарт. Қазақстандағы кабельдік арнада көбінесе осы құқыққа мән берілмей келетіні әмбеге аян. Мәселен, кабельдік арнадан орыс тілінде сұранысты қанағаттандыра алатын ақпарат молынан алынады. Оның ішінде көрермендердің ақпараттық қана емес, білімдік, танымдық, көңіл-күйлік құқықтары да тегіс қамтылады. Ал таза қазақтың тілімен сусындайтын топ тәулігіне алты сағат қана болатын қазақ тіліндегі саусақпен санарлық хабарға үңілуде. Ендеше, кабельдік арнадағы осындай алақолдылық заң арқылы жойылса игі. Қазақстанда қазақ көрермені кемсітушілікке ұшырамасын. Заң жобасынан осыны сұрауға құқылымыз.