Тектілік феномені
Алматыдағы «Жібек жолы» баспасынан жақында «Мұхтар Әуезовтің ататегі» атты құнды кітап жарыққа шықты. Авторы – Сейітомар Саттаров, шығарушы – Мұхтар Әуезов қоры, бұл қордың директоры – Мұрат Әуезов. Осы деректі атаудың бәрі қазақ халқы үшін ерекше ыстық һәм символдық мәнге ие. Ғасырлар шеруінің керуені қазақ сахарасына тартқан асыл қазынасының кілті – ислам діні.
Дүниежүзіндегі ешбір этнос бір рудан, жалғыз ататектен құралмайды. Кәрі тарих куә, туған қарындасына үйленетін Мысыр перғауындары не болды?! Құрып тынды. Араб нәсілінен шыққан Ханафия ұрпағы ислам аша келгенде, өздері ажам жұрты деп атаған ұлыстардан дінге лайықтыларына біржола сіңіп кетті. Қасиетті Түркістан өлкесіне келіп орныққан қожалар бүгінде қазақ халқының құрамында берік орныққан. Этнограф-ғалым, жазушы, марқұм Ақселеу Сейдімбек қазақтықтың асыл өзегін танып, ұлтына теңдесі жоқ ұйытқы кітап «Қазақтың ауызша тарихы» – ұлы шежіресін мұраға қалдырды. Қарға тамырлы қазақ – біртұтас ұлт. Бір-біріне ешбір бөтені жоқ, үш жүзі, жүзге кірмейтін рулар, қожасы мен төресі – бәрі бір қазақ екенін Алаштың Ақселеуі таңбалап кетті. Расы – сол.
Арқаға қожа нәсілін алып келген найман-сыбан мен арғын-тобықты баласы екен. Бұл кітаптың ерекшелігі – Мұхтар Әуезовтің ататегіне байланысты мәліметтер жалаң деректерге байланбайды. Әзіреті Әліге байланысты мол дерек, Түркістан, Құл Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің ғылыми баяны, сопылық, ислам дінінің қағидалары туралы танымдық дүниелер мұқият берілген.
Қоңыр – қазақ табиғатының болмысын айғақтайтын, әсілі дүниетанымдық сөз. Әуездің Омарханын айналасы «жақсы қоңыр» атаған екен. Венгр қыпшақтарының ұрпағы, қазақ елін атажұртым деп таныған ғалымның есімі де – Иштван Қоңыр. Қазақ қоңырды сүйеді. Мұхтар Әуезовті қазақ әдебиетінің классигі дей салу аз. Ол – ұлт тұлғасы, тегімен, дарынымен тарихи дәуір тудырған алыптар шоғырынан. Нәресте Мұхтар Бөріліде шыр етіп дүниеге келуінен хакім Абайдың жұлдызы жарқырап, туған халқына қос перзенті рухани шырақ болып, ақжол көрсетумен келеді.