Тегiстiктен кеңiстiкке бет алған ОРАЗАЛЫ

Тегiстiктен кеңiстiкке бет алған ОРАЗАЛЫ

Ол небәрi 29 жыл өмiр сүрдi...
Осынау қамшының сабындай ғана келте ғұмырында от тiлдi, орақ ауызды ақын, қазақ айтыс өнерiнiң ақтаңгерi атанған Оразалы Жарылқасынұлы Досбосыновтың жарық дүниемен қош айтысқанына да бес жылдың жүзi болып қалыпты. Әйгiлi Хантәңiрi етегiнде томаға-тұйық жатқан Тегiстiк деп аталатын алақандай ғана ауылдан жыр қанатын қомдап ұшқан ұл салиқалы сөз бен салмақты ой додаға түскен талай аламандарда топ жарды.
Атақты Сүйiнбай, Жамбыл, Құлманбет бастаған Жетiсу өңiрiнiң ақындық мектебiнiң төл перзентi Оразалы ақын – айтыс өнерiн өзiндiк өресiмен жаңаша биiкке көтере бiлген талант иесi едi... Ауыл қарттарының аузынан халық әндерi мен қисса-дастандарды тыңдап, Мұқағали жырларын бала жастан бойына сiңiрiп өскен ол мектепте оқып жүрген кезiнде-ақ республикалық ақындар айтысына қатысып, өнерге ерте араласты.
Әрбiр сөз додасына түскен сайын ақтарыла кететiн ақын талайды таңдай қақтыра тамсандырып қана қоймай, өзiн мойындата бiлдi. Кезiнде Алматыдағы Республика сарайында өткен кезектi бiр үлкен айтыста ешбiр сүрiнбестен бес ақынды жеңгенде де әдiл бағасын ала алмаған Оразалыдай оғлан бәрiбiр халықтың жүрек төрiнен ойып тұрып орын алды. Республикалық айтыстарда жұлдызын биiктен жарқыратқан бауырымыз көршiлес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерiнде де өткен додаларда қара сөздiң қаймағын қалқып, қазақтың атын асқақтатты. «Көдектен қалған бiр ұлмын, Құлманбеттен қалған құлынмын», – деп құлдыраңдап, қатарынан ерте озған ол – соншалықты табиғи, қарапайым әрi терең ойлы азамат едi. Әйтсе де тағдырдың жазуы қатал болды. Қарашада туған ұлан қарашаға жетпей кеттi. Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада туып, 2004 жылдың 30 қазанында өмiрден өттi. Қара жолдың үстiнде кетiп бара жатып, қапелiмде көлiгi алты аунап кеткен, қара сөздiң қас шеберi болған арыстай азаматтан Алты алаш жұрты қас-қағым сәтте-ақ көз жазып қалды. Соңғы жазған бiр өлеңiнде «Қаламымды бiрге көм, көрiмдi менiң қазарда», – деп өнерi мен сертiне адал туып, қыршын кеткен Оразбен қоштасу рәсiмi Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өтiп едi. Талай-талай таудай тұлғаларды ақтық сапарға шығарып салған қаламгерлердiң қарашаңырағы сол жолы кеуделерiн күрсiнiс басқан қарақұрым халыққа толып кеткен болатын. Көпшiлiктiң көңiл төрiнен түспесе де, ел-жұрт әдiл деп атап кеткен қазылар алқасы тарапынан жарытып жүлде алмаған дарынды ұл қазақы қалып бойынша ендi дәрiптеле бастады. Бұл орны толмас өкiнiш болғанымен, ақиқатында, ол жалғанмен қош айтысқан күнi оның екiншi – Мәңгiлiк ғұмыры басталып кеттi.
Осы тұста жоғарыдағы ағаларға айтарымыз: кезiнде өзi еңбек жолын бастаған туған ауылы Тегiстiктегi Мәдениет үйiне, сол ауылдағы бiр көше мен өзi оқыған мектепке немесе аудан орталығындағы бiр көшеге Оразалы Досбосыновтың есiмi берiлсе.
Оңғарсын ДОСБОСЫНОВ, Оразалының ағасы, ақын:
– Оразалы – менiң туған бауырым болғанымен, ол елдiң азаматы, халықтың ақыны. Оның өнерiн бағалап, дәрiптеп жүрген ел-жұртқа, өнердегi достарына, шәкiрттерiне ризамын. «Бiрге тумақ болғанмен, бiрге өлмек жоқ». Ендi Ораздың артында қалған мұрасын зерттеп, зерделеп жинастыруды қолға алсақ. Ақындардың қолында не бар дейсiң... Осы мәселеге атқамiнер азаматтар да атсалысса екен деймiн.
Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ, Қазақ радиосының «Қайырлы таң, Қазақ елi!» ақпараттық-танымдық, сазды-көңiлашар бағдарламасының бас редакторы, ақын:
– Осыдан 20 жыл бұрын, 1989 жылдың қаңтар айында Нарынқолдағы Мәдениет үйiнде Оразалы Досбосынов, Жұматай Әмiреевтер бәрiмiз орындықтан аяғымыз жерге тимей салбырап тұратын балаң жасымызда айтысқа бiрге шықтық. Ол кезде әр жанр бойынша жеке-жеке жұпты айтыстыратын. Сонда Оразалы өтiрiк айтыс жасау арқылы өзгелердi шаң қаптырып кетiп едi. Оның:
«Ойпырмай, қамын ойлап қара бастың,
Жасымнан қызметке араластым.
«Қызыл шекараға» директор етiп қоймақшы едi,

Мен одан ат-тонымды ала қаштым», –деп, елдi қыран-топан күлкiге қарық қылып едi. Ендi бiрде:
 «Сұрасаң менiң атым–Оразалы,
Тұяғым жыр жолында тозады әлi.
Қолдаса бабалардың аруағы,
Бұл Ораз талай топтан озады әлi!»
– деп жырлап кеткен ол, шынында да, қазақ айтыс өнерiнiң көгiнде өзiнiң жұлдызын жағып кеттi.Осындай ақтаңгер ұлға Хантәңiрi етегiнен бiр ескерткiш орнатсақ артық болмас.
Балғынбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын:
– Оразалы бауырымыз – артына өшпес мұра қалдырып қана қоймай, өнерде өзiнiң көптеген шәкiрттерiн баулып кеткен ақын. Ұстаз алдындағы парызын орындап, еске алу шараларын жас та болса бас болып, қолға алып жүрген де солар. Оразалы айтыста мықты қарсылас, өмiрде айнымас дос едi. Мұқағали, Бердiбектердi берген тектi топырақтан Ораз шықты. Бұл өңiрден әлi талай таланттар өсiп шығатынына кәмiл сенемiн.
Ернат ЫСҚАҚОВ, Оразалының шәкiртi:
– Бiз Ораздан көп нәрсе үйрендiк. Ол шын мәнiнде халықтың ақыны бола бiлдi. Өзi жас бола тұра, кесек-кесек ойлар айтатын. Ол арамыздан ерте кетсе де, қыруар iс тындырып кеттi. Өткен жылдан берi шамамыз келгенше қолға алып жүрген шарамыздың негiзгi мақсаты да бiреу-ақ: Ораздың айтып, жазып қалдырған бай шығармашылық мұрасының бас-аяғын тиянақтап, халыққа ұсыну.

АҚЫН ТУҒАН ТОПЫРАҚТА
«Ақынмын сөзi жетер сан ғасырға», – деп болашаққа сенiммен қараған, бүгiнде қазақ айтыс өнерiнде қайталанбас қолтаңбасы мен шыншыл дауысы қалған Оразалының өз мектебiн қалыптастырып, жаңғыртуда оның iзiн басқан шәкiрттерi мен қолына ендi домбыра алып, топ алдында сөз жарыстырып жүрген жас дарындар бар ықылас-жiгерлерiн салуда.
Жуықта Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған әдеби жыр кешi болып өттi. Өткен жылы мұндай игiлiктi бастама ақынның туған жерi Тегiстiк ауылында ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта бұл шара аудан, облыс орталығында өткiзiлiп, республикалық деңгейге дейiн көтерiледi деген сенiм бар. Аталған шараны былтырдан берi қолға алып, жүзеге асырып жүрген – Оразалының өнердегi шәкiрттерi, жас айтыскер ақындар Ернат Ысқақов, Болатбек Оразбаев, Бағдат Сәрсенбай. Аудан әкiмшiлiгi және Оразалының достары мен айтыстағы үзеңгiлес бауырлары әдеби-жыр кешi аясында ауылдан шыққан жас айтыскер балалардың арасында айтыс өткiзiп, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен Оразалы Досбосыновтың бейнесi бар арнайы төсбелгi табыс еттi.
Бұл айтысқа Нарынқолға алыстан ат терлетiп барған Балғынбек Имашев, Бақыт Жағыпарұлы, Жұматай Әмiреев және Оразалының бауыры Оңғар Досбосынов сынды ақындар төрелiк еттi.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста