Театрға деген махаббат қуыршақтан басталады
Қазақстандағы ең жас театр қайсы? Ол – ең алғаш 2007 жылдың 4 шілдесі күні Астана қаласындағы Жас көрермендер театрында қуыршақ бөлімі болып ашылып, 2010 жылдың 29 желтоқсанында қала әкімінің қаулысы бойынша өз алдына отау құрған Астана қуыршақ театры.
Енді ғана айналасындағы дүниені танып, әр нәрседен тәлім алып, адам болып қалыптасып келе жатқан жас жеткіншектердің бойында өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда қуыршақ театрының атқарар рөлі зор. Сондықтан осы міндетті терең сезінген жас ұжым жаңадан қалыптасып келе жатқан елордамен бірге өсіп, сол жолда көптеген қиындықтарға да мойымай, күн сайын алға қадам басып келеді. Таяуда Алматыға арнайы гастрольдік сапармен келген Астана қуыршақ театры директорының орынбасары Досымхан Бейсенбаевпен әңгімелескен едік.
– Шыны керек, көпшілік қуыршақ театры десе тек қана қуыршақпен жұмыс жасайды және тек ертегі ғана қояды деп ойлайды, – деп бастады әңгімесін жас та болса тәжірибелі театр басшысы. – Ал, шындығында, тіпті олай емес, қуыршақ театрлары жас көрермендердің бойына алдымен отбасы, сосын еліне деген сүйіспеншіліктің дәнін егіп, патриоттық сезімді қалыптастыратын биік деңгейлі қойылымдар сахналайды. Әрбірден соң театрға деген махаббат осы қуыршақтан басталады десек те болғандай. Мәселен, Алматы мектептерін аралап көрсету үшін әйгілі жазушы, драматург Сәкен Жүнісовтің «Атамекен» атты туындысын алып келдік.
– Репертуар дегенге келсек, драма театрларына арналып жазылған пьесаны қуыршақ театрында қоя беруге болмайтыны анық. Олай болса, қуыршақ театрына арнайы жазатын авторлар бар ма?
– Бұл – қазіргі уақытта әрбір қуыршақ театрының ең бір жанына батар сұрақ. Себебі балаларға арнап жазатын автор жоқтың қасы. Сол себепті қуыршақ театрында драматургия ақсап тұр. Еліміздің батыс, солтүстік өңірлеріне Ресейден жылына неше мәрте қуыршақ театрлары келіп, қойылымдар қойып кетеді. Ал қазақша, ұлттық таным-түсінігімізге сай туындылар тапшы. Біздің қойылымдарымыздың көбін қолда бар дүниелерден қуыршақ театрына икемдеп шығарып жатқан – театрымыздың көркемдік жетекшісі Құралай Ешмұратова. Мысалы, жоғарыда айтып өткен «Атамекенді» біз Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» атты повесінен балаларға лайықтап жазып алдық. Шығарма қазақтың сонау ХХ ғасыр басындағы қиын-қыстау тағдыры жайлы баяндайды. Сол тұста отаршылдық тепкісін көрген қазақ ауылы атақонысымен қимай қоштасып, шекара асып кетеді. Режиссері – ҚР еңбек сіңірген әртісі, аталған театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі, жалпы, қазақ қуыршақ өнерінің анасы деген атқа да әбден лайық Құралай Ешмұратова.
Репертуарында он шақты қойылымы бар қуыршақ театрының келесі бір мақтанышпен айта алатын туындысы – «Менің салған суретім». Мақтаныш болатын себебі, ол – ТМД елдері бойынша қуыршақ театрларында балет жанрында тұңғыш сахналанған қойылым. Бұл қойылымның ең басты ерекшелігі – қап-қараңғы сахнада тек жарықтарды ойнату, билету арқылы ғана үнсіз қимылдайтындығында. Ал көтерер жүгі – қазіргі замандағы жастардың әрең үйленіп, тез ажырасатыны, есесіне арада баланың жетімдік зардабын тартатындығы жайлы.
– Біз осы қойылымда табиғат қалай пайда болды, махаббат қалай оянды, кейін ортаға әлдебір тылсым күш келіп килігіп, қос ғашықты екі жаққа айырғанын, ортада жетімсіреп бала қалғанын, әйтсе де соңында махаббат жеңіп, отбасының қайтадан бірге болғанын бейнеледік. Қойылымның қуыршағын жасаған Шынар Еленбекова болса, режиссері – жас та болса өз қолтаңбасы анық Айжан Кәрібайқызы. Бұл қойылымға барар жол қалай басталып еді? Астана қаласында балалар арасында сурет салудан сайыс өтеді. Сол жерде бір бүлдіршін бұлт болса да үшеу, гүл салса да үшеу, жан-жануарды да үшеу етіп салады. Осы жағдай жас режиссер Айжанның көзіне ерекше басылып, көкейінде қызығушылық туғызады. Білуге деген құштарлық оны балаға жетелеп, ол ақыры әлгіден осының мәнін сұрайды ғой. Сонда бала «бірі әкем, бірі шешем, ортасындағы өзім» деп мұңая қалады. Сөйтсе, баланың ата-анасы ажырасып кетсе керек. Сол жағдай баланың жанын жегідей жеп, кіп-кішкентай ғана сәби жүрегінен жарып шығып, суретке айналған. Қарап тұрсаңыз, кішкентай ғана нәрсе сияқты, бірақ үлкен шығармаға, адами проблемаға ұйытқы болып отыр.
Қуыршақты балет жанрында билету 1967-68 жылдары Балтық жағалауы елдерінде қойылған, одан кейін, міне, араға 50 жылдай салып Астанада жаңадан қанат жайған театр қойып отыр. Әрине, 45 минут бойына сөзсіз, тек қуыршақ бимен бүкіл көрерменді бір деммен ұстау деген айтарлықтай жаңалық!.. Классикалық музыка мен бидің ырғағы көрермен жанын тебіреніске түсіреді. Негізі, қуыршақ театрында көрермендер жас ерекшелігіне қарай бөлінеді: бірінші топ – 3-6 жастағылар, 7-11 жас мектеп оқушылары, сосын 5 сынып пен 8-9 сынып арасындағылар. 50-ден аса қызметкер жұмыс істейтін бұл театрдың алғаш жоқ жерден негізін салып, іргетасын қалаған – Тоғжан Асанғалиева, сондай-ақ еліміздегі жалпы қуыршақ театрларының анасы десе де жарасатын Құралай Ешмұратова. Ұжымдағы әртістердің жасы – 20-21 мен 40-45 жас аралығы. Жыл сайын жас түлектердің өз еріктерімен осы ұжымға келіп, қуыршақ театрының әртісі болуға деген ынтасы қуантатынын айтады Досымхан Бейсенбаев. Әзірге театрдың зәулім сарайдай жеке ғимараты, кең сахнасы болмаса да, бет алысы күннен-күнге жақсарып, болашағы айқындалып келе жатыр деуге әбден негіз бар. Залға лық толып, қойылымды тағатсыздана күтіп отырған балаларды күттіріп қоюды күнә санап, біз де әңгімемізді түйіндедік.