«Балапан» арнасында «балалап» жатқан бейнелер
Таусоғар осы күндері «бір аунап» алған шығар. Қазақ түсінігіндегі «аруақтың бір аунап алғаны» көбіне жақсылықтың нышаны ғой. Алайда осы жолы Таусоғардың «аунап» алғанында қайыр болмай тұр. Неге дейсіз ғой?! Қазақ балаларының әлемдік додада күрестен жүлделі орындарға көтеріле алмай жүргендері өз алдына, жазықсыз, дәстүрлі исламмен сусындаған Таусоғардың әкесі «вахаббист» болды да қалды.
Түнеугүні Фейсбук әлеуметтік желісінде «Балапан» балалар арнасының бір мультфильмі жайында халық шу ете қалды. ««Ертегілер еліне саяхат» мультфильміндегі Таусоғардың әкесінің мұрты жоқ, сақалы бар, балағы қысқа. Ал анасы хиджаб киген» деген пікір білдірген бір қолданушы болды. Мультфильмді көріп отырып жазған болу керек. Жапатармағай пікір білдіргендер әлгі жазбаның көрігін қыздырып, алуан түрлі пікірлер айтылды. Біреулері шынайы ел болашағына алаңдап жатқанда, біреулері ойынға айналдырып әлек болды. Онда«Таусоғардың әкесі уақаб боп кеткен екен», «Мультфильмнің аты “Сирияға саяхат” емес пе екен?» деген келемеждер, «Бізге хиджаб кигізіп, кимегендерді репрессияға немесе жихадқа жіберіп жатпасын, бетін аулақ», «Уақабшылар мұнда да қаптап кеткен бе?», «Теріс пиғылдылар барлық жерде бар сияқты. Бір жерде жұмыс жасайды, бір жерді қаржыландырады т.б.», «Мен қысқа балақты емеспін, бірақ бала күнімде көргенім, нағашы көкем ақ кең көйлек, ауы да кең, қысқа балақ дамбал киетін. Ол кісі молда болған» деген сыңайдағы пікірлер айтылды. Мәселенің анық-қанығына жетпеген бізде де «Идеологияның басталып кеткені ме?» деген үрейдің қылаң бергені рас. Вахаббизм вакцинасын бесіктегі балаларға жаппай салып жатқан жүрегінде түгі бар жүгірмектердің кім екенін білгіміз келді. Дереу әлгі мультфильмді балалар арнасынан іздедік. Таппадық. Шынымен де, «Балапан» балалар арнасының мұндай сауатсыздыққа баруына күмәнмен қарап, арна басшылығына тікелей хабарластық. Телефон тұтқасын алған Ләйлә Сұлтанқызының мән-жайдан хабары бар екен. Мұнысы қуантты бізді. Бірден биязылық танытып, байыппенТаусоғардың әке-шешесінің вахаббизмге еш қатысы жоқ екенін мәлім етті. Біраз өзімізге келгендей болдық.
Ләйлә Сұлтанқызы:
— Біз бағдарла-маны жасайтын компаниялармен өте қоян-қолтық жұмыс істейміз. Мысалы, ең алдымен бағдарламаның идеясы қоғамдық кеңес алдында талқыдан өтеді. Республика бойынша 1-4 сынып аралығындағы балалар арасында сауалнама жүргізіліп, келесі маусымның жоспары құрылады. Еліміздегі барлық продакшн студиялармен және анимациялық компаниялармен жұмыс жасаймыз.
Ал нақты осы жағдайға байланысты біздің берер жауабымыз:
Мультфильм болсын, бағдарлама болсын, алдын ала кейіпкерлердің суретін көрмей, жұмысты бастауға рұқсат етілмейді. Тіпті кейде осындай жоғары талаптарымызға ренжитіндер де табылып жатады. Әйтсе де бүгінде біздің тараптан талаптың барлығы заңды түрде екі арадағы келісімшартта толық көрсетіледі. Ал баспасөз беттеріндегі сыни көзқарастарға біз қуана жауап береміз. Қоғамдық пікір ол әрдайым шын болмауы мүмкін. Бірақ бұл оның мүлде болмағанынан жақсы. Сондықтан «Балапан» арнасын көріп, пікір жазуға ерінбейтін көрермендерімізге алғыс білдіреміз!
Саусақпен санайын десең, саусағыңның санына жетпейтін еліміздегі анимациялық фильм түсіретін студиялардың орны ойсырап тұр. Оны арна басшысы да жасырмайды. Бәсекелестік болмай, сапалы өнімнің тумайтыны анық. Сонымен, бәсекелессіз дүниеге келген Тау-соғардың авторы – «Сақ» анимациялық студиясы. Алдымен мультфильмді түсірген Нұриддин Патеевтің ғаламтордағы суретін іздедік. Иә, ол қандай адам екен, сақалы бар ма екен деген сұрақтың көкейімізде болғаны жасырын емес. Бұл енді қоғамдық «интрига». Нұриддин ағамыз бірден ашуға басты. «Кимешекті хиджап деп жүрген адамның өзі қазақ емес!» — деп түйді ойын. Сонымен, мультфильмнің кейіпкерлерінің суреті мынадай:
Бір көрген адамның бұл бейнелерден жатырқайтыны, одан бетер үрейі қашатыны рас. Алайда автордың «вахаббизмді» насихаттайтындай мақсаты мүлдем болмаған. Таусоғардың әкесінің шалбарының балағы қысқа емес, етігінің ішіне салып қойыпты. Мұртын сәл басып алған. Анасы болса, хиджап емес, кимешек киген. Көзіміз жетті. Бұл жерде мәселе мультфильмде емес екенін енді түсіндік. Саясаттың құрбаны болған сол баяғы қауға сақал мен шолти балақ, әрі аналардың жаулығы екен. Әлеуметтік желідегі пікірлер топтамасынан шыққан қорытынды да осы сақал, балақ, хиджап, уахаббизм немесе сәлафизмнің төңірегінде айналшықтағаны рас. Мәселе, осы тақырыптың қазіргі адамдар арасында бірден «хитке» айналып талқылануы бүгінгі қоғамның дерті екенін айғақтайды.
АҚШ-тың сәуегейлігі
Джеймс Кэмеронның атақты «Аватар» картинасы бастан-аяқ табиғатқа табындыртып, құдайсыздыққа апарар жолды көрсеткені баршамызға аян еді. Сол кезде киноның белгілі бір деңгейдегі идеология құралы екенін жіті түсінгенбіз. Алайда американдықтардың мультфильмді де өз керегіне жаратып, өз идеологиясының жүгенін кигізіп қойғанына бір ғасырға жуық уақыт болыпты.
Америка өзіне керекті, өзі дұрыс деп тапқан идеологияны бесіктегі баласының санасына осы мультфильм арқылы сіңіреді, оны өз ішіне әрі әлемге Голливуд арқылы таратады. Енді Америка мультфильмдеріндегі идеологияның шет жағасын бір барлайық. Әрине, бізге көршіміздің тілімен көргендіктен, ол жағы түсінікті бола бермейді. Тек ағылшын тілінде қарап зерделесеңіз, біраз нәрсеге көзіңіз жетеді екен. Ағылшын тілі негізінен Голливуд мультфильмдерінде бірнеше түрге бөлініп келеді. Мысалы, «Аладдин»мультфильмінде этникалық стереотиптер анық көрінеді. Мультфильмнің басынан соңына дейін жағымсыз кейіпкерлердің барлығы сақалды, қара торы, қаһарлы, мұрындары үлкен (қоңқақ), қолдарында әр уақытта қылышы бар және адамның жүйке жүйесін тоздыратын қаһармандар ағылшын тілін араб акцентімен сөйлейді. Ал жағымды образдағы Аладдин мен Жасмин ақшырайлы, көрікті, мұрны кішкентай, көрерменін бірден қызықтыратын, таза американдықтардың өз тілінде сөйлейді. Бұлардың барлығы бір өлкенің тұрғындары. Бұл мультфильмде араб халықтарының қатты келекеге ұшырап, адами тұрғыда аяқ асты етілгендерін жасырмайды зерттеушілер. Тұтастай бір халықты қаралағаны айтылады.
Сол секілді «Арыстан патша» («Король лев») мультфильміндегі Муфаса таза американдықтарға тән ағылшын акцентімен сөйлейді. Ал оны өлтіріп, патша болуға тырысқан інісі Шрам екінші бір ағылшын (Англия ағылшыны) акцентінде сөйлейді. Оқиға Африкада болғандықтан, тіпті екеуі ағайынды болса да, екі түрлі ағылшын акцентінде тілдеседі. Неге? Тіпті бала күнімізде«Мынау неге қара арыстан?» деп таңқалғанымыз жасырын емес. Ең алдымен Джереми Айронс (Англия тумасы) дыбыстаған Шрам арқылы бүтін Америка халқына белгілі бір дәрежеде хабар беруде. Ең алдымен ол жаман адам, ал Америка қаһарманы (Муфаса) өзгеше. Шрамның өзін жақсы көруі, өзімшіл болуы, айналасындағыларға менсінбей қарауы бүтін ағылшын халқына тән кербездікті, өр-көкіректікті білдіреді. Мультфильмнің негізгі идеясы осы. Ал бір орманда өмір сүрген Шензи және Банзай есімді қорқауларды төменгі дәрежедегі латын жастарына тән ағылшын акцентімен сөйлеткізеді.
«Ханым мен кезбелер» («Леди и бродяга») мультфильміндегі сиям мысықтарының қолындағы таяқ (флейта), бастарына киілген оркестрлік табақтар, әрі анық шығыс халықтарына тән ағылшын акценті Шығыс Азия халықтарының өкілдері ретінде көрсетілген. Шығыс Азия халықтары қаһарлы, қу, қиянатшыл, сатқын ретінде суреттелген. Американдықтар «Сары қауіпсіздікке» («Желтой опасности») айналдырып әкеліп, Азия халықтарын осылай танытқан.
Бұл дегенің бесіктен белі шықпаған баланың санасын улау. Ұлтараздық кемсіту, жек көрсету, өзге ұлттарға деген дұшпандық, қатыгездікті туғызу, осы арқылы өз ұлтын өзгелерден жоғары қою, отансүйгіштік сезімдерін арттыру, өзінің тілінде сөйлей алмай тұрған адамдарға деген қатыгездік, өшпенділік сезімдерін ояту. Сонымен қатар, қараланған халықты қоя беріңіз, Американың өзінде тұратын, ағылшын тілін акцентпен сөйлейтін балалардың психологиялық күйге ұшырағандығы, тіпті қоғамда өзінің еркін сезіну болмысынан айырылғандығы айтылады. Әрі зерттеушілердің әр жылдары түсірілген мультфильмдерден Америка халқының қауіптенген мемлекеттердің қатарын білдіреді-мыс. Бұл мультфильмдер 90 жылға дейінгі Американың сыртқы саясатына қатысты ұстанымдарын білдірсе, 90 жылдардан кейінгі мультфильмдерде Ресей, Шығыс Еуропа, Германия мемлекеттеріне қатысты болғандығы да ортағы шығып отыр.
ХХІ ғасырға аяқ басқанда «Үш тұғырлы тіл» саясатына көшкен біздің елімізде бала-бақшадан басталып ағылшын тілі үйретіліп жатыр. Керемет! Тілді жылдам үйренуде сол тілде кино, мультфильм көрудің пайдасы зор екені мәлім. Дегенмен, бүгінгі АҚШ өнімдерін зерделеудің қажеті туып-ақ тұр. ХХІ ғасырда геосаясаттың да жаңа кейіпке енгені анық. Жасырылған саяси кодтардың зиянын анықтап алу — күн талабы. Ертең біздің өскелең ұрпақ осы іспетті мультфильмдерді көре бастаса, сол арқылы тәрбиеленсе, өзгені қойып, өзімізге қандай да бір қатыгездік, өшпенділік сезімдері қалыптасып жатса, ағылшын тілінің айтып тауыспас «пайдасын» сонда көруіміз ғажап емес.
Мадияр Саудбай, PhD докторанты:
— Бүгінде Орта Азия елдеріне ортақ көкейкесті мәселе – дін, оның ішінде Ислам діні. Байқасаңыз, кез келген Голливудтық кинода шіркеу-ді, Иса пайғамдарды немесе Інжілді жанама түрде насихаттап кетсе, кабельдік жүйемен таратылатын ресейлік телеарналарда Президент Путин және патриарх Кирилл аттары бірге жүреді. Отандық телеарналарға келер болсақ, олардың біразы ресейлік арналардың ретрансляциясы немесе түріктің, кәрістің, сонғы кезде хит болған үндінің барлық сериалдарында Кришнаға табыну қыр-сырларын Ананди, қандай қасиетті күндері бар екенін Ича мен Тапаси халыққа үйретіп келеді. Расында, елдегі насихат тетіктерінің барлығына бір көз жүгіртсең, дін жайын айтып жатқан ақпарат құралдары некен-саяқ. Тіпті, кейбір ұлттық арналарда тікелей эфир барысында «Алла қаласа», «Құдайға шүкір» және осы сынды діни терминдерді қолдануға тыйым салынғаны анық.
P.S. Даудың басы қауға сақал мен шолти балақтан туып, мәселенің «Аладдиннің» бүгінгі кейіпкерлеріне келгенін біліп отырған шығарсыздар. Иә, осы күні сақалы бар, қазақ мұсылмандармен дін жайында әңгімелесе қалсаң болды, көз алдыңа Наймандардың ұлы көшінде жолда келе жатқанда туған, басында түйенің терісінен жасалған кепеші бар, мәңгүрт Жоламан елестейді. Түйенің терісі сол заманда адамның миын улау үшін озық технология болуы әбден мүмкін. Алайда дәл бүгін түйенің терісісіз-ақ адамдардың миына «қорғасын» құйылып жатыр. Дінді саяси мақсатта қолданатын бұл түрлі діни топтардың ел ішіндегі ұсқынсыз ұстанымдары біз үшін ақиқат болып келген діни рәсімдерді, салт-дәстүрімізді бидғат етті. Бәрін айт та, бірін айт, Ахмет Иасауиді адасқан деп қорлағаннан кейін басқа не айтасыз?! Бұндай оқиғалардың тіркеліп жатқаны шындық. Бұны жаңа басшысы жаңа келген Дін істері агенттігі «Нақты бір мысал айтыңыз» деп, жоққа шығара алмайды. Әрине, исламның ішіндегі қазіргі жат ағымдармен біз емес, арнайы мамандар күресе жатар. Бір айтарым, бұлар өзі сүннеттен асып, керісінше оны парызға айналдырып, «Сақалыңды өсірмегенің, балағыңды кеспегенің Алла алдындағы тәкаппарлығың» деген бір ғана желеумен шынайы исламнан адамды бездіріп жатқан жоқ па? Екіншіден, бұл заманда қазақтың рушылдығы, жершілдігі өз алдына, ақидасына қарап бөліне бастады. Бір атаның балаларын бір-бірінен бездірген бұл ұстанымда жымысқы саясаттың иісі мүңкіп-ақ тұр. Қауіптің көкесі теріс ағымдардан екені айдан анық. Мәселеміз — осы. Үшіншіден, өзгені емес, өзіңді тәрбиелеу қиын болып тұрғанда баланың болмысын қалыпқа келтіру, тәрбиелеу — істің басы. Ата-ананың тәрбиесі көп қажет етілмейтін бүгінгі қоғамда бала тәрбиесінің аса бір өзекті проблемаға айналғаны рас-ақ. «Бүгінгі балалар аласа туады, өзіңмен таласа туады» демекші, жасынан бұрын меңгерген білімдер жүйесі баланың бүкіл болмыс-бітіміне әсер етеді. Керексіз білімдер жүйесін еркін тарататын өзге ресурстардың арам пиғылды идеологияны қалыптастыратыны тағы ақиқат. Сонда біздің не істеуіміз керек? Сіз қаншалықты баламды өзім тәрбиелеймін деп тырысқаныңызбен, сізден бұрын «тақымын қысатындар» басымырақ. Олар күшті әрі жылдам. Әдетте балаңыз тұрмақ өзіңіздің де солардың жетегінде кетіп қалуыңыз ғажап емес. Сол үшін алдымен теледидардан көргенін айнытпай көшіретін жас сана үшін жақсы, саналы саясат керек. Сондықтан балаңа бала кезінен дініңді, тіліңді, діліңді үйрету керек. «Жоқ, ойбай, қазақта ондай жоқ, мынадай жоқ» деп екі қолды қалтаңа салып, өзің үйретпесең, айналада үйрететіндер жетіп артылады. Ең ақыры үйіңіздің төрінде тұрған жансыз ТД да өзінше миссионер екенін ұмытпаған жөн.
kazakhstanzaman.kz