Тәуелсіздік жылдары еліміздің мәдениет және өнер саласын дамыту бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бөлінген қаражат та қомақты. 25 жылдағы жетістіктер туралы BNews.kz тілшісіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова әңгімелеп берді.
2004-2011 жылдары тарихи-мәдени мұраны жүйелеуге мүмкіндік берген бірегей «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында тұңғыш рет отандық ескерткіштерді түгендеу жүргізіліп, республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімдері бекітілді. Осылайша, Қазақстанның бірнеше облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы шығарылған.
«Осы күнге дейін жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 11 266 объект, республикалық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 219 және халықаралық маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 10 тарих және мәдениет ескерткіші енгізілді. Оның ішінде екі ескерткіш – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Алматы облысындағы Таңбалы петроглифтері және «Жібек жолы» номинациясы бойынша Жетісу бөлігіндегі 8 ескерткіш – Талғар, Қарамерген, Қаялық, Ақыртас, Құлан, Мерке, Өрнек және Қостөбе қалашықтары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына енгізілді», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.
Жалпы алғанда, 1991-2015 жылдар аралығында 136 тарих және мәдениет ескерткіші қалпына келтірілген.
Департамент директорының айтуынша, мәдени мұра инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қатысты үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары елімізде екі республикалық қорық-мұражай – Алматы облысындағы «Есік» және Шығыс Қазақстан облысындағы «Берел» құрылған.
Сондай-ақ, театр өнерінде де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 18 жаңа театр ашылды.
«Оның ішінде 2 опера және балет театры, 5 музыкалық-драма, 3 драма, 3 сатира, 1 жастар, 3 қуыршақ және 1 жас көрермендерге арналған театр бар. Бүгінгі күні Қазақстанда түрлі бағдарда 52 мемлекеттік театр қызмет атқарады. Атап айтсақ, 3 опера және балет театры, 4 балалар мен жасөспірімдерге арналған театр, 7 қуыршақ театры, 18 қазақ драма және музыкалық-драма театрлары, 10 орыс драма, 3 қазақ және орыс труппасы бар драма театрлар, 1 жастар театры, 2 сатира және 4 ұлттық театр, ұйғыр және корей музыкалық комедия театрлары, неміс және өзбек драма театрлары. Жыл сайын театр сахналарында түрлі жанр және бағыттарды қамтитын шамамен 12 мың спектакль қойылады», - дейді А.Райымқұлова.
Киноөндіріс саласындағы табыстар да қуантады. Бүгінгі күні «Қазақфильм» АҚ халықаралық дәрежені қосқанда, арт-хаустан бастап коммерциялық, прокаттық, көрермендікке дейін түрлі жанр мен бағыттағы жобаларды жүзеге асырады. 1991 мен 2015 жыл аралығында «Қазақфильм» киностудиясы 479 көркем, деректі және анимациялық фильмнің, оның ішінде 115 толықметражды көркем фильмнің өндірісін аяқтаған.
«Музыкалық және хореографиялық өнерге келсек, қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 31 мемлекеттік концерттік ұйым табысты қызмет атқарып жатыр. 25 жылда елімізде «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі, Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, мемлекеттік трио, Еуразиялық жастар симфониялық оркестрі, М.Бейсенғалиевтің жетекшілігімен Алматы симфониялық оркестрі, А.Аблаевтың жетекшілігімен Астана эстрада-симфониялық оркестрі және тағы басқа жоғары кәсіби шығармашылық ұжымдары құрылды. Тұрақты негізде республикалық және халықаралық конкурстар мен фестивальдер өткізілуде», - деді мәдениет және өнер істері департаментінің директоры.+
Кітапхана ісіне үлкен көңіл бөлінді. Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасын дамыту маңызды. Жыл сайын электронды кітапхана 3000 көшірмемен толығады. Бүгінгі таңда оның қорында 23 мың құжаттың электронды көшірмесі бар. 2005 жылы Астанада Ұлттық академиялық кітапхана ашылды. Оның қорында қағаз томдармен қатар электронды кітаптар да сақтаулы. Кітапхананың баспа қоры 150 мың кітапты құрайды, оның 120 мыңы «Кітап қазынасы – Астанаға» акциясы аясында жиналған.