Мұратхан ШОҚАН, ақын, «Әдебиет және ізгілік» клубының жетекшісі:
Жуырда елімізде жүргізіліп отырған көші-қон саясатын қолдау мақсатында соңғы жылдары атамекенге оралып, қазақ еліне еңбегі сіңген танымал азаматтарымызды көпке таныстырып, үлгі етерлік «Тәуелсіздік жемісі» атты үлкен жинақ жарық көрді.
Тәуелсіздіктің айтулы жемістерінің бірі – алыс-жақын шетелден келген 1 миллионға жуық қандастарымыз. Кітапта солардың ішіндегі өнер адамдарының, ғалымдар мен мамандардың және кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың қысқаша өмірбаяндары мен елге қосып отырған үлестерінің нақтылы нәтижелері көрсетілген. Көркем безендірілген энциклопедиялық жинақтың басқа басылымдардан өзгеше бір ерекшелігі – кітапқа енген адамдардың өмірбаяндарымен қоса, үміт-тілегі, ой-пікірлері, алған алғыстары мен марапаттарының көшірмелері, құжаттық маңызы бар суреттері қамтылған. Біз осы кітаптың құрастырушысы, белгілі ақын, «Әдебиет және ізгілік» клубының жетекшісі Мұратхан Шоқанды аз-кем әңгімеге тартқан едік:
– «Тәуелсіздік жемісі» кітабын шығаруды қалай қолға алдыңыз? Онда неше адам қамтылған?
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының қазақ тұтастығын ойлаудан туған көші-қон саясаты өз жемісін беріп үлгерді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің әр салада жеткен жетістіктері таразыланып, республика көлемінде тойлануда. Мен өткен жылдың шілде айынан бастап 20 жылдық тойымызға шетелден келген қандастарымыздың тартуы ретінде, «осы кітапты шығаруды қолға алып, ақылдастар алқасын құрып, жұмысқа кірістім. Бір жыл еңбектенудің нәтижесінде он шақты мемлекеттен келген 118 адамды қамтыған «Тәуелсіздік жемісі» кітабы жарық көрді.
– Сіз бұл кітапты еліміздің 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде шығардым дейсіз, шетелден келген қандастарымыз жайлы соңғы кезде «оралмандар не берді» деген сұрақтар анда-санда бой көрсетеді. Сіз осы еңбегіңіз арқылы соған жауап беруді көздеген жоқсыз ба?
– Иә, ондай пікірлердің бары рас. «Сөз бұйдаланған түйе секілді, қалай жетектесең, солай жүреді» дейді халқымыз. Біз кейде бірер адамның айтқан сөзінен бір ұлттың, бір ұлыстың, бір мемлекеттің көзқарасын іздеуге құмармыз. Соны дабырайтып көрсету арқылы қарапайым халықтың ақ пен қараны ажыратуына қиындықтар тудырамыз... Былай қарасақ, оралмандар не берді деудің өзі артық. Шетелден келген қандастарымыздың қара басының өзі – қазына. Өйткені біздің ұлан-ғайыр даламыз бен егемендігіміздің ертеңі үшін халқымыздың жан санының артуы күн тәртібінен түспеуге тиісті мәселе. Елбасы биылғы халыққа Жолдауында: «Біз түрлі заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекеніне жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық. Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны 1,5 миллионға артты», – деп мақтанышпен айтты. Егер Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелден келіп, бір қазақ Қазақстан топырағында өсіп-өну бақытына ие болса, онда ол – Тәуелсіздігіміздің, Елбасымыздың көреген көші-қон саясатының арқасы. Бұл – дау тудырмас ақиқат. Ал шетелдерден келген миллионға жуық қандасымыз арасында қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп жатқан азаматтардың болмауы ешқандай қисынға сыймайды. Мен бұл кітаптың бірінші бетіне «20 жылдық мерейтойға арналады» деп үлкен әріппен жаздым. «Оралмандар не берді» деген сұраққа жауап іздейтіндер үшін «Тәуелсіздік жемісі» кітабы оралмандардың бетінің жарық екенінің дәлелі де болады. Қысқаша айтқанда, бұл кітапты тарихи Отанына оралған 1 миллионға жуық, заңды атауы оралман деп аталатын қандастарымыздың ішкен су, татқан дәм, жұтқан ауасы үшін Отанына берген перзенттік есебі, тойға тартуы деп қабылдаған дұрыс.
– Кітапқа кірген белгілі адамдар жайлы қысқаша тоқтала кетсеңіз...
– Қандастарымыз Отанына оралған бетте қол қусырып қарап отырмай, қайнаған өмірге белсене араласып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібіне, экономикасы мен әлеуметтік саласына, ғылымы мен біліміне, мәдениеті мен өнеріне, медицинасы мен әдебиетіне т.б. өз үлестерін қосуға кірісті. Бұл қандастарымыздың қатарында жоғары білімді мамандар, білікті ғалымдар, іскер кәсіпкерлер, өрнекті шеберлер, қарымды қаламгерлер, қайраткер азаматтар аз емес.
Мәселен, ғылым саласында — дінтанушы ғалым Халифа Алтай (Түркиядан), тарих ғылымының докторы, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы (Моңғолиядан), ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі, Қырғыз КСР ҒА корреспондент-мүшесі, медицина ғылымының докторы Сейітхан Жошыбаев (Қырғызстаннан), тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы, (Қытайдан), тарих ғылымының докторы Бақыт Еженхан (Қытайдан), шығыстанушы ғалым, филология ғылымының докторы Ислам Жеменей, (Ираннан) т.б., жазушылардан – Жақсылық Сәмитұлы, Оразанбай Егеубай сияқтылар, әнші Майра Мұхамедқызы, таэквондодан V дан иегері Мұстафа Өзтүрік, олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам деп тізе берсек, барлық саланың саңлақтары санап тауысқысыз. Кәсіпкерлік салада Сабыржан Мұқаметханұлы, Төлеубай Нығарбай, Шағанбек Қанжарбайұлы, Қуанышбек Өнерханұлы, Қамбар Әжіқадырұлы, Баһаргүл Төлегенқызы, Фарида Мерхамитқызы сияқты жүздеген адамға жұмыс беріп, өнім өндіріп отырған азаматтар жетерлік.
– Сіз кітапты шығару барысында бір жыл еңбектендім дейсіз. Сонда кім қаржыландырды және кітапты шығаруға кімдер демеушілік жасады? Бұл жинаққа лайықты қандастарымызды толық қамти алдым деп ойлайсыз ба? Кітапқа енбей қалғандардың өкпесі болмай ма?
– Мен бір жыл жарғақ құлағым жастыққа тимей жүгірдім. Маған Ақсүйрік Ізмұқанова, Гүлнар Беган, дизайнер Берлібай Мәмбети деген қыз-жігіттер көмектесті, оларға келісімді жалақы бердім. Өзім еңбекақысыз жұмыс істедім. Кітап шығатын кезде кәсіпкерлерден көмек сұрадым, олар лайықты қол ұшын созды. Соңында жетпеген ақшаға кітапқа кірген азаматтар – Сабыржан Мұқаметханұлы, Азат Кәрімұлы, Ержан Шәріпханұлы демеушілік жасады. Маған кейбір ағаларым қанша қаламақы алдың, саған түсер пайда не дейді. Мен пайда жайлы ойламадым. Осы кітаптағы жетістіктер Тәуелсіз елімізге оралған және Тәуелсіз елімізді дұғасына қосатын сырттағы 5 миллионға жуық қандасымыздың арманына – арман, дәрменіне дәрмен қосар, осы кітап Қазақстан қоғамында оралмандар жайлы оң пікір қалыптастыруға септігін тигізер деген үміттемін. Осы кітап ұлт тағдырын ойлаған кешегі Алаш зиялыларының аманатын арқау етіп тұрғандай... Десек те, ескерте кетер бір жайт, бұл кітапта кітапқа кіруге лайық қандастарымыз толық қамтылды деп айта алмаймын. Уақыттың шектеулілігіне байланысты кітапқа енбей қалған азаматтардан кешірім сұраймын! Бұл қазақ үшін жасалған еңбек болғандықтан, халқын сүйетін, елдік мүддені жеке мүддеден жоғары қоятын азаматтар маған ренжімейді деп ойлаймын. Алда «бұл кітаптың жалғасын құрастырсаң» деген ұсыныстар айтылуда. Бұл жоба осымен тоқтамайды. Қалып қалған азаматтар келесі кітаптарға кіре жатар.
– «Жақсыны көрмекке» демекші, кітаптың тұсаукесерін қайда және қашан өткізесіз?
– Кітаптың таныстырылымына байланысты тұсаукесер рәсімі үстіміздегі жылдың 5 қазанында сағат 17.00-де Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында осы орталықтың директоры, қазақтың үлкен зиялысы Мырзатай Жолдасбековтің қолдауымен өтеді. Бұған қоса, өзімнің жетекшілігімдегі «Әдебиет және ізгілік» клубының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік жемісі» атты мәдени шара өтпекші. Шараның аясында шетелден келген қандастарымыздың, ғалымдар мен ақын-жазушылардың кітап көрмесі, кәсіпкерлік өнімдерінің көрмесі, спортшылардың халықпен кездесуі болып, соңы өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін салтанатты кешке ұласады. Кешті қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет жүргізеді. Сіздерді де осы шараның қонағы болуға шақырамын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы құтты, ел іргесі тыныш, көшіміз байсалды болғай!