Тәуелсіз елімізге Тәңірдің берген тәтті сыйы

Мансұр ХАМИТ (фото)

Алла оны тіл-көзден сақтаса екен! Екі жасында әріп танып, төрт жасынан өлеңге жақын болған, сегіз жасында «Тәуелсіздігім – Тәңірден келген тәтті сый» деп жүрегінен төгілте жыр жазған қаршадай ғана Жамбыл Дүйсенұлының өзі Алланың қазаққа берген тәтті сыйы секілді. Сәуірдің 5-і күні жасы 8-ге толған бала ақын Жамбылдың сол күні Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында өткен шығармашылық кешінде өрімдей өреннің рухты өлеңдерін тыңдап, айрықша әсер алған жұрттың бәрінің көкейінде осындай ой болған шығар. Ендеше, Алаштың айбынын асырып, рухын асқақтатар ақын ұлыңмен сіз де таныс болыңыз, ағайын!
Әлқисса
Айтарымыздың әлқиссасын бала ақын  Жамбыл жайлы естіген алғашқы ақпара­тымыздан бастасақ. Осы жылдың ақпан айында Алматыда бір 3-сынып оқу­шы­сы шығармашылық кешін өткізгенін естіген едік, бірақ бәлендей мән бермеппіз. Содан наурыздың 21-інде Президенттік мә­дениет орталығындағы мерекелік шара­да «сол бала керемет өлеңдерін оқыды, ғажап» дегенді естігенде елеңдеп қалдық, расында. Сөйткен Жамбыл сәуірдің 5-і күні Астанада Президенттік мәдениет орталы­ғында Мырзатай Жолдасбековтің мұрын­дық болуымен шығармашылық кешін өт­кіз­ді. Келдік. Көрдік. Жырларын тыңдап, тамсандық (тіл-көзіміз тасқа). Қазаққа осы­н­­дай ұл сыйлаған Аллаға шексіз шүкір­шілік дестік.
Сахнада тұрып, шабыттана өлең оқыған қаршадай бала залға лық толған халықты отыз-қырықтағы ақындарға бергісіз ойлы һәм ұтымды ұйқасқа құрылған жырлары­мен әрі тамсантты, әрі рухтандырды. Ха­лық­тың сүйініші шексіз!
Бала Жамбыл өзі жайлы
«Армысыздар, құрметті халайық! Армы­­сыздар, Астана жұрты! Қазіргі тың­дайтын өлеңдеріңіз өзім жайлы. Иә, рас, бүгін – сәуір­дің 5-і, яғни менің туған күнім. Мұқа­ғали атамыз өз туған күнінде былай деп жырлапты ғой:
«Бүгін – менің туған күнім, ой, пәлі-ай!
Мынау қазақ неге жатыр тойламай?
Банкет жасап берер едім бәріне,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – десе, ал мен туған күнімде өзімше былай жырлаймын:
Бүгін – менің туған күнім, ой, ғажап!
Тойлап жатыр қошеметтеп бар қазақ!
Банкет жасап берер еді ата-анам,
Жұмыссыз ғой, ақша табу – бір азап!
Туған күнде шабыт кернеп бойымды,
Қазағыма жырдан соғым сойылды.
Арманым жоқ, ел-жұртымды қуан­ты­п,
Мырза атам жасап жатыр тойымды», – деп сахнаға еш қысылмай, еркін шыққан сегіз жасар Жамбыл өзі жайлы былай жыр­лайды:
2003-тің сәуірінде ашқам өмір есігін,
Сарқытымын Жамбыл қарттың,
Жам­был – менің есімім.
Іште жатып ғашық болдым
бабалардың жырына,
Өлең-жырмен әлдиледі
туған жерім, бесігім.
Екі жаста әріп жаттап,
ата-анама жағыппын,
Төрт жасымда алыс-жақын,
жақсы-жаман таныппын.
Алты жаста аяқтадым
бір мен екі сыныпты,
Жеті жаста сан
жүлдені иеленген алыппын...
Рас, солай! Мен елімнің
ертеңіне жауапты,
Тәуелсіз ел тарландары
болуы керек талантты.
Еркіндіктің қыраны – мен,
елім үшін туғанмын,
Жырлап өтем тал жырыммен
қайсар рухты қазақты!
Мырзатай Жолдасбеков бала Жамбыл жайлы
Бала Жамбылдың кешін ұйымдастырып, шымылдығын өзі ашқан Мырзатай Жол­дас­бековтің сөзімен айтсақ, қазақта бұрын да небір айтулы ақындар, сөз бастаған шешендер, ел бастаған көсемдер аз болған жоқ. Құдайға шүкір, олар бүгін де бар. Сондай ұрпақ сабақтастығы жалғасының бір куәсі – Жамбыл Дүйсенұлы. «Бүгін, сәуір­дің 5-і күні, тура сегіз жасқа толды. Мен ойлаймын Жамбылдың 80 жылды­ғында, Алла жазса, бүкіл Қазақстан дүрлі­гіп, жер-көкке сыймай, көп қонақ келе­тін болар деп. Бұл бала ақпанның 23-і күні Алматыда үлкен кеш өткізеді. Кеш жұрттың көңілінен шығып, көкейіне қонады. Содан кейін, неге екенін білмеймін, маған сәлем жолдапты. «Мырзатай атама сәлем айтың­дар: сәуірдің 3-і күні Президент сайлауы өтеді, Нұрсұлтан атам қайта сайланады, мен сәуірдің 5-і күні сегізге толамын. Сол күні мен Астанада Президенттік мәдениет орталығында шығармашылық кешімді өткіземін», – депті. Қалай «жоқ» деп айта­сың?! Өзім аң-таң болдым, астапыралла, бұл қандай бала болды деп. Ойланып-толға­нып, ақыры телефон шалдым», – де­ген М.Жолдасбеков бала ақынның өлең­дерін тыңдаған соң ерекше әсер алғанын, оның ақындығына шүбәсі қалмағанын айтады. Тіпті Жамбыл деп атауға жүрек­сініп, Жәке дейтінін де жасырмады. «Алла­ның қазаққа берген сыйы ма екен дедім, Алла аманды­ғын берсе, осы бала қазақтың сө­зін ұстағалы тұр. Осы баламен бірге Жам­был­дың да, Мұқағалидің де рухы туған халқы­ның ортасына қайтып оралған­дай болып көрінеді маған», – дейді кезінде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын зерттеген Мырзекең.
Өлең-жырдың қос алыбы – Жамбыл мен Мұқағалидің жалғасы
Бала Жамбылдың түйдек-түйдек жыр­ла­рын тыңдап отырып, оның бойына Жа­рат­қан иеміз айрықша рух бергеніне күмә­ніңіз қалмайды. Өйткені ол – анасы Кәмшат пен әкесі Дүйсеннің 15 жыл зарығып күткен тұңғышы. Енді қараңыз, сөйткен бала Жам­был жырдың қызыл жолбарысын жетектеген ата Жамбылдың жерінде туса, ана­сы, яғни нағашы жұрты – «ақындықтың Хан-Тәңірі» атанған, Мұқағали туған Нарын­­қолдың Қарасазынан. Оның ұйқасы орай­лы, сөзі шұрайлы, ең бастысы, әр сөзінен қазақтың өр рухы айқын аңғарылып тұра­тыны да содан болар.
«Жыр жазу да оңай емес білгенге, Оңай емес шын жылап, шын күлген де. Тіл күр­ме­ліп, сөз таппайсың оңдырақ, Өлең келіп жан-жағыңнан бүргенде», – деп бастаған «Оңай емес» атты өлеңінде бала Жамбыл таңды таңға ұрып, шабыттың шаттығына бөлену мен ақындықтың жауапкершілігі қандай екенін шынайы өрнектейді. Ал енді «Тілім – тағдырым» өлеңінде: «...Тілім ме­нің – тағдырым, жан дауысым, Кеудемдегі өрлігім, мән-маңызым. Шыбын жанды қиямын өз жолыңа, Тіршілікте сан ғасыр самғау үшін...» – деп, бүгінде өз тілін өзі біл­мей жүрген мыңдаған бауырымызға  ой салады.
Жалпы, бала Жамбылдың осы уақытқа дейін жазған өлеңдері 50-ге жуықтайды екен. Оның ішінде «Тәуелсіздігім – Тәңірден келген тәтті сый» атты рухы асқақ өлеңі де бар. Оның бәрін және сол кештен алған әсерді бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, әрине. Сондықтан Мырзатай Жолдасбеков­ше айтсақ, «Жамбыл қазаққа ылғи керек болатындықтан», бұл мақаламызды осы­мен түйіндеп, кішкентай ақынның үлкен кешіне куә болған бірқатар азаматтың пікірін ұсынғанды жөн көрдік.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, мәдениет министрі:
– Жамбылдың әлгіндей үлкен адамдардың санасына, қалыптасқан ақын­дардың ойына орала бермейтін мінсіз шумақтарын көргенде, шынды­ғын­да, бір таңғажайып талант дүниеге келген деп айтуға болады... Былайша айтқанда, Жамбылдың ақындық мек­тебінің бірінші бөлігі қалыптасқан. Ендігі көп нәрсе ата-анасына байланыс­ты. Сондықтан ата-анасына айтарым: біріншіден, Жамбылды тіл-көзден таса ұстау қажет; екіншіден, сахналарға көп шығара бермеу керек; үшіншіден, той-томалақтарға қатыстырып, ағаларының мерейтойларына өлең арнатпаған жөн; төртіншіден, қазақ тілімен шектеліп қалмай, басқа пәндерді де жақсы оқы­сын. Мұндай азаматтар кішкентайынан тіл меңгеруге бейім болады. Сондықтан өзге тілді, әсіресе ағылшын тілін үйренсе, мүмкін, кейін ағылшын тілінде де ана тіліндей жазып кетер. Жасыра­тыны жоқ, қазақтың небір таланттары ағылшын тіліне кезінде дұрыс аударыл­мағандықтан, орыс тілінің аясында қалып қойды. Сондықтан Жамбыл атаң қазақ поэзиясының биігінен орын алса, сенің әлем әдебиеті мен поэзиясының төрінен орын алуыңа тілектеспін!
Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Керемет! Бұрын, мысалы, «қаз дауысты Қазыбек пәлен жасында бүй депті» деген әңгімелерді естігенде, көзімізге елестете алмаушы едік. Мынау бала Жамбылды көріп, сол баяғы ата-бабаларымыздың рухы қазаққа қайта келгеніне, яғни қазақтың мәңгілік екеніне көзім жетіп тұр. Тәубе деймін. Бір Жамбылды бір Жамбыл жалғап отыр. Оның өлеңдері періште-жүрегі­нен шығып жатыр. Мен өзім ана тілінен безіп, лағынет айтып жүрген бауырла­ры­мыз осы бала Жамбылдың жырлары­нан кейін оянатын шығар деймін. Алла тағала қазақтың асыл рухын, жырын Жамбыл арқылы қайта жеткізіп отыр. Олай болса, Алла қазақ қылып жаратқан ұл болсын, қыз болсын өзінің тілін жасы 80-ге келсе де, үйренуі тиіс. Аты-жөнін қазақша жазуы керек. Ұлы Жамбылдың да, бала Жамбылдың да жырын жатқа айтпаған қазақ қазақ емес. Жамбылдың жасы ұзақ болсын! Ол – шын мәнінде, Алла тағаланың қазаққа берген сыйы!
Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор:
– Ризамын, алған әсерім керемет! Бұл – бір үлкен, ерекше құбылыс! Енді өссін, өркендесін деймін. Ең бастысы, тіл-көзден аман болсын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста