Отандық актер, күннен күнге танымалдылығы артып келе жатқан Тәуекел Мүсілім өзінің қыздарға деген көзқарасымен бөлісіп, шетелдікке тұрмысқа шығатын қазақ қыздарына қатысты пікір білдірді. Сонымен бірге, ол желіде тарап кеткен қырғыз қызымен түскен суреті туралы да шындықты айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Бұл туралы ол Zhuldyz TV арнасының "Сенбілік серуен" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Тәуекел қырғыз режиссерінің фильміне түскен сәтін еске алды. Осы сәтті пайдаланған журналист Тәуекелден қырғыз еліне күйеу бала болмақшы деген сыбыстар туралы да сұрақ қойды. Себебі, желіде қазақ актерінің қырғыз қызымен бірге түскен суреті қызу талқыға салынғанын оның жанкүйерлері жақсы біледі.
Бұл сұраққа нақты жауап беруден қашқан актер қырғыз қызымен расында да қарым-қатынасы болғанын айтты. Дегенмен, түптің түбінде ол жар таңдауда қазақ қызына басымдық бермек.
"Менің анамның айтқан ақылы бар. Ол кісі менің қалыңдығым, яғни болашақ жарым қазақ болғанын қалайды. Сол тілегін орындаймыз. Жеке өмірімді ешкімге көрсетпеуге тырысамын.
Бірақ ол суретті бір кісілер абайсызда салып қойған. Әрине, ұлтқа байланысты ешкімді бөліп жармаймын, жаман ұлт жоқ, тек нашар адамдар ғана бар деген сөз бар ғой, соны ұстанамын", - деген ол міндетті түрде қазақ қызына үйленетінін жеткізді.
Сонымен бірге ол өзге ұлтқа тұрмысқа шығатын қазақ қыздары туралы да ой қосты.
"Қазақтың жан дүниесін қазақ қана түсінеді. Қазіргі күні әпкелеріміз, қарындастырымыз шетелдік азаматтарға тұрмысқа шығып жатыр. Әрине, жеке өмірі, әркім өзі біледі. Дегенмен менің ондай нәрселерге деген көзқарасым оң емес. Мүмкін, өзіміздің жігіттерде де бар шығар кінә. Боспыз, бағаламаймыз, жеңіл-желпі қараймыз, еріншекпіз.
Әпкелеріміздің көңілі қалып, басқа азаматтардан қамқор іздеп жүруі мүмкін. Бірақ қанша жерден бақытты болсаң да, ғашықпын десең де, қазақты қазақ қана түсінеді. Оның менталитеті басқа, жан дүниесі басқа, осында қанша жыл тұрса да қазақ болып кете алмайды", - деді ол.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін ол желіде тарап кеткен қырғыз қызымен сүйісіп тұрған суретіне қатысты пікір білдіруден қашып, мойындамай қойған еді.