Татарстанды таңғалдырған Тасқын
Жуырда Қазанда Татарстанның Мәдениет министрлігі мен Н.Г.Жиганов атындағы Қазан мемлекеттік консерваториясының ұйымдастыруымен Н.Г.Жиганов атындағы І халықаралық композиторлар байқауы өтті. Қазақ топырағы, Орал қаласында дүниеге келген татар кеңес композиторы, КСРО Халық әртісі Нажип Гаязұлының туғанына 100 жыл толуына орай өткен ауқымды байқауда қазақстандық дарынды екі жастың айы оңынан туды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Тасқын Жармұқамет ІІ жүлдеге ие болса, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспиранты, қазақ қызы Әйгерім Сейілова ІІІ жүлде биігінен көрінді. Қытайдан келіп, қазақы бояуы қанық «Шоқан ізі» атты симфониялық туындысын шығарып, Қазақстанның абыройын асқақтатқан Тасқынды әңгімеге тартқан едік.
– Тасқын, жүлдеңіз құтты болсын! Байқауда жүлдеге ілінген шығармаңыз еліміздің сахнасында орындалды ма?
– «Шоқан ізі» атты симфониялық поэмам былтыр консерваторияны бітірерде дипломдық шығармам болды. Ерболат Ахмедияровтың дирижерлігімен мамыр айында консерваторияның үлкен залында Алматы мемлекеттік симфониялық оркестрі орындады. Дәл сол кезде Қаршыға Ахмедияров дүниеден өтіп, жетісі беріліп жатқан. Қаршыға ағамыз да бұл шығарманы сахнаға шығарамыз деп, ұлы Ерболат та сөз бергендіктен, ауыр қайғыны арқалап, дирижер пультінде тұрды. Сол бейнетаспаны Татарстанға жіберген едім. 2-ші кезеңге өтіп, шақырту алдым. Москва, Петербург, Уфа, Татарстан қалаларынан 45 жасқа дейінгі композиторлар қатысты. Байқау енді дәстүрлі түрде бес жылда бір өтпекші.
– Көбіне қай жанрда жазасыз?
– Консерваторияның композиция мамандығында оқыған соң, камералық, вокалдық, ұлт аспаптар оркестріне арналған шығармалар жазуға тура келеді. 2008 жылы консерваторияның студенттерінен құралған ұлт-аспаптар оркестрі Астана, Көкшетау, Үрімжі қалаларына барғанда, «Өнер сапары» деген күйімді орындады. Негізі, ән жанрынан гөрі аспаптық музыкаға, әсіресе ұлт аспаптарына жуықпын.
– Ауылда өскен баланың классикалық музыкаға бет бұруы сирек кездеседі ғой, бұл саланы қалай таңдадыңыз?
– Әке-шешем – күй шерткен адамдар. Кішкентайымнан мені домбыраға баулыды. Домбыра тарта жүріп, музыкаға келдім. Қытайда Жуңгуо Көркем өнер институтының музыка факультетін, музыкатану мамандығы бойынша бітірдім. 2004 жылы Қазақстанға келдім. Сол жақта алған мамандығым бойынша Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде сабақ беремін. Ал композиция мамандығын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында алдым, ұстазым – Ақтоты Райымқұлова апай. Шетелдің музыкасын қазақша сөйлету арманым болды. Кинофильмдерде көбіне симфониялық оркестрмен шығармалар орындалады. Н.Тілендиевтің «Қыз Жібек» фильміндегі жоғары деңгейдегі қазақы бояумен анық, керемет туындылары ұлт-аспаптарының көмегімен орындалды. Сондай музыка жазсам ба деген арманым бар.
– Киноға музыка үшін киногерлермен жұмыс істеп жатқан боларсыз?
– Бұл салада біраз тұйықтаумыз. Бірден атақты режиссерлермен жұмыс істеп кете алмаспын. Дегенмен өзімдей жас жігіттермен, Өнер академиясының жас буын режиссерлерімен жұмыс істеп жүрмін.
– Татарстанда жүлдеге іліккен «Шоқан ізі» симфониялық дастаныңыз қалай туды? Шоқанды зерттеп жүр ме едіңіз?
– Шоқанның шығармалары Қытайда қолыма тимеді. Қазақстанға келген соң, таңдамалы шығармаларын оқып шықтым. Отыз жас ғана ғұмырында қазақ үшін соншама іс тындырып кеткен ондай адам дүниеде жоқ шығар деп ойладым. Ата-анам да оның еңбегін үлгі етіп айтып отыратын. Алтынемелдегі мұражайына, қабірінің басына барып қайттым. Шоқандай қайталанбас тұлғаның жүрген жолын бейнелейтін шығарма жазсам деген ой келіп, 2007 жылдардан бері зерттеп, дайындалып, осы туындымды шығарған едім.
– Рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!