Тастағы жазудың өшкені — тарихтың өшкені

2001 жылдың жазында Алматы облысындағы Үлкен Арасан шатқалына барған едік. Тау беткейіндегі алып тастың беті өрнекті жазуларға толы. Көне  әліпбиді еске түсіретін жазулардың көлемді бір мәтін екені көрініп тұр. Биіктегі тасқа ойылып жазылған осы бір жазудың үштен бір бөлігін біреулер қырнап өшіріп тастапты. Тастың түбінен шып-шып шығып жатқан мөлдір қайнарға келушілер кір-кір тиындарға тастап, бұталарға ескі шүберектерді байлап тастапты. Кім өшірді көне жазуды? Жапан даладағы тасты қоритын жан жоқ. Анадай жерде ағып жатқан Кеген өзені ғана бұл ескерткішті бүлдіргендердің ісіне  куә сияқты.
2003 жылдың жазында Арасанға тағы бардық. Бұл жолы үлкен тастағы мәтіннің жартысын біреулер күйелеп өшіріпті. Кейінгі ұрпаққа ескерткіш боп қалсын деді ме екен, қолы жеткен жерге өз аттарын, тіпті туған жылдарына дейін жазып тастаған.  Кеген өзені дыбыссыз ағып жатыр.
2005 жылдың шілде айы. Райымбек ауданына үшінші рет ат басын бұрдық. Үлкен Арасанның жазуын суретке түсіруді ойлағанбыз. Жалпақ тастағы көне мәтіннен бірде бір таңбасы қалмапты. Кім болса да әкесінің өші кеткендей, аямай қырнаған.  Қыр астында бір малшы үйі тұр. Малшыдан тастың жайын сұрап едік, «Жазда қасиетті жердің суынан ішу үшін Алматыдан туристер келіп тұрады. Олардың не істеп, не қойғанында біздің шаруамыз жоқ. Бұл жерге тек мал суғаруға келеміз» деді. Жергілікті құзіретті органдар да, тұрғындар да тастың ерекшелігіне назар аудармаған.  Осылайша, ғасырлар бойы күннің ыстығы мен жауын-шашынға төтеп келген бір мәдени ескерткіш төрт жыл ішінде жойылды. Бір тарихты баяндайтын жазу жүйелі зерттелмеген күйі мәңгілікке өшірілді. Осы аймақтағы Кіші Арасанға да бардық. Таңбалы тастардың қолмен қиратылғаны көрініп тұр.
Адам баласы тарихи құндылығы болмаса ешкімге зияны жоқ мәдени ескерткіштерді жоюға соңғы кезде неге құмар? Әлде тиесілі органдар  тарихи мұралардың маңызы зор екенін жеткілікті деңгейде насихаттамай ма? Соңғы жиырма жылда тек Қазақстан ғана емес, жалпы дүниежүзі бойынша мәдени-тарихи ескреткіштерге орны толмас нұқсан келуде. Мәселен, «Мәдени ескерткіштерді қорғау» қоғамының мәліметі бойынша,   Ресейде мемлекет аумағындағы ескерткіштердің 70 пайызының жағдайы көңіл толмайтын деңгейде екен. Ел аумағындағы мәдени, археологиялық мұралардың 50 пайыздан астамы өзгеріске  ұшырап, жойылудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді. Ауа-райының әсеріне қыңқ етпеген ескерткіштер ХХІ ғасырға жеткенде адамның қолымен бүліне бастаған.
Археологиялық маңызы бар нысандарды қазу барысында көнеден жеткен асыл заттардың тонауға ұшырауын былай қойғанда өндірістің дамуымен және қалалар санының өсуімен байланысты  көптеген қорғандар құпиясы ашылмаған күйі тапталып кеткен. Соңғы он жылда Ресей федерациясында 2,5 мың мәдениет ескерткіші жойылған.  Он шақты жыл ішінде 155 археологиялық ескерткіш жоғалып кеткен. Ал Қазақстан қанша мұрасынан айырылды, есептеп, түгендеген жан бар ма?
Жалпы ТМД көлемінде  мәдени-археологиялық ескерткіштердің жойылуына гидротехникалық құрылыстар, жол салу, тонау әрекеттері себеп болады екен. Былтыр ЮНЕСКО-ның мәдени құндылықтарды сақтауға арналған жиынында ұйымның бас директорының мәдениет жөніндегі  орынбасары Франческо Бандарин Сирияның өзінде үш жыл ішінде қақтығыстар салдарынан ЮНЕСКО тізіміне енген 300-ге жуық ескерткіш бұзылғанын мәлімдеді. Соғыс кезінде  ҮІІІ ғасырға жататын Алепподағы мешіт күмбезі, Хомстан 65 шақырым жердегі көне сарай қиратылған. Өрт салдарынан ежелгі Алеппо қаласының бір бөлігіне нұқсан келген. Елдегі тұрақсыздық адамдардың өмірін қиып жатқанда мәдени мұралардың сақталуы туралы  сөз қозғаудың өзі артық шығар. Бірақ тарихи нысандар жалпы адамзаттың құндылығы емес пе?
Адамзаттың мәдени мұраларына қауіп төніп  тұрғаны туралы мәселе 1972 жылдың 21 қарашасында БҰҰ-ның білім, ғылым, мәдениет жөніндегі конференциясында  көтерілді. Конференцияға жиналған ғалымдар ескерткіштердің адамзат болашағы үшін маңызды құндылық екені айта келе, мұраларды сақтауға барлық халықтар атсалысуы керек деген қорытынды жасаған.
ЮНЕСКО мамандары 2013 жылдан бері қақтығыстарды пайдаланып, пайда табуды көздеген топтар Сирия мұражайларындағы жәдігерлерді  көрші елдерге тиеп әкетіп жатқанына алаңдаушылық білдіруде. БҰҰ-ның ғылыми-зерттеу  институтының (ЮНИТАР) мамандары спутниктен түсірілген суреттерді зерделеу нәтижесінде 290 мәдени мұраның 104-і  зақымдалып, 24-і толығымен күйрегенін анықтаған. БҰҰ-ның ғылыми-зерттеу институты соғысып жатқан тараптарды мәдени-тарихи ескерткіштерді жоюды тоқтатуға шақырса да ешкім құлақ аспаса керек.  Еуропалық Кеңестің Парламент ассамблеясы мәдениет, ғылым, білім жөніндегі  комиссиясы  Сириядағы мәдени мұраларды жойған бұзақылардың әрекетін адамзатқа жасалған қастандық деп бағалап, ісін халықаралық сотқа беру жөнінде ұсыныс айтты.
Адамзат үшін аса құнды мұралардың антропогендік фактор салдарынан жойылу фактілері ХІХ ғасырдан бастап жиілеп кеткен. 1871 жылы Генрих Шлиман деген әуесқой археолог  Троя қаласының қирандыларына кездеседі. Шлиман қалашыққа динамит лақтырып, қайталанбас мұралардың көп бөлігін жойып жібереді.  Ал Ауғанстандағы 37 және 55 метрлік  Будда мүсіндерін  2001 жылы талибтер жарғанынан да ел хабардар. ЮНЕСКО бұл мүсіндер мол қаржыны қажет ететіндіктен қалпына келтірмеуді ұйғарыпты.
2011 жылы Британия мұражайының қызметкері Джон Кйортис  Ирактағы әскери операциялар кезінде тарихи ескерткіштердің көптеп жойылып жатқандығы туралы мәлімдеме таратты.  Вавилондағы 150 гектар  аумақта әскери  қызметкерлер лагері орын тепкен. 2,5 мың жылдық көне көпірді танктер құлатса, Хан Аль-Раб керуен сарайы  қаруларды жоятын полигон ретінде пайдаланылған. Нәтижесінде керуен сарайдың ізі де қалмаған.
Қытайдағы Нанкин аймағында сауда орталығын салу кезінде көне тарихи нысан табылған.  Тарихшылар мен археологтар құрылысты тоқтатуды талап еткенмен, кәсіпкерлер құлақ аспаған.  Ақырында тарихи кешен толығымен қиратылып, орнына заманауи сауда кешені салынады. Перудегі биіктігі 6 метрлік Эль-Параисо пирамидасын 2013 жылы құрылыс компаниясының жұмысшылары тегістеп тастайды.  Төрт мың жылдық тарихы бар бұл нысан ежелгі өркениеттің мәдени, діни маңызы бар кешені болған көрінеді. Құрылыс компаниясының жұмысшылары келесі пирамидаларды шетінен қиратуға кіріскенде полицейлер келіп тоқтатқан. Қазіргі кезде пирамиданы жоюған компанияның үстінен іс қозғалуда.
Белизедегі 2,3 мың жыл бұрын тұрғызылған майяның Нох Муль  пирамидасын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатады екен. Биіктігі 30 метрге жететін, ежелгі архитектураның керемет үлгісі болып табылатын бұл нысан 2013 жылдың көктемінде бульдозермен құлатылады.
Сауд Арабиясында соңғы кезде заманауи қонақүйлер тұрғызу үшін көне ескерткіштердің орнын босату фактілері белең алуда. Мәселен, Мәдинада кейінгі жылдары Бани-Хашем тарихи нысаны мен бірнеше мешіт  қиратылған. Мамандар жаңа мұнараларды көне мешіттерді қиратпай-ақ   тұрғызуға болатындығын айтса да,  жергілікті билік олардың сөзіне құлақ аспаған.
Әлемнің ең діни деген қалаларында бұрын-соңды болмаған әрекеттердің орын алуы барып тұрған сорақылық екенін ағылшынның «Telegraph» басылымында журналист Дэмиан Томпсон алғашқы  боп сынап жазды. Ал «Independent» газетінде Джером Тейлор  Сауд Аравиясында тарихи мешіт қиратылғанда қарсы шыққан ешкімнің болмағанын айтып, алаңдаушылық танытты. Батыс журналистері бұл әрекет вахаббит сектасының  көне мұраларды жоюға бағытталған арнайы бағдарламасы арқылы жүзеге асқанын жазуда.
Бұл топтың өкілдері әлемнің әр түкпіріндегі мұсылмандардың құны алтынмен де өлшенбейтін мұраларын жоюға кіріскен көрінеді. Мәселен, Ливияның  ежелгі заман кітапханасындағы  бірегей қолжазбалардың түгін қалдырмай өртеп жіберген. Кейінгі жылдары ваххабит топтары Малидегі мұсылман әулиелердің күмбездерін қиратқаны туралы да батыс ақпарат құралдары мәлімет таратты. Малидегі Тимбукту  қаласында ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген көптеген ескерткіштер бар. Шығыстың «Сиди Яхья» мешітін де қиратқан осы топтың бұзақылары. «Аль Алам» телеарнасы сионистік топтар  мұсылман ғимараттарын бұзып, орнына еврей әйелдеріне арналған синагога тұрғызуды жоспарлағаны туралы хабар таратты. «Аль-Акса» мешітінің оңтүстік шығысындағы салмағы бес тонналық тарихи тасты сионистер ұрлап кеткен. Бұл тас кейін сионистік синагога ауласынан табылған. Палестинадағы мұсылман ұйымдары бұл әрекетті қатаң сынады. Сионистер «Аль-Акса» мешітінің астынан туннел салуды сылтауратып, түбін қазу арқылы тас бағандар мен жартастардың эрозияға ұшырауын жылдамдатып, мешіттің көзін біржолата жоймақ болған.
Каирден 288 шақырым жердегі Эль-Хибех қалашығын Калифорния университетінің археологтары 2009 жылы қаза бастаған. Қазу жұмыстарын 2013 жылы жалғастырған ғалымдар әбден тоналған жер асты қорымдарына ғана кездескен. Бұзақылар қорымдағы сүйектердің күл талқанын шығарып, жер астындағы нысандарды қиратып тастаған.
Мамандар Қазақстандағы Сақ қорғандарының да бірнеше рет тоналып барып «ашылатынын» айып жүр.  Елімізде тарихи нысандарға жасалып отырған қамқорлықтың жеткіліксіз екендігін кешендерді аралау барысында көреміз. Республикада тек шырақшысы бар кесенелер ғана қорғалатын сияқты. Көне жазулары бар жартастар ата-баба тарихының құнды бөлігі ретінде емес, иесіз, ешкімге керегі жоқ нәрсе сияқты. «Таңбалы тас» кешені тәрізді бірді–екілі нысан болмаса, республикадағы жазулы жартастардың ешқайсына  белгі орнатылмаған. Соның салдарынан талай тарихи тас құрылыс материалы ретінде пайдаланылып та кетті.  Ал шет елге кеткен жәдігерлердің толық тізімі  әлі жасалған жоқ.
Ирактың туризм  және тарих жөніндегі министрлігі арнайы зерттеу арқылы  2003-2004 жылдар аралығында ел аумағынан 130 мың мәдени-тарихи құндылықтың заңсыз әкетілгенін анықтап отыр. Бүгінге дейін олардың тек 10 пайызы ғана қайтарылған. АҚШ-тағы мұражайларда Ирактан заңсыз әкетілген 90 мың жәдігер бар екен. Вашингтон ол мұраларды қайтарудан бас тартып отыр. 2013 жылы АҚШ-тың Корнель университетінде Ирактың Шумер, Вавилон дәуіріне тиесілі 10 мың көне затын  Корнель университеті алған.
Адамзаттың мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалуға арналған халықаралық құжаттар жеткілікті, бұл мақсатта жұмыс істейтін ұйымдар да бар. Мәселен, 1935 жылы Вашингтонда қабылданған Рерих пакты мәдени мұраларды қабылдауға арналған алғашқы құжат болып табылады. 1899 жылы Санкт-Петербург губерниясында  қазу жұмыстарын жүргізу кезінде  суретші Николай Рерихке археологиялық ескерткіштерді қорғау туралы идея келеді.  1903 жылдан бастап Рерих Ресей губернияларын аралап, тарихи ескерткіштердің этюдтерін жасайды. Көптеген ежелгі сарайлар жойылып кетсе де Рерихтің арқасында суреттері сақталып қалған. 1928 жылы  Николай Рерих әлем жұртшылығын мәдени мұраларды сақтап қалу жөнінде шаралар қабылдауға шақырады. 1928 жылдың тамыз айында француз халықаралық мамандары  Рерихтің ұсынысымен құқықтық құжат қабылдайды. 1931 жылдан бастап адазматтың мәдени мұраларын қорғауға арналған  конференциялар өткізіле бастайды. 1931 жылы Николай Рерих әлемдік мәдениет лигасын құруды ұсынады. Бұл лиганың мақсаты табиғатты аялауға тәрбиелеу және мәдени мұраларды қорғауға атсалысу.  Ал 1972 жылы ЮНЕСКО әлемдік мәдени, табиғи мұраларды қорғауға арналған конвенцияны қабылдайды. Рерих пакті негізінде  2001 жылы «Мәдени әртүрлілік туралы жалпы декларация», 2003 жылы ЮНЕСКОның конвенциясы, 2005 жылы «Мәдени  құндылықтарды  қорғауға арналған БҰҰ-ның конвенциясы қабылданды.
Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жұмыстары «Мәдни мұра» тәрізді бағдарламалар аясында жүргізілген шаралардың арқасында жүзеге асты. Алайда көптеген көне нысандар антропогендік фактордың әсерінен бұзылысқа ұшырағаны жасырын емес.  Археологтар жәдігерлердің толық күйінде сақталмауына қазба жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаржының тапшылығынан көреді.  Республиканың кейбір өңірлерінде көне қорған, ескі қаланың орнына дүкен, жанар-жағармай стансасын салу әрекеттері кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында Сайрам көне қалашығының территориясына кәсіпкерлер дүкен тұрғызған. Алматы облысының Шығысындағы қорған түбіне жеке кәсіпкер жанармай  стансасын салып, көне нысанға нұқсан келтірген.  Мемлекет қарауына алынған археологиялық нысандар да жүйелі түрде зерттеліп, жәдігерлері шашу шығарылмай жиналды деп айта алмаймыз. Мәселен, атақты Бозоқ қалашығы мемлекеттің қамқорлығына алынса да соңғы жылдары нысанның бұзыла бастағаны байқалуда.  Соңғы жылдары техниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан Бозоқтың бір бөлігіне нұқсан келген.
Әлемдегі бірқатар мемлекеттер әртүрлі факторлардың әсерінен бұзылған немесе жойылудың алдында тұрған археологиялық, мәдени мұраларды тізімге алып, оларды сақтап қалудың амалдарын қарастыруда. Жапонияда таудағы әрбір тас, бұталарға дейін қоршалып, тізімделген, арнайы мамандардың бақылауында. Ал археологиялық, мәдени кешендердің жанында «қолмен ұстауға болмайды», «суретке түсіруге болмайды» деген тәрізді ескертпе жазу жазылған тақтайшаларды көресіз.  Ал Қазақстанда ірі нысандар болмаса, мемлекеттің қарамағына кіргені бар, кірмегені бар, алыс аймақтардағы, тау қойнауындағы тарихи кешендер қараусыз қалуда. Қазақстандағы беті пиктографиялық суреттерге тола жартастарға қамқорлық танытып жатқан ешкімді көрмедік. Көпшілігі зерттелмеген күйі мәдениеті төмен кейбір туристердің қолымен күйеленіп, өшірілуде. Тозығы жеткен таңбалы тастардың бір бөлігі үгітіліп, сынып жатыр. Жергілікті мектептің оқушылары суретке түсіріп, ғылыми жоба ретінде сипатын қағазға жазғаны болмаса, таңбалы тастарға ғылыми нысан ретінде қараушылар некен-саяқ.

Шарафат Жылқыбаева

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста