Тастағы көне жазуларды құрылысқа пайдаланып жатырмыз
Ауыз толтырып мақтанғанды қалаймыз. Қазақ даласы кең-байтақ дейміз. Оған ешкімнің дауы жоқ. Әлемде жер жөнінен тоғызыншы орында тұрмыз. Қазба байлық мол екенін айтамыз. Оған да ешкім шәк келтіре алмайды. Ежелгі заманның ескерткіштері мол екенін тағы білеміз. Бұл да рас. Алайда, оларды қорғауға келгенде бармақ тістейміз. Басқа не істейміз енді? Бұл жөнінен кеуде керіп, мақтана алмаймыз. Шындығында, біз оларды қалай қорғауға алуды білмей жүрген секілдіміз. Қазақ даласының кез-келген топырағын түрте қалсаңыз, тарихтың талай тылсымын ұғуға болады. «Алаш айнасы» осы жайында ой толғайды.
Өкініштісі, біздің соған қолымыз жете алмай келе жатқан жайы бар. Өйткені, кезінде оған мойын бұруға шамамыз келмеді. Қазіргі күні бірді-екілі жұмыстар қолға алынғанымен, одан арғы тірліктер сол күйінше жалғаспай жатыр. Тарихи ескерткіштер қамқорлық жоқтығынан көз алдымызда жоғалып бара жатқан секілді. Оған дәлел боларлық деректер де жоқ емес. Жақында республикалық телеарнаның бірінде Жамбыл облысындағы Кемер-Қызылтау аймағындағы петроглифтер салынған тастарды жергілікті тұрғындар бұзып алып жатқаны жөнінде хабар жұрттың құлағына тиді. Қарапайым халық оларды үйдің іргетасына пайдалану мақсатында бұзып алып кетіп жатыр екен. Әзірге оларға тәйт деп айтқан ешкімнің төбесі көріне қоймайды. Аталмыш жазулар осыдан 400 мыңдай жыл бұрын тасқа қашап басылған.
Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде кө-рініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының – Швеция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания, Азияда – Үндістан, Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Арабия аумағында, Американың – Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия және Австралияда да кездеседі.
Қысқасы, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан мұндай орындар көзге ұшырасады. Осындай орындар ТМД елдерінің аумағында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста көрініс береді. Қысқасы, петроглиф адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс екенін аңғару қиын емес.
Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді ежелгі адамдар мекен еткен көрінеді. Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді. Шамамен 500 мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқсайды. Осы кезеңнен қалған ескерткіштер де баршылық. Қаратау қойнауында тасқа салынған суреттер жетіп-артылады. Өкініштісі: «сол бағалы байлығымыз бен қымбат қазынамыздың қаншалықты қадіріне жете алдық» деген сауал көкейде жиі қонақтайды. Шынында да, біз осындай тарихтан тамыр тартқан, түп-төркінімізді түгендейтін, талай кезеңнің шежіресін тарқататын көне жәдігерге өз деңгейінде назар аударып жүрміз бе? Әрине, біз бұл бағытта енді-енді ғана жұмыстар жүргізіп келеміз. Тіпті қаншама томға жүк болатын істің алғашқы парақтарын ашып отырған секілдіміз. Болмаса, сол тарихи дүниелерге байланысты зерделі зерттеу жүргізер едік-ау. Бұл әзірге біздің тек қиялда жүрген ойларымыз болып тұр. Қаратау қойнауындағы қымбат қазынаға әлі де түрен салына қойған жоқ.
Шындығын айтқанда, бұл дүниелерді өнер туындылары ретінде қарауға әбден болады. Ескерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүние-таным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді.
Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астам бейнелер бар. Солардың қатарында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен Сауысқандық жотасындағы суреттер саналады. Бұл маңда мұндай ескерткіштер өте мол. Ауқымы да үлкен. Археолог Мадияр Елеусінов бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалардың молдығы әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейтінін айтады. Алайда Қаратау қойнауындағы көне жәдігерлердің насихаты өте кемшін түсіп тұр.
Жалпы, бұл өңір – көне заманның түп-тамырына үңілетін археолог ғалымдарға әлі де ашылмаған арал тектес. Себебі аталмыш орындарға күні бүгінге дейін өз деңгейінде назар аударылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдар білек сыбана кірісе қоймады деуге болады. Оның түрлі себептері де баршылық. Кезінде қаражат жоқтығы қолды байлады. Осының салдарынан жұмыс кейінге ысырылып келеді. Бұл қашанға дейін созылмақ? Әзірге бізге белгісіз.
Одан қалды, көне ескерткіштер адамдар тарапынан да жойылып барады. Ғалымдар ескі жәдігерлердің оннан сегізі жұмыр басты жандардың қолынан бүлінетінін тілге тиек етеді. Жамбыл облысында кездесіп отырған жағдай осы сөзімізге айқын дәлел. Қалғаны табиғаттың әсерінен бастапқы бейнесін жоғалтады екен. Өкінішке қарай, Сауысқандық жотасындағы тастағы жазбалардың біршамасын адамдар қолмен қиратып бүлдірген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі шежіресінің бағасын білмейді. Тасқа қашалған суреттерді қорғаудың орнына өз «қолтаңбасын» да қалдырып кетуді дұрыс көреді. Олардың үстіне өздерінің аты-жөнін баттитып жазғанды өзіне «мәртебе» санайды. Осыған қарай отырып, бұл тастағы жазбалар неге арнайы қорғауға алынбай отыр деген ой туады.
Қазақстандағы петрографиялық зерттеулер өткен ғасырдың 20-жылдарынан басталды. Осының нәтижесінде тастағы біршама жазбаларға назар аударылып, ғылыми тұрғыда баға берілді. Атап айтқанда, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Қаратау, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Теректі-әулие секілді жерлердегі жазбаларға осындай зерттеулер жасалған. Дегенмен оны өз деңгейінде орындалды деуге келмес. Әлі де жан-жақты таразыға тартуды қажет етеді.
Петроглифтік дүниелер өнерінің мәні терең, бейнесі мазмұнды болып келеді. Ежелгі замандағы адамдар аңыз әңгімелерге ден қоя отырып, мифтік бейнелерді де тасқа қашай білген. Сондай-ақ қоршаған ортаға қатысты көріністерді де көз алдына келтіреді. Өркениетті елдерде мұндай бағалы байлық әлдеқашан өз бағасын алған. Оған қаншама уақыттан бері тарихи туынды ретінде қарап, мемлекеттің өз қамқорлығы жасалады. Өкініштісі, біздің елімізде бұл саланың тыныс-тіршілігі бізді күмәнді ойға қалдырады.