Бұл туралы белгілі журналист Қайырбек Жайлыбек өзінің инстаграм парақшасында жариялады. "Кел, келінім" бағдарламасындағы кейіпкердің сөзінен үзіндіні инстаграм парақшасына жариялап, төмендегідей жазба қалдырды.
"Мен дайынмын!" деген журналистің бұл жазбасы әзіл әрі астыртын сынау екенін түсінген оқырмандары видеодағы кейіпкерге шүйлікті. Өйткені бейнежазбадағы бойжеткен өзінің қызғаншақтығын себеп етіп, күйеуінің үйден шықпайтын еркек болуы керек екенін айтқан.Желі оқырмандары "қазақтың жігіттері намысшыл", "сен күйеуге шықпай-ақ қой" , кейбірі тіпті қызды балағаттап тастаған.
Тележурналисттің өзіне хабарласқанымызда ол бұл әрекетімен қоғамның ащы шындығын жайып салғысы келгенін айтады.
"Батыс елдерінде әйел адамның қалтасына күн көретіндер жігіттерді "альфонс" деп айтатыны белгілі. Біздің елде де жарын ауқатты ортадан шыққанын қалайтын еркектер бар, "қайын жұртым жақсы поддержка береді-ау" деп жағдайына қарап құда түсетіндер жетеді, ашық айтылмаса да, "альфонстар" біздің қоғамды қаптап кеткені рас. Алайда қазақ жігіттері түздің, әйелдер үйдің адамы екенін жеткізгім келді. Бойжеткендер еркектермен тең екенін алға тартып, жарысып ішіп, шегіп, кәсіп ашып, енді, міне, табыс әкелуші қызметіне отырды. Бұл шарықтау шегі деп білемін. Қазақ қыз баланың тәрбиесіне қатты мән берген. Қазір тиымдарға түкіріп қарайтын секілді. Бесіктен белі шықпай "бай" іздегендері қай сасқаны? Бұрымдылардың бұл қылықтарынан ұлттың болашағына қатты алаңдаймын, шыны керек. Келешек ұрпақ қандай тәрбие көрмек?! Бәлкім, жігіттер ұсақталып жатыр, бірақ әркімнің қоғамдағы өзі рөлі, өз орны, тіпті атқаратын қызметі бар, еркек-еркек, әйел-әйел болуы керек! Соған жұрттың назарын аудартқым келді. Менің түсінігімдегі қыз - үйдің шам-шырағы, берекесі, ұйытқысы!" - деп сөзін тәмамдады журналист.
Фото: @bek_tv
Автор: @karashash_esenbay