Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жердегі Таңбалы тасты өз көзімізбен көру үшін бір топ журналист жолға шықтық. Жолдың нағыз машақаты діттеген жерімізге 40-50 шақырым қалғанда басталды. Ойдым-ойдым жол тарихпен жүздесуге бара жатқан біздердің бетімізді қайтара алған жоқ. Жол қуып жеткеніміз сол еді, бір топ адам емен-жарқын амандасып, шашу шашты. Арасынан сөз сұрағаны домбыраны күмбірлетіп, таныстық-білістігімізді әнмен ашып берді. Олар «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің қызметкерлері екен. Директоры Ерлік Әлімқұлов сөз бастап, биыл бұл қорық-музейдің 10 жылға толып отырғанын айтты.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген қорық-музейдің қорғауға алынған жалпы аумағы 3800 гектар екен де, оның 9 гектары аса маңызды тарихи орын болып саналады. Мұнда тек жаяу жүруге болады және туристер таулы-тасты жерге лайықталған киім киюі тиіс екен. Туристік маршрут 3000 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар демалуға арналған орындықтар мен саялықтар жаңадан қойылған.
Мұндағы қоныстар, молалар, ертедегі тасқа қашалған таңбалар, петроглифтер және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) бейне бір ерте дәуірге еніп кеткендей әсер қалдырады. Ғалымдардың айтуынша, таңбалар саны 5000-ға жетіп жығылады. Біздің экскурсиямыз қола дәуірінен бастау алып, хронология бойынша орта ғасырларға дейін жалғасты. Бірінші рет бұл жәдігерлер 1977 жылы Анна Максимовнаның жетекшілігі бойынша жасалған экспедицияда зерттелгенін айтуымыз керек. Кейіннен зерттеушілер Алексей Марьяшев, Зейнолла Самашев және Алексей Рогожинскийлер бұл тақырыпта көптеген еңбектер жазыпты.
Экскурсия алты топтан тұрады
Сонымен, экскурсиямыздың бірінші тобы кейінгі қола дәуіріне жататын (б.з.д. 12-10 ғғ.) жазық алқаптан басталды. Мұнда түрлі дәстүр бойынша адам жерлеу рәсімдері өткені белгілі болды. Әрмен қарай петроглифтердің сақталған ең көп бөлігі – қорық-музейдің орта тұсына жалғасты. Тас бетіндегі таңбалар көбіне аяқталмаған, жартылай салынған (немесе өшіп кеткен). Оларда жануарлар мен адамдар бейнеленген. Қорықтағы ең үлкен, 70 сантиметрлі таңбалар да – осылар.
Екінші топта 400-ге жуық тасқа салынған сурет бар. Таңбалы петроглифтерінің көне және ең айқын топтамасын білдіретін қола дәуір (б.з. дейінгі ХІV-ХІІІ ғғ.) кескіндемелері көп. Олардың қатарына жабайы аңдардың (бұғы, жылқы, өгіз, қасқыр және т.б.), сонымен бірге антропоморфтық фигуралар, атап айтқанда, фантастикалық (бетперде киген садақшы, «жасанғандар») кескіндемелер жатады. Суреттер ірі (25-75 см), терең әрі айқын салынған. Жануарлардың сақ кезеңіне жататын «аң стилінде» жеке кескіндемелері б.з. дейінгі І ғасырда пайда болған деседі музей мамандары.
Ал ІІІ топта тасқа салынған 400-ден аса кескіндеме бар. Қола дәуіріндегі кескіндемелер (б.з. дейінгі XIV-ХІІІ ғғ.) басымырақ, ал көбі кейінгі кезеңдерде жаңартылыпты. Олардың қатарына жабайы аңдарға аңшылық жасау көріністері (құландар, тау ешкілері), өгізді құрбандыққа шалу және т.б. көріністер жатады. Тасқа ойып, қашап салу өнерінің ең үздік туындысы ретінде өгізге мінген күн басты құдайлардың және буаз сиырдың бейнелері болып табылады екен. Кейінгі қола кезеңіне (б.з. дейінгі ХІV-ХІІІ ғғ.) адамның құрбандық шалу көрінісі жатады. Сақ кезеңіне жататын (б.з. дейінгі V ғ. ортасы) аң стиліндегі жануарлардың бейнелері және балта ұстаған сарбаздардың әскери биінің көрінісі кіреді.
ІV және V топтарда 1000-нан аса сурет бар. Мұнда да көбіне жануарлар бейнеленген. Олар: денесінде жолақтары бар өгіздер, жылқылар, қабан және т.б. жануарлар. Бір ерекшелігі, әскери арбалар мен түйеге жегілген әскери жүк арбалар, сонымен бірге антропоморфтық фигуралар, олардың қатарында күн басты құдайлар кескіндемелерінің бірнеше ірі композициялары жатады.
Моңғол тастарындағы «бұғышылар» стиліндегі және сақтың аң стиліндегі бұғылардың кескіндемелерінен тұратын композициялар б.з. дейінгі І мыңжылдықтың бірінші жартысына жатқызылыпты.
Орта ғасырларда басының айналасында сәуле түріндегі нимбасы бар той-думан кезінде отырған антропоморфтық құдайдың, атты жасақшылардың, бұғылардың, сонымен бірге түркі тайпалар таңбаларының кескіндемелері бар.
VI-топта 250-ден аса қашалған сурет бар. Ерте темір дәуірдегі петроглифтер басымырақ, әсіресе ортағасырлық суреттер аңшылық көрінісі, ту ұстаған атты жасақтар сонымен бірге тайпаларының таңбалары көп. Түркі петроглифтерін көбіне көне композициялар толықтырады, қола және ерте темір ғасыр суреттері көбірек сақталған. Онда қазірде кездесетін бұғы, елік, жылқы суреттері болса, кейде күн басты адам секілді өзге танымдық бейнелер салынған. Жылқы үстінде отырған адамдар, бір ошақ басында билеп жүрген адам суреттері де бар.
Тастағы тарих бүлінуде
Тарих, дала өркениеті мен мәдениеті дәл осы тастардың бетінде қашалып салынған. Бірақ тарихи кешеннің жағдайы осы бастан түзелмесе, аз-ақ күннің ішінде құрып кету қаупі бар. Кейбір бейнелер уақыттың, табиғи жағдайлардың себебінен бүлінсе, кей жағдайда тіпті жергілікті жақын маңдағы тұрғындар мен келушілердің де жауапсыздығы тарихи деректерді бүркемелеп жатыр. Оны қойсаңыз, кеңес өкіметі тұсында да түрлі әскери сынақтар мен жаттығулар алаңына айналыпты. Қоршауға алынған аймақтың солтүстігінде жолсызбен жүріп жатқан бірді-екілі жүк көлігін байқағанымызда мұны таныстырушымыз әлдеқандай әк алынатын орынның да жақын маңда орналасқанын айтып қалды. Бастапқыда айтып өткен сапасыз жолдар сол жүк көліктерінің кесірінен екен, сөйтсек.
Әйтсе де мұнда адамдар кей құдіретке сенгеннен келеді дейді жолсерігіміз. Талға, тасқа байланған шүберектер де болған екен, тек оларды кейін алып тастауға тура келген. Тіпті жапониялық туристер келіп, өзгеше бір әсер алғандығын, өзін жеңіл сезініп, бір рақаттанғанын айтқан.
Ерлік Әлімқұлов, «Таңбалы» қорық-музейінің директоры:
– Қазірде «Таңбалы» қорық-музейінде үш проблема бар. Біріншісі – жол. Екіншісі әрі маңыздысы – тасқа қашалған бейне, петроглифтерді сақтау және қалпына келтіру. Мұнда «Қазқайтажаңарту» РМК бізге көмекке келуде. Үшіншісі – «Таңбалы» кешенін салу. Таңбалы кешенінде болашақта туристерге барлық жағдайды жасауымыз керек. Мәселен, қонақүйлер, демалатын орындар, қорық-музейдің бас кеңсесі деген сияқты жобаларымызды да дайындап қойдық. Еліміздің ғана емес, адамзаттың назар аударарлық жәдігері ендігі кезекте БАҚ құралдары тарапынан насихатталса деген ниетіміз бар. Болашақта осы мәселелерді шешетінімізге кәміл сенемін.
Таңбалы тастар тасада қалып қойды
Последние статьи автора