«Таңбалы тасқа» туристерді тарта аламыз ба?
Жуырда Алматыда орналасқан Ықылас атындағы Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайында «Таңғажайып Таңбалы» атты көрме болып өтті. Мұражай басшылығы бұл шараны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Таңбалы» қорық-мұражайына 10 жыл толуына орай ұйымдастырып отыр.
Ұзақ жылғы үзілістен кейін биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, кеңінен пайдалануға берілген Ықылас атындағы аспаптар мұражайында өткен жиынға шетелдік ұйымдардың мамандары, жергілікті мұражайлар қызметкерлері мен тарихшы-ғалымдар, туризм агенттіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Негізінен, 16-20 қазан күндері аралығына жоспарланған ауқымды шара Алматы облысындағы туризм саласына серпін беруді мақсат етеді. Осы шара аясында «Таңбалы» музейін отандық және шетелдік туристерге кеңінен насихаттап, ғасырдың өзі тудырған тасқа қашалған ғажайып таңбалардың бүгінгі және ертеңгі жай-күйіне көпшілік назарын аударту көзделген.
Тамырлы тарихымызға түбегейлі бетбұрыс жасалып жатқан бүгінгі қазақ қоғамы үшін өткенге үңілу арқылы келешекті бағдарлау аса маңызды шаруаға айналып отыр. Алматы қаласының іргесіндегі таңғажайып Таңбалы тастар тұрған жер осы уақытқа дейін әлемдік деңгейде қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгенімен, көнеден сыр шерткен осынау тылсым жерде жергілікті келушілер мен шетелдік туристер аялдайтын орын қарастырылмаған болатын. Сондай-ақ Таңбалыға дейін апаратын сапалы жолдың жоқтығы көпті алаңдатып отырған және бір күрделі мәселеге айналған. Десек те, Мемлекеттік мәдени мұра бағдарламасына сүйеніп, ЮНЕСКО тарапынан үлкен қолдауға ие бола отырып, бүгінде таңбалы тастар төңірегіндегі тұралаған түрлі түйінді проблемаларға нүкте қойылатын күн жақын емес сияқты. «Таңбалы» қорық-мұражайының10 жылдығына арналған көрменің ашылуында сөз сөйлеген ЮНЕСКО өкілдері мен қорық-мұражай басшылығы алдағы 2015 жылдан бастап Таңбалы төңірегінде арнайы қонақүй мен ғылыми зертхана және қорық-мұражайдың әкімшілік ғимараты құрылысы басталатынын айтуда.
Ерлікбай Бессатұлы, «Таңбалы» қорық-мұражайының директоры:
– Таңбалы – Орта Азиядағы жартас өнеріндегі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы «Археологиялық ландшафтының петроглифтері» республикалық ескерткіші саналады. Нақты деректер бойынша «Таңбалы» шатқалында республикалық маңызы бар ескерткіштер саны 100-ге жуық тіркелген. Негізінен, археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстарды құрайды. Негізгі қордағы экспонаттар – қыш ыдыстар саны – 37. Олардың дені – қыштан жасалған көне ыдыстар. Ашық аспан астындағы қорық-мұражайындағы ерекше қорғалатын аймақта 3000-ға жуық жартас суреттері, яғни петроглифтер сақталған.
Таңбалы қорық-мұражайы еліміздің оңтүстік-шығысында, Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ селолық округі аумағында, Алматы қаласының солтүстік-батысынан 170 шақырым жерде, Қарабастау ауылының солтүстік-батысына қарай төрт шақырым жерде орналасқан. Таңбалы қорық-мұражайы аумағының жалпы ауданы 3800 гектар жерді құрайды, ал аймақтағы туризмді дамыту мақсатында мұнда «Визит-орталығы» құрылысын салу үшін 24 гектар жер телімі берілген.
Таңбалы шатқалының аумағында жүзден астам әртүрлі уақыттағы археологиялық ескерткіштер орналасқан. Атап айтқанда, қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі ХІV-ХІІІ ғасырдың ортасынан ХІХ-ХХ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасқан. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы біздің еліміздегі ертедегі және қазіргі кездегі көптеген халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешенді құрайды.
Кешеннің бір-бес топтарындағы барлық кезеңдердегі негізгі жартастарында 3000-ға жуық петроглифтер сақталған археологиялық ландшафты болып табылады. Ертедегі петроглифтер белгілі бір бағытта орналасқан жазықтық жартастарға ойып жазылған. Аңғардағы археологиялық әрбір ландшафты жартастарының алдында қола дәуірінің барлық суреттері күрделі композицияларға дәйектеліп біріге орналасқан және бір мезгілде көрінетін орындары бар. Таңбалы петроглифтер галереясы қола дәуіріндегі тайпалардың ертедегі мифологиясы негізіндегі көркем хикаяны нақтылы түрде анықтап көрсетеді. Қола дәуіріндегі Таңбалының көптеген петроглифтері Орталық Азияның жартас өнеріндегі бірегейі деп саналады.
Осы орайда, көрме аясында жиналған қауымға келешектегі Таңбалы кешені құрылысы жобасы таныстырылды. Бұл құрылыс мұнда сапарлап келгендерді қарсы алатын «Керуен-сарай» сипатында болмақ. Демек, тиісті қаржы-қаражат дер шағында бөлініп, құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілсе, енді бірер жылда Таңбалы аумағында туризмге қолайлы инфраструктура қалыптасатын болады. Тек қолға алған бастамамыз, кейбір жобаларымыз сияқты аяқсыз қалмасын деген зор үміттенеміз.