Талқылау тек мадақтау емес...
Соңғы кездері жарық көрген кітаптарды арнайы талқылау түгіл, көз қиығын тастауға, бір ауыз пікір білдіруге де құлықсыз болып бара жатқандаймыз. Астанада осы істің қылаң беріп қалғаны қуантады. Белгілі балалар жазушысы, сатиралық туындыларымен де мәлім Толымбек Әбдірайымның «Жалқаулыққа кім үйір?» (Алматы, «Баур», 2008) атты кітабын Отырар кітапханасына жиналған бір топ зиялы қауым жіліктеп тұрып талқылады.
Жазушылар одағының Астанадағы өкілдігін басқаратын белгілі қаламгер Әкім Тарази кітапты талқылауға ұсынуға бастама көтеріпті. Автор келіскен. Ең қиыны – бас біріктірер орын керек. Оның да қисыны келе қалды. «Отырар» кітапханасының директоры Тұрсын Жұртбай даңғарадай бір кабинетін ұсынып тұрып: «Кітабың шыққан соң оқырман не айтады деп елеңдейсің. Бірақ ешкім үндемейді. Тіпті қасыңдағы зиялы қауымнан үн шықпайды. Мұндай үнсіздік – шығармашылықты өлтіретін шыңырау», – деді. Профессор Серік Негимовтің пікірінше, «Жалқаулыққа кім үйір?» кітабы қазақ әдебиетінің соңғы жылдарында жазылған балалар әдебиеті бойынша сүбелі еңбектердің бірі екенін айтты.
Талқылау соңында қатысушылар бірауыздан кітапты халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсынуды жөн деп тапты.
Р.S.
Әрине, талқылау тек мадақтауға құрылмауы керек. Әдеби сынның мақсаты – шығарманы жарамсыз етіп сынау болмаса беталды мақтап ала жөнелу емес. Мақсат – кітапты оқырманға түсіндіріп жеткізу. Әйтсе де талқылаған кітаптарды да іздеп жүріп оқитын оқырман бар ма екен?!