Өткен ғасырдың басында хат танып, қалам ұстаған – татар, башқұрт, қазақ, өзбек, адыгей, әзірбайжан, черкес жастарының «Ғалия» медресесінен білім алмағаны кемде-кем және солардың көпшілігінің кейіннен ұлт мәдениетінің көрнекті өкілдеріне айналғаны да белгілі. Осының өзі – аталмыш оқу орнының халық ағарту ісінде айтарлықтай маңызды рөл атқарғанының бір дәлелі. Жалпы, біз медресе тарихынан не білеміз? Өзге діни оқу орындарынан «Ғалия» несімен ерекшеленді? Мұсылман жастары үшін қандай маңызы болды? «Ғалия» медресесінде білім алған қазақ шәкірттердің ондағы игілікті істерінен бүгінгі қауым қаншалықты хабардар?
Медресе тарихынан бірер сөз
Зерттеушілердің пікіріне жүгінсек, 1905 жылғы I орыс революциясы Ресей империясына қарасты елдердің саяси-әлеуметтік, мәдени көзқарастарына көп ықпал етіп, соны серпілістер туғызды. Соның бір көрінісі ретінде Исмаил Гаспиринский сияқты қайраткерлердің жұртты тек діни тұрғыда сауат ашып қана қоймай, қазіргі заманға сай білім алуға үндеуін айтуға болады. Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің айтуынша, осы жаңа бағытты Ресей империясының қол астындағы мұсылман жұртында алғаш рет Зиярдин әл-Камали деген ағартушы жүзеге асырады. Сөйтіп, 1906 жылы 7 қазанда С.Жантурина, С.Нәзіров, Б.Нәзіров, С.Шамғұлов сияқты Уфа миллионерлерінің демеушілігімен «Ғалия» медресесі ашылады. Бірінші жылы 70 бала қабылданады және шәкірттердің жасы 15 пен 45 аралығын қамтиды. Бас-аяғы алты жылды құрайтын медреседегі оқу мерзімінің алғашқы төрт жылында ақысыз білім берілген де, кейінгі екі жылда шәкірттер оқу, жатақхана, тамақ ақысы ретінде жылына 60 сомнан төлеп тұрған. Арабшадан аударғанда «ғали» сөзінің «жоғары» деген мағынаны беретінін ескерсек, аталмыш білім ұясы, шынымен де, өз атына сай бола білген. Оқытушылардың бірқатары – Түркияда, келесі біреулері Египетте арнайы маманданған жоғары білімді ұстаздар болған. Медресе сондай-ақ өзінің бай кітапханасымен, сол заманға сай жақсы жабдықталған пәндік кабинеттерімен де ерекшеленген. Оқу бағдарламасы бойынша, онда ислам тарихы мен философиясын, Құранды, Мұхаммед пайғамбардың өмірін оқытып-үйретуге көп маңыз берілген. Сонымен бірге араб, парсы, француз, орыс, татар тілдері оқытылған. Өзге медреселерден ерекшелігі – «Ғалия» бағдарламасында психология, педагогика, логика, музыка, түркі тілдерінің тарихы, химия және физика пәндері де қамтылған.
Зерттеушілер «медресе қабырғасында еркіндік рухы салтанат құрған» деседі. Яғни әр бейсенбі сайын жастар пікірсайыс өткізіп, онда әртүрлі саяси тақырыптарды талқылап отырған. 1912 жылы шәкірттер әлдебір мәселелерге орай наразылықтарын білдіріп, ереуіл ұйымдастырып, сол үшін тіпті 65-і медреседен шығарылған... 1914 жылдан бастап, демеушілер медресені қаржыландырудан бас тартады. Бірақ алдыңғы қатарлы интеллигенция медресеге мүмкіндігінше қолдау көрсетеді. Ал Зиярдин әл-Камали болса, осы мақсатта қайырымдылық қорын ұйымдастырып, қаржы-қаражат жинау үшін басқа қалаларға да шығып тұрады. Сөйтіп, білімге құмартқан мұсылман жастары 1919 жылға дейін, яғни қашан жабылып қалғанша, медреседен білім алуды жалғастыра береді...
«Ғалияда» оқыған қазақ жастарының тағылымды істері
«Ғалияның» бір топ қазақ шәкірті «Әліппе, яки төте оқу» құралын да өз ана тілімізге ыңғайлап шығарған және елдегі мектептерде балаларды татардың емес, қазақтың оқулықтарымен оқыту туралы талаптар қойған, балаларды дыбыс әдісімен оқыту методикасын жүйелеген. Олардың «қазақ балаларын оқытып жатқан мұғалімдеріміздің қазақша оқу құралдары бола тұра, ноғай тілінде жазылған оқу құралдарын алғызып жүргендерін байқаймыз...» деп, соған қарсылықтарын білдіріп жазған мақалалары «Қазақ» газетінде жарияланған және өз орталарында үлкен қайшылық туғызған. Тұрсынбек Кәкішевтің пікіріне сүйенсек, тіпті мынандай да жағдай болған: “Сендер өздеріңе әліппе жасап алайық деп жүрсіңдер. Бізде оқып жүрсеңдер де қазақ даласына алақтай қарайсыңдар, біздің оқу-білімімізді өздеріңе ыңғайламақсыңдар. “Ғалия” татар медресесі болғандықтан, татар тілінен басқаларға жол жоқ” деп, татарды “айрықша жақсы көретін” екі шәкірт медресе оқуханасында жатқан “Садақ” журналының 1913 жылдың күзінде шыққан екі нөмірін жыртып-жыртып, дәретханаға апарып тастапты. Бұған ызаланған қазақ шәкірттері біраз қызылшеке болып, қол көтерісіп қалған сәті кездесіпті... Жастардың арасындағы осындай алауыздықтың ушығып кеткендігі соншалық, медресеге Орынбордан Ахмет Байтұрсынов әдейі барып, татар мен башқұрттың Ғалымжан Ибрагимов, Мәжит Ғафури сынды зиялыларымен сөйлесе отырып, татулық орнатады...
«Ғалияның» қазақ шәкірттері
«Ғалияда» білім алған қазақ жастары мен олардың медресе қабырғасында жүріп тындырған игілікті істері жөнінде бізде Тұрсынбек Кәкішевтен басқа жан-жақты зерттеген адам жоқ. Ал профессордың айтуынша, бұл – шын мәнісінде, ден қоярлықтай-ақ тақырып. Неге дейтін болсақ, біріншіден, медреседе татар мен башқұрттан кейін көп оқыған – қазақ жастары. Он екі жыл өмір сүрген жоғары оқу деңгейіндегі медреседен 200-дей қазақ баласы білім алып шығып, қазақ елін ағарту бағытында үлкен істер тындырған. Тарих ғылымының докторы, профессор Хайыржан Бекхожин «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты еңбегінде осы жайтқа тоқтала отырып, «Ғалияны» бітірген 154 қазақ шәкіртінің төте оқу мектептерін ашып, бала оқытқаны жөнінде дерек келтірген. «Менің өзіме «Ғалияда» оқыған 79 қазақ баласының есімі белгілі», — дейді Тұрсынбек Кәкішев. Олардың арасында, басқасын айтпағанда, елге танымал тұлғалардан Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Мәншүктің әкесі Ахмет Мәметов, Ермектің әкесі Бекмұхамет Серкебаевтар бар...
Екіншіден, «Ғалия» қабырғасындағы қазақ жастары «Садақ» атты қолжазба журнал шығарып, оған өздерінің тырнақалды туындыларын беріп отырған. Сонымен бірге «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде де жастардың шығармашылығымен қатар, қоғамдық мәселе көтерген ой-пікір, көзқарастарына да тұрақты орын беріліп тұрған.
Мағжантанушыларға ой-тамызық
Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің айтуынша, 1912 жылғы шәкірттер көтерілісіне тап сол кезде “Ғалияда” оқыған Мағжан Жұмабаев қатысып қалуы ғажап емес. Өйткені Ғалымжан Ибрагимов сынды озық ойлы жанмен бірге оқыған, жақын таныс болған және сол 1912 жылы өлеңдер жинағы шыққан жас талапкердің қоғамдық-әлеуметтік оқиғадан тыс болуы мүмкін емес еді. Қаншама саналы болса да, қасындағы жора-жолдастарынан қалып қоюға оның ұяты жібермес еді. Екіншіден, медреседен қуылған 65 шәкірттің бірі Мағжан болуы да ықтимал. Қаншама “орысжанды” болса да, небәрі бір жыл ғана оқып, Омбыдағы оқытушылар семинариясының дайындық курсына “жаңа заманға ыңғайлану талабымен” түсіп еді деу — өте қиын...
Қорыта айтқанда...
«Ғалияда» оқыған қазақ шәкірттерінің шежіресін тарата берсе қызықты хикаялар суыртпақталып шыға береді. Тұрсынбек Кәкішевтің бұл реттегі пікірі ең алдымен, олардың 1913-1918 жылдары, қолжазба түріндегі “Садақ” журналының 40 шақты санын шығару арқылы мәдениетімізге үлкен олжа сыйлағанын айрықша атау қажет дегенге саяды. Сонымен бірге профессор ағамыз: «Бүгінгі жетелі ұрпақ сол “Садақ” журналының таптырмай жүрген 20 шақты санына сұрау салып, тауып, қазақ мәдениетіне үлес қосса ғой, шіркін!..» — деген арманын жасырмайды...