Қазіргі таңда қоғамымызда көп кездесетін, адам баласы мінез-құлқының төрінен орын алған, бірақ Құран Кәрімде қатаң тыйым салынып, үлкен күнәлардың қатарына жатқызылатын сипат – ол тәкаппарлық. Тіпті кейде өзіміздің бойымызда тәкаппарлықтың қалай қалыптасқанын сезбей де қаламыз. Жалпы, «тәкаппарлық» деген ұғымды қалай түсінеміз?
«Тәкаппарлық» арабтың «кибр» және «такаббур» сөздерінен шығады. Мағынасы «үлкен», «ұлы болу» дегенді білдіреді. Қазақ тілінде кібірлік немесе тәкаппарлық деп аталады. Негізінде, адамның өзін өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезімі – кібірлік. Сол кібірлік адамның іс-әрекеттерінен көрініс тапса, онда ол – тәкаппарлық. Тәкаппарлық – пендені Алла тағаланың мейірімінен, рақымынан алыстататын жаман қылық. Өйткені ол өзін Ұлы, Үлкен және Жоғары санайды. Ал бұл – тек Аллаға ғана жарасатын сипаттар. Сондықтан егер пенде тәкаппарланса, Алла тағаланың қаһарына ұшырайды. Кібірліктің кесірінен пайда болатын іс-әрекеттер өте көп. Өзімізді басқалардан жоғары ұстауымыз, яғни өзіміз секілділерге, мейлі оның киіміне болсын, атақ-абыройына немесе тұрмысына қарап менсінбей, мұрнымызды шүйіруіміз тәкаппарлыққа жетелейтін іс-әрекет болып табылады. Тәкаппарлықтың тағы бір жағымсыз көрінісі – адамның өзімшілдігі мен айналасындағылардың ақыл-кеңесіне құлақ аспай, өзімбілемдікке салынуы. Өйткені Құран Кәрімнің Лұқман сүресінің 18-аятында былай делінеді: «Адамдарға тәкаппарлықпен бетіңді бұрма және жерде тәкаппарланып жүрме, шынында Алла тағала тәкаппар, мақтаншақтарды сүймейді». Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.у.) былай дейді: «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкаппарлық болған кісі жәннатқа кірмейді». Егер бір мұсылман өмірін Аллаға арнап, құлшылықпен өткізсе, сонымен қатар тәкаппар мінезі болса, Ібіліспен дос болғандай, иманы оған еш пайда бермейді. Себебі ең бірінші күнә – тәкаппарлық. Сол тәкаппарлықтың кесірінен Ібіліс Алланың рақымынан мәңгі айырылды. Бақара сүресінің 34-аятында: «Біз періштелерге Адамға (ғ.с.) сәжде етуге әмір еткенімізде олар сәжде етті. Тек Ібіліс қана бас тартып, тәкаппарланды және кәпірлердің қатарынан болды», – делінеді. Ібіліс тек «тәкаппарланды» деген атқа ие болған жоқ, сонымен қатар кәпір болып саналды. Кез келген адам егер тәкаппарланса, осындай күйге түсуі әбден мүмкін.
Ұлы Раббымыздың тәкаппарлықты сүймейтіні қасиетті Құран Кәрімде жиі ескертіп айтылған. Өйткені хұдси хадисте Алла тағала: «Тәкаппарлық – киімім, ұлылық – жамылғым, кімде-кім осы екеуін аламын деп ортақтасса, оны отқа тастаймын», – дейді. Бұл жердегі Хақ тағаланың «тәкаппарлық пен ұлылық – киімім және жамылғым» дегені тікелей емес, астарлы мағынада айтылып тұр. Яғни бұл екі сипат тек Жаратушымызға ғана тән. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.у.): «Шынында, Алла тағала сендердің кішіпейіл болуларыңды маған уахи етті. Бір-бірлеріңе тәкаппарланып, мақтанбаңдар, бір-біріңе қысым көрсетіп, ренжітпеңдер», – деген. Осыған байланысты адам баласының мінезі кейде мал-мүлкіне қарай өзгеруі мүмкін. Мысалы, бала кезде бір ауылда өсіп, бірге ойнап, бірге оқыған кісілер кездеседі. Есейе келе әртүрлі жағдайларға байланысты әрқайсысы әр тарапқа кетеді. Біреулері қалада өсіп-өніп жатса, енді біреулері ауылында қалып, тіршілігін жалғастыра береді. Міне, сол қалалық жерге келіп, жағдайы жақсарған адамның ауылындағы бірге өскен достарымен қарым-қатынасы бұрынғыдай ма? Ескі достар бір-біріне қол ұшын беріп, шамасы келгенше жәрдемдесіп жүр ме? Әлде өткеннің бәрін жылы жауып қойып, бірін-бірі танымайтын, білмейтін кейіп таныта ма?
Шындығында, мұсылман адамға жат мұндай қылықтардан аулақ болуымыз керек. Басқаларға көрсеткен тәкаппарлығымыз бен менсінбеушілігіміз айналып келіп өзімізге соққы болып тиетіні даусыз. Әрбіріміз шамамыз келгенше тәкаппарлық сипаттан аулақ болғанымыз абзал.