«Тайжарыс» танытқан жас таланттар Түркияны тамсантып қайтты

«Шалқар» ұлттық радиосының «Тайжарыс» радиофестивалі жақында жас өнерпаздарды «Атадан қалған мұра» қорымен бірлесіп қазақ өнерін Түркия еліне паш етіп қайтты. Осы орайда біз шараның басы-қасында жүріп, ұйымдастырған, «Тайжарыс» радиофестива­лінің негізгі авторы, белгілі жур­налист Гүлбағыш Бос­тан­мен сұхбаттасқан едік.

– Байқауды Түркияда ұйымдастыр­ғанға дейінгі шаралар туралы айты­ңыз­­шы, қазақ өнерін өзге елде таны­ту­ға аттанған балалар кездейсоқ жи­нал­маған болар?
– Әрине, шетелге барып келді деп айту­­ға ғана оңай. 2001 жылы ашылғанда да «Тайжарыстың» мақсаты Қазақ радио­сы­ның «Алтын қорына» үздік балалар ән­де­рін жинау болатын. Ол кезде тіпті атының өзі тәрбиелік терең мәнге ие болсын деген ниетпен сол кездегі Қазақ радиосының бас редакторы, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлы «Тайжарыс» деп атаған бола­тын. Ол кезде қазіргідей балалардың өнері толықтай қанатын жая қоймаған кез әрі радионың толқындары да көптеген аумақ­тарға жете қоймаған шақ еді, біраз қинал­ғанбыз. Ал бүгінгі күні ғылыми-техниканың жылдамдығымен қоса, «Атадан қалған мұра» қорының қолдауымен жұмыс біраз же­ңілдеді. 2011 жылдың қазан айында ірік­теуін бастап, таңдалған балалардың ән­дері радио эфиріне жолдама алды. Қа­зылардың сынынан іріктелген өнерпазды тың­дарман дауыс беру арқылы сынады. Сол сыннан өткен қатысушы ғана ақтық кон­цертке қатыса алды. Демек, кәсіби ма­мандардың іріктеуінен өткен, ескерту ала жүріп өскен өнерпаздың да, оны тәрбиелеп жатқан жетекші мен ата-ананың да өнерге деген талғамының өскені анық. Ал қоры­тын­дысына жеткен шақта нағыз жүзден жүй­ріктері суырылып шықты. Сол өнердің жүй­рік тайларын Түркияның Аланья қала­сын­да осымен үшінші рет өткізіліп отырған Аrt olympia халықаралық фестиваль-бай­қауына алып бардық.
– Бұл байқауға өнерпаздармен қа­тар, көркемсөз оқудың шеберлерін де алып барған екенсіздер. Негізі, сөз өне­рі – өнер атаулының төресі дегенді мо­йындаған күннің өзінде үлкен бай­қау­ларда мәнерлеп оқуға ден қоюшы­лар сирек кездеседі. Көркемсөзшілерді бай­қауға қатыстыру арқылы не мақ­сатты көздедіңіздер?
– Біз бала күнімізде көркемсөз оқу арқылы өстік. Өлеңді мәнерлеп оқу арқылы диктор болсам деген арманның жетегімен журналистикаға жол тарттық. Ал өлең оқу баланың танымын, көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз. Көркемсөз – балалар өнерінің ара­сында кенжелеп қалған жанр. Эстрадалық вокал мен аспапты шығармалар үнемі алда екені бәрімізге белгілі. Сондай-ақ ән айту­ға мүмкіндігі жетіңкіремейтін, бірақ өнер­ге жаны құмар, сахнаны сүйетін бүл­дір­шінге таптырмас тәрбие құралы екенін біле­міз. Үлкен шараны бастағанда неге қол­­дамасқа деген ой болды. Шынымен де, ынталы балалар өте көп екен. Алайда оқу техникасы мен өлең таңдау тұрғысынан әлі де біраз жетіспеушіліктер бар. Енді «Тай­жарыс» радиофестивалі жалғасын та­уып жатса, көркемсөз оқу шеберлігін таны­та­тын балалар әлі де көбейе түседі деген ой­дамын.
– Қазір өнерде жанды дауыс, жан­сыз дауыс деген ұғым пайда болды ғой. Ба­ла­лар байқауында кішкентай өнер­паздардың алдын ала жазылған да­у­ыспен елді алдап, күлімдеп тұруы көңілге кірбің ұялатады. Әрине, бала­лардың кінәсы жоқ қой, кішкене ғана өнерпазды әлден халықты алдауға үйретіп жатқан жоқпыз ба деген ойға қаламыз кейде...
– Олай деп ойламаймын. Балалар бай­қауы – нағыз жанды дауыстың додасы. Бай­қасаңыз, қазір балалар байқауының бар­лығы жанды, таза дауыста өткізіледі. Егер алдын ала жазылған фонограмманы қо­сып қойып айтқызса, оның несі байқау?! Бүгін­г­і күні балалар үнінің деңгейін үлкен әртіс­т­ермен салыстыруға келмейді. Бірақ кей әнші аға-апалары бара алмайтын иі­рімдерді еркін, ноталарды таза айтатын бала­лар да бар. Бұл жолғы байқау да дәл сон­дай жанды дауыстың, оның ішінде өзге мем­лекеттен келген, біз танымайтын қатал қазылардың алдындағы сын болды. Ол жерде келесі жолы дайындалып айту деген сияқты мүмкіндік пен аяушылықтардың болмайтынын балалар да жақсы түсінген­дік­тен бар өнерлерін салды. Ал балалардың фонограммамен ән айтатын арнайы ке­зең­дері болады. Яғни дауысы өзгеріске ұшы­­райтын 13-15 жас аралығында бей­бе­ре­кет жанды дауыспен айғайлатуға бол­май­тынын сауатты педагогтер жақсы біле­ді.
– Жас өнерпаздардың аяқ алысын байқап жүрген бір адам ретінде, шы­ны­­ңыз­ды айтыңызшы, келешек өнерпаз­дар­дың ерекшелігі қандай, бізде алға жыл­жушылық бар ма, қазір­гі жеткен биі­гімізден енді қаншалықты өрлей ала­мыз?
– Бүгінгі әншілерде қазіргі балалар­дағыдай жағдай болса, бәлкім, көп дүние басқаша болар ма еді? Біз Түрік еліне байқауға қатысып, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Анталья қаласында «Тайжарыс – Антальяда» атты концерт бердік. Қазақстанның Түркия Рес­публикасындағы елшісі Жансейіт Түйме­ба­ев мырза өзі бас болып, байқауды ұйым­дас­тырушылар мен жеңімпаз балалардың бір шоғыры Анталья қаласының әкімі Мұс­та­фа Акайдын мырзаның қабылдауында бол­д­ық. Қазақтың әні мен күйін тыңдаған әкім концерт барысында өнер көрсеткен жеткіншектерге қатты таңғалып: «Қазақ өнерінде үлкен толқын келе жатыр екен. Алла қаласа, бес-алты жылдың көлемінде қазақ өнерпаздары кәсіби шеберліктерімен әлем әуенін аузына қаратады», – деп өз бағасын берді. Ал Жансейіт Түймебаев мырза өз бастамасымен «Тайжарыстың» таңдаулы жүйріктерін қазан айында Түрік еліне тағы да шақыртатынын айтты.
– Қайта шақырту алғандарыңызға қарағанда, барша түркі халқының ата­ме­кені болған қазақ даласының өнерін мойындатып қайтқан боларсыздар. Еңбектеріңзге жеміс тілейміз!
– Рақмет!

Қаперге!
Түркияда өткен бұл байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Әзірбайжан, Ресей, Түркия елдерінен 960 өнерпаз қатысты. Оның ішінде 100 бала «Тайжарыс» жобасымен барды. Жеке орындаушылармен қатар, оркестр, хор ұжымдары да қатысты. Қазақ балалары 42 жүлдеге ие болды. Жас таланттардың байқауға апарған әндері кең диапазонды, иірімді, яғни қабілет-қарымды толықтай көрсететін әндерімен қатар, сахналық мәдениет пен киім жағынан да ерекшеленді. Орындалған әндердің басым көпшілігі қазақы, бояуы қанық, лирикалық және патриоттық, ел мен жер тақырыбында болды. Ал ұлттық аспапта орындау шеберлігі жағынан домбырашылар мен көркемсөзшілер қазылар алқасын таңғалдырды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста