Тарихтың тереңіне көз тастасақ, тек отбасы, ошақ қасында бала-шағасына, ағайын-туысына ғана қамқор болып қоймай, дүйім халыққа еңбегі сіңген аналарымыз аз емес. Ақыл-парасатының арқасында аттары аңызға айналған Домалақ ана, Айша бибі, ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай, кемеңгерлігімен дараланған Зере мен Ұлжан аналардың ізін жалғаған өр тұлғалы асыл жандар әр уақытта болған, бүгінде арамызда бар. Еңбегімен есімі елге танылып, қоғамда өзіндік орнын қалыптастырған жандардың бірі – Бижамал Рамазанова. Өзінің азаматтық өр тұлғасымен, қайраткерлігімен, кіршіксіз жан тазалығымен үлкен биіктерді бағындырған Бижамал апа биыл 85 жасқа толып отыр. Қаршадайынан халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қайраткердің ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге.
Алғашқы баспалдақтар
Бижамал Рамазанқызы – жер жаннаты Жетісудың тумасы. Қапал өңірінің Қызылағаш топырағында дүниеге келген Бижамал апа жастайынан білімге құштарлығымен, еңбекқорлығымен дараланып, ауыл мектебін үздік бітіріп, қысқа мерзімді педагогика курсында оқиды. Алғаш еңбек жолын мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге әріп үйретуден бастаған Б.Рамазанқызы Түрген педагогика училищесі жанындағы мектеп мұғалімдерін даярлайтын курсты аяқтап, ұстаздық жолын жалғастырды. Жоғары білімін шыңдай түсуді мақсат еткен жас маман кейіннен Алматы қаласындағы мұғалімдер институтын, Абай атындағы педагогика институтын тамамдады. Ұстаздық ете жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен лауазымды басшылардың назарына ілігіп, комсомол ұйымдарына жұмысқа тартылды. Ол о баста Талдықорған облыстық комсомол комитеттерінің нұсқаушысы, кейін Қаратал аудандық, Талдықорған қалалық және облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасады. Жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқара білген маман кейіннен Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, одан соң Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары міндетін иеленді. Осы өңірдің өндірісін өркендетуге, мәдениетін дамытуға, халқының тұрмысын жақсартуға өлшеусіз үлес қосқан Бижамал Рамазанқызы салиқалы еңбегі үшін талайдың құрметіне бөленген еді.
Еңбекпен өрілген өмір
Қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамет Қонаев мемлекет басқарған тұста Бижамал Рамазанқызы Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының хатшысы міндетін атқарып, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде таныла бастады. Кейіннен Алматыдағы республикалық мұрағат басқармасын басқарған уақытта Бижамал Рамазанқызы іскерлігі мен ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында осы саланың қызметін жандандыруға күш салды. Еліміздегі мұрағаттарда қордаланған мәселелерді көрегендікпен шешіп, қорларды фотоқұжаттармен толықтыруды оң жолға қоя білді. Осы жылдары дүниежүзілік мұрағат қызметкерлерінің Вашингтонда және Лондонда өткен конгрестерінде баяндамалар жасады. Қолға алған әрбір ісіне тиянақтылықпен, асқан ыждағаттылықпен қарайтын Бижамал апай мемлекет пен қоғам үшін атқарған ұзақ жылдық еңбегінің жемісі ретінде екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды, үш мәрте КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. 2004 жылы Елбасының қолынан Құрмет орденін иеленді.
Қандай жауапты қызметтерді атқарып жүрсе де, Бижамал Рамазанқызы өзінің нәзікжанды екенін бір сәтке естен шығарған емес. Комсомол жұмысы мен жеке өмірін бір-бірімен ұштастыра білген жас маман комсомол обкомында дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған Шапағат Әлбазаровпен отбасын құрды. Шапағат Әлбазаров – «Қызыл жұлдыз» орденінің кавалері, Белоруссияны, Польшаны жаудан азат етуге, Берлинді басып алуға қатысқан жауынгер. Ол – Екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің кавалері және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Елбасының қолынан алғашқы болып Құрмет орденіне қол жеткізді. Бижамал апай өмірлік жары Шапағатпен Бауыржан, Бақытжан атты екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде көргенді отбасыдан шыққан азаматтардың бірі – дәрігер, бірі ғарыш маманы болып қызмет етуде. Ал Шапағат ата мен Бижамал апа балаларынан немере, шөбере сүйіп отыр. Немерелері Әділжан – Астана қаласындағы республикалық клиникалық ауруханада кардиохирург, бөлім бастығы. Тағы бір немерелері Қайыржан мұнай өңдеу саласының мықты маманы ретінде шетелдерде қызмет етуде.
Бижамал апаның өмірбаянын қарап отырсаңыз, ол кісінің еңбек жолы Қазақстан тарихының үлкен бір кезеңін қамтиды. Ол жастайынан кеңестік билік жылдарында халықтың тұрмысы қандай болғанын, 30-40-жылдары халықтың қандай күрделі кезеңді бастан өткергенін, Ұлы Отан соғысының бар ауыртпалығын, тың игеру жылдарындағы қиындықтарды өз көзімен көріп, куә болды. Кезінде Қонаев, Ниязбеков, Әшімов, Тәшенов, Кәріпжанов сынды озық ойлы азаматтармен қызметтес болған Б.Рамазанқызы әр тұлғаның қазақ халқы үшін еткен ерен еңбегін қашанда жоғары бағалап, жас ұрпаққа үлгі етіп отырады. Осы уақытқа дейін әлемнің 20-дан астам елін аралаған Бижамал Рамазанқызы өзінің бар көргенін, оқыған-тоқығанын талапты жастарға үйретуден жалыққан емес. Оның ізденімпаздығының тағы бір көрінісі – Бижамал Рамазанқызы біршама жыл Мәдениет қызметкерлерінің білімін жоғарылату институтында дәріс беріп, философия ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
Өмірден көргені мен түйгені мол ұлағатты жан күні бүгінге дейін қоғамдық өмірге белсене араласып, білімі мен білігін жастардың бойына сіңіруге тырысып, кейінгі ұрпаққа үлкендік кеңесін беріп отырады. Соңғы он жеті жыл бойында Бижамал Рамазанқызы Алматы қалалық ардагерлер кеңесінде жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру комиссиясының төрайымы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында Бижамал апаның мұрындық болуымен Алматы қаласының ардагерлер кеңесі жас ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды іс-шаралар ұйымдастырып, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерін патриоттыққа баулуда. Оның «Ұмытылмас екі сапар», «Өскелең елдің өренді қыздары», «Елім деп соққан жүректері», «Ұрпаққа ұлағат» сынды кітаптары – ғибраты мол құндылықтар. Жақында «Они ковали историю» атты кітабы жарық көрмек.
Есте қалған күндерден естелік
«Жүйткіген уақытқа шара бар ма?! Ұлы Отан соғысына қатысқан, тылда еңбек еткен азаматтар күннен-күнге азайып барады. Адамзат өміріндегі ең сұрапыл, ең қанды, ең ұзақ соғыс – Екінші дүниежүзілік соғыс. 1908-1926 жылдар арасында туған ұрпақ Ұлы Отан соғысына қатысты. Осы ұрпақтың көргенін ешбір ұрпақ көрген емес. Бұлар 1921-22 және 1931-33 жылдардағы аштықтың екі түрін көрді. 1937 жылғы қырғынды да бастан өткерді. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ызғарына төзді. Олар белшесінен су кешіп, от пен оқтың астында жүріп, елге бірі жаралы, енді бірі мүгедек болып оралғаннан кейін де елді қайта көтеруге атсалысты. Келген бойда оқыды, өйткені олар тіпті онжылдықты бітіре алмай соғысқа кеткен еді. Отбасын құрды, елімізді көркейтті. Осы ұрпақ 1980 жылдардағы реформаға да тап болды. Сол кезде тиісті зейнетақысын алуда да кедергілерге кездесті. Мен осы ұрпақты қиындықтың ең бір қияметін көрген қаһарман ұрпақ дер едім. Дәл осылардың балалары бүгінде елді көркейтуде. Сондықтан өзі санаулы қалған осы ұрпақтың өкілдеріне үлкен ілтипатпен, құрметпен қарап, жағдай жасау керек сияқты. Соғыс жылдары тылда жас балалар мен әйелдер, елуден асқан ер-азаматтар күндіз-түні тынбай еңбек етті. Мен сол уақытта бес жастағы баланың соғыстың не екенін біліп, Отанды қорғаудың қажеттігін сезініп, ерте есейгеніне куә болдым. Он жасар баланың мойнына қоржын іліп, қоржынның екі қалтасын тары мен бидайдың тұқымымен толтырып, әлгі балаға күн демей, түн демей жерге тұқымды шашқызатын. Баланың соңында жығылып қалмасын деп бір ересек адам еріп отыратын. Қалған балалар даладағы ит-құсқа қарамастан, колхоз-совхоздың отар-отар малын бағып кететін. Тылдағы ең бір ауыр күндер майданнан келген қарақағазды алып, үйді-үйге қаралы қазаны естірту болатын. Сол уақыттағы қариялар мен балалардың көз жасы ойымнан кетпейді. Бірде ауылдағы бір үйдің баласы немістерге тұтқынға түсіпті деген хабар келді. КГБ-дан адамдар келіп, әлгі баланың шешесіне баласының Отанын сатып кеткенін айтып, оның үйіндегі заттарды тәркілеп, әрқайсысына баға салып, дүкенге қойды. Сондағы дүние: құрым киіз, тозығы жеткен алаша мен көрпе, бір жастық, қаудырлаған бір шәйнек пен кесе. Сол кездегі жұрттың бір-біріне деген көңілі, достығы қандай болды десеңізші. Ауыл адамдары ым-жымдарын білдірмей, дүкеннен барып біріміз шәйнегін, біріміз көрпесін, алашасын сатып алып, әлгі үйге қайтарып бердік».
Бижамал Рамазанова, қоғам қайраткері, Құрмет орденінің иегері:
– Аллаға шүкір, осы Тәуелсіз ел болғалы 20 жылдағы табысымыз бір ғасырда жететін табыспен тең. Бірақ жылдам қол жеткізген жетістіктің қадірі болмай қала ма деп қорқамын. Қазір «не ішемін, не жеймін» демейміз. Осы бізге астамдық болып кетпесе екен. Менің тағы бір қынжылатыным – қазақ қыздарының шетелге кетіп жатқаны. Бұл – біздің сүйегімізге таңба. Осы арқылы біздің генафонд құрып барады. Сол жиендеріміз бізге дос бола ма, қас бола ма – білмейміз. Бірақ әрбір бала өз әкесін қайтсе де табады. Ал олардың әкесі бізге жақ емес, бөтен болса, біздің ертеңіміз не болмақ? Онсыз да аз халықпыз ғой. Айналайындар-ау, соғыстан кейінгі жылдары қазақ қыздары біреудің байлығына, біреудің жағдайына қызықпай-ақ, соғыстан аман келген жігіттерге тұрмысқа шықты ғой. Қазір де біздің базарда арба сүйреп жүрген қара балаларымыз бөтен шетелдіктен мың есе артық. Ел арасында «Еркек азаматты тәрбиелейді, ана адамзатты тәрбиелейді» деген дана сөз бар ғой. Сондықтан қыздарымыз өз ұлтының болашағын жат елдің қалталысына айырбастамаса екен.
«Мен өзімнің өміріме дән ризамын, өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Менің ең үлкен бақытым – халқымның осы азат күнге жеткенін, өсіп-өркендегенін көргенім. Қазағымның қайғысына да, қуанышына да ортақтас болып, елімнің болашағы үшін теңіздің тамшысындай болса да, еңбегіммен үлес қосқаным үшін бақыттымын. Елбасымыз қашанда бір-бірімізбен тату болайық, қазақша сөйлейік, білімімізді тереңдетейік деп айтып келеді ғой. Мемлекет басшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз, аға ұрпақ, жастарға сын айта бермей, қолдау көрсетуге тиіспіз. Біздің сенеріміз, алдымен, Алла болса, екінші – жастарымыз. Ең кереметі – қазіргі біздің жастарымызда еркіндік бар», – дейді Бижамал Рамазанқызы.
Еренғайып Шайхутдинов, академик, қоғам қайраткері:
– Бижамал Рамазанова жас кезінен ұстаздық етті. Өзінің білімділігінің, ақыл-парасатының арқасында ол жастайынан мемлекеттік, қоғамдық қызметтерге араласып, ұзақ жылдар абыройлы істерімен көзге түсті. Ол кісі адамдармен тіл табыса біледі, қажет кезде ақыл-кеңесін беріп тұрудан бас тартпайды. Бижамал Рамазанова – үлкен шаңырақтың әжесі, анасы. Жұбайы Шапағат ақсақалмен саналы ұрпақ тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Кезінде талай мықты тұлғалардың шапағатын көрген Бижамал Рамазанқызы қарасөздің қас шеберлері М.Әуезов, С. Мұқанов сынды тұлғалардың мұрындық болуымен елеусіз қалған Ш.Уәлихановтай қазақтың біртуар ұлына ескерткіш қойғызды. Бүгінде сексеннің бесеуіне келсе де, қоғамдық жұмыстардан алыстамай, бар күш-қуатын ел болашағының игілігіне жұмсап келеді.
Күләш Қуантаева, академик, қоғам қайраткері:
– Бижамал Рамазанованың өмірі өте өнегелі. Әсіресе қазақ қыздары мен келіншектері үшін Бижамал апайдың өмірінен алар тағылым мол. Үлкен қызметтерде жүріп, талай жасты тәрбиелеп, парасаттылықтың дәнін себе білген апамыздың ерен еңбегі қашанда құрметке лайық. Ол кісі талай шетелдерге шығып, ол жақтан көрген-білгенін жастармен бөлісіп отырды және өзі де елін шетелдіктерге жақсы қырынан көрсетуге тырысты. Бижамал Рамазанова республикалық мұрағатта қызмет етіп жүрген кезінде қазақ әйелдері туралы кітап шығару үшін еліміздегі белсенді әйел азаматтарды тартып, бәріміздің басымызды қосып, кітапқа мақала жаздырды. Саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған апамыз күні бүгін тынбай еңбек етіп келеді. Бижамал апайға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін.
Орынша Қарабалина, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, ардагер ұстаз:
– Мен жоғары оқу орнын тамамдап, 1955 жылдары Алматы облысы Ақсу ауданына жұмысқа бардым. Бір жылдан кейін облыстық комсомолдың пленум мүшесі атандым. Сол уақытта Бижамал Рамазанова облыстық комсомолдың бірінші хатшысы болатын. Мен ол кісіні алғаш пленумға барғанда көрдім. Ол кезең бір тапшы уақыт болса да, пленумға барған адамдарға арналған дастарқанды жайнатып қойыпты. Әрбір үстелде самаурын қайнап тұр. Сөйтсек, осының бәрін Бижамал апай ұйымдастырған екен. Пленум жиналысы басталарда залға ұзын бойлы, әдемі, шашы толқындай бұйра, тік жағалы пальто киген Бижамал апамыз кірді. Бұрын ондай адамды көрмегенбіз ғой, таңғалдық. Міне, біздің Бижамал апаймен таныстығымыз осылай басталды. Одан кейін 1956 жылы Кәкімжан Қазыбаев сынды азаматқа тұрмысқа шығатынымды естігенде Бижамал апай өзінің үлкендік жанашырлығын танытып, бізге ауылға жетуіміз үшін тіпті өзінің жеңіл көлігін де берген болатын. Ол кісі өзінің қарамағында қызмет ететін әрбір жас маманның жұмыспен қамтылуына, тіпті отбасылық жағдайларына дейін мән беретін. Біреуге қамқорлық жасамаса жүре алмайтын апай мені әлі күнге өзінің сіңлісіндей көреді. Ол кісі бүгінде өмірден өтіп кеткен көптеген мемлекет қайраткері болған адамдардың зайыптарына, туған-туыстарына реті келсе көмегін аямайды. Қандай ортада болсын беделі жоғары, адамгершілігі мол Бижамал апайдың адами қарапайымдылығы көпшілікке өнеге деп білеміз. Бижамал Рамазанова ел тарихының 1942-80 жылдарындағы іскер, белсенді қазақ әйелдерінің эталоны десек артық емес. Ол – өзінің іскерлігімен, ұстаздығымен, дипломаттығымен ел мақтанышына айналған жан. Мемлекеттік қызметте жүрген кезінде құрамында ел президенттері, парламент депутаттары, сенаторлары, дипломаттары, жастар ұйымдарының делегаттары бар 55 мемлекеттің делегациясын қабылдап, еліміздің жеткен жетістіктерін айдай әлемге паш ете білді.