Жуырда ғана қазақ ән өнеріне айтулы үлес қосып келе жатқан талантты композитор Темірәлі Бақтыгереевтің Алматыдағы Студенттер сарайында шығармашылық концерті өткізілді.
«Барып қайт балам, ауылға» деген атпен ұйымдастырылған кештің табысты өтуіне әнші Сұлушаш Нұрмағанбетова көп еңбек сіңірді. Ақпарат құралдары да жан-жақты қолдау танытып, халық ұзақ күткен кеш туралы жарыса жазды.
Әдемі әуендерін күллі қазақ шырқап, тыңдап, таңдайын қағып жүрген Темірәлідей талантты ұмытқанымыз туралы кезінде «Жайық үні» газетіне мақала жазған едім. Ондағы ойым мүмкін кіндік қаны тамған Қазталов ауданы Березин ауылының әкімдігі шу ете қалар, хабарласар дегенмін. Ол қазір қайда деп сұрастырар, біздің ауылдан осындай композитор шыққан деп кеуделерін қағып, бөріктерін аспанға атар деген де ойым болған... Ешкім былқ етпеді. Композитордың жары Жәмила: «Оралбай, өзім бара алмағасын Оралға, Қазталов әкімшілігіне талай хат жолдадым, әлі жауап жоқ, бүкіл Қазақстан атсалысып, мен үшін емес, халық үшін ұйымдастырып жатқан мына шараға туған жерінен ешкімнің келетін түрі жоқ, ең болмаса сен жет» дегесін мектепте бірге оқыған досы, облысымыздағы белгілі азамат Борис Ізбасаровтың қаржылай көмегі мен ақ тілегін алып жолға шықтым.
Темірәлінің тамаша кешіне куә болдым. Ән тойы тамаша өтті. Концерттік зал түгелімен көрерменге толып отырды. Залға қол арбасымен Темірәліні жұбайы алып келгенде бәрі түрегеліп қол соғып, қарсы алды. 250-дей музыкалық шығармаларының ішінен іріктеп алынған 25 әнді Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Гүлмайдан Сүндетова, Гүлнар Сиқымбаева сынды өнер саңлақтары орындады. Концерт аяқталғаннан кейін сахнаға шығып сөйлегендер тума талант иесін шапан мен сұлу сөздерге көміп тастады. «ҚР мәдениет үздігі» медалі де сазгердің кеудесіне тағылды. Концерт бітпей жатып киімілгішке жүгіретін ел бұл жолы кеш соңында да түрегеліп тұрып, дарынды композитордың құрметіне ұзақ қол соқты.
Ән кешінен соң Темкеңді аядай ғана, шағын тұрағына жеткізіп салдық. Бүгінде қимыл-қозғалысы мен сөйлеуі тіпті қиындап кетіп, сал болып қалған композитор қызының үйінде тұрып жатыр. Үйге таяғанда ол кенет ауыр күрсініп, әлде қолтығынан демеп келе жатқан бізге, әлде өз-өзіне айтқандай: «атағыңнан гөрі жатағың керек еді-ау, халқым» дегенін естіп менің жаным ауырды...
Тағдырлы таланттың мұңы
Последние статьи автора