Жуырда Табылдың сөз бен саз мұрасының жанашырлары оның өнері мен өмірінен сыр шертетін «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты салмақты жинақ құрастырып шығарды.
«Атамұра» баспасынан жарық көрген бұл кітапта қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын, композитор Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Табыл Досымовтың бардтық әндері мен өлеңдері, көзі тірісінде түрлі басылымдарға берген сұхбаттары, жеке мұрағатынан алынған, оқырманымен енді табысып жатқан жырлары мен фотосуреттері, қайтыс болғаннан кейінгі көңіл айтулар, естеліктер, қаламдастардың арнау өлеңдері топтастырылған.
Әдемі безендірілген, 440 беттен тұратын мазмұнды кітап талантымен талайды сүйсіндірген Табылдай Алаштың арда туған азаматының шығармашылық мұрасын танып-білуге, оның терең шығармашылығын насихаттауға үлкен мүмкіндіктер берері сөзсіз. Бұл жинақты табылтануға деген алғашқы талпыныстың айқын көрінісі деуге тұрарлық дүние десек те болады.
Қалың бір томды құраған жаңа жинақ мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали ҚұлМұхаммед сынды руханият жанашырларының қамқорлығымен жарыққа шығып отыр. Сонымен қатар аталған жинақты құрастырып, шығаруға Табылдың достары: Т.Досымов атындағы республикалық қордың президенті Бижан Қалмағамбетов, «Жұлдыз» журналының бөлім редакторы Жұмабай Құлиев, «Хабар» арнасы бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлы, «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат және Табыл мұрасын зерттеуші журналист, «Айқын» газетінің тілшісі Қаншайым Байдаулетқызы үлкен еңбек сіңірді.
Алты Алашқа атағы жайылған қазақтың тұңғыш бард әншісі, ақын Табылды Досымовтың бақилық болғанына да үш жылдың жүзі болыпты. Жарықтық тірісінде тиісті дәрежеде лайықты бағасын ала алмай кетсе де, оның талантын ел танып бағалады. Қырда туып қырда түлеген, қара гитара асынған қазақтың қара баласы қазаққа ән мен жырын қалдырып, мәңгілік сағынышқа айналып кете барды...
Табылдың көзі тірісінде талай сұхбаттасып, ол жайлы басылым беттерінде бірнеше мақала жазған журналист Қаншайым Байдаулетқызы бард-ақын туралы, ол қайтыс болардан аз ғана уақыт бұрын, қалың қауымға ой тастап: «Кейінгілер Табылдыны таниды деп ойлайсыз ба? Ойламасаңыз, бұған кім кінәлі? Қанша тартса да, қысқа жібі күрмеуге келмейтін, өнерден басқаны бақ деп білмейтін, қаймағы бұзылмаған ауылда жатқан қас талант па? Жоқ, әлде оны іздемейтін, іздегісі келмейтін, тұмсығының астындағыдан әріні көрмейтін тиісті орындар ма? Қаптаған концерт ұйымдастырушылар мен продюсерлік орталықтар қайда қарап жүр? Табылды Досымовтың кешін көп кешіктірмей өткізіп, дәл қазір алтын дауысын «Алтын қорға» жазып алмасақ, ертең сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Уақыт өз дегенін жасайды. Табылды Досымов өзгермейтін, қартаймайтын, мәңгі жас болып жүре беретін темірден жаралған жоқ. Ертең оның да белі бүгіледі, беттен әр, бойдан күш-қуаты кетеді. Біз күнде туылмайтын саңлақтарымыздың елеусіз, ескерусіз қалуына қалайша жол береміз?! Ойлансаңыздар екен, ойға алсаңыздар екен!» – деп ағынан жарылып, ақиқат іздеуге талпынып еді. Алайда Табылдың маңдайына бұйырған қысқа ғұмыр толағай талантты бейқам жатқан қоғамнан бөліп әкетті. Ақынның «замани зарға» айналған жырлары оның ішкі жан дүниесі мен түйсік-санасына бір сәтке тыным бермегендей:
Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін
Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем,
бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жаршысымен, қалу үшін
қоштасып,
Қабіріме келер талай қос ғашық.
Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
Тірілерді танымайды өлгендер!
Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа.
Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!
Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
Тірілерді танымайды өлгендер!
Өлмеңдер!
Ерлеңдер!
Осылайша талайлы тағдырына мойынсынып, өлең мен өнерге адал қызмет еткен Табылдың өз сөзі әлі талай ұрпақтың санасында сілкініс жасап, ғасырлармен бірге үндесе бермек.
Алдағы күндері Атырау облысы – осы өлкенің төл тумасы, халқымыздың ардақты ұлы, біртуар ақын Табылды Досымовты еске алуға арналған бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар мен ақын мұрасын арқау еткен шығармашылық кеш өткізгелі отырғандығын бүкіл республика жұртшылығы біліп отыр. Бүгінде елімізде Табылдың әдеби-музыкалық мұрасына ден қойған жанкүйерлері көп. Баспадан жаңа шығып отырған «Із тастап аққан бір жұлдыз...» атты жинақ та – сол жанкүйерлердің, Табылдың жақын достарының еңбегі. Осы орайда, жақын арада Атырау облысында ұйымдастырылатын Табылды Досымовты еске алуға арналған шаралар аясында аталған жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілсе деген талап-ниетіміздің де бар екендігін жасырмаймыз.