Биыл ұлтымыздың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойы еліміздің әрбір өңірінде салтанатпен аталып өтпек. Негізгі мереке, әрине, ақын туған өңірде, аспантаулар аясындағы Хантәңірі етегінде дүркіреп өтетіні сөзсіз. Ақиық ақынның жүрек түкпірінен толқып шыққан жырларының астарында қандай тылсым болса, оның болмыс-бітімінде де әулиелік болғандығы жайында аңызбен көмкерілген әңгімелер көп-ақ.
Күні кеше ғана Мұқағали әлеміне қатысты тағы бір қызықты тылсым оқиға болды. Басынан бастап қысқаша баяндайтын болсақ, әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай:
Алматыдан Мұқағали ауылына қарай бағыт алған Құлжа күре жолымен бара жатқанда 160 шақырымдай жерде Көкпек жоталары басталады. Арғы жағы – біршама аумақты алып жатқан жазық дала. Осы Көкпек жоталарынан батысқа қарай 30 шақырымдай жердегі жоталардың бірі мүжіліп құлап, жартас пайда болған. Елдің айтуынша, сол жартас қатпарларының бір бөлігі тылсым табиғаттың күшімен Мұқағали бейнесіне ұқсап қалған екен.
Күре жолдан шеткері жатқан бұл жартасқа көлікпен бару да оңай емес. Бұл маңнан көбіне саятшы-аңшылар мен малшылар ғана өтеді. Осы жақтағы аңғарлар арқылы ары қарай атақты Асы жайлауына өтуге болады. Бұл жерге былайғы жұрттың табаны тие де бермейді. Әлгі мүжілген жотаның кескіні Шарын шатқалының табиғатына келіңкірейді. Бір қызығы, жұп-жұмыр жоталардың ішінен біреуі ғана белгісіз бір табиғи тылсым күштің әсерінен айырылып, жақпарланып қалған.
Сол өлкеде Мүлік деген атпен белгілі, шын есімі Мұхамед деген саятшы кісі бар. Өзі Нұра ауылынан екен. Сол кісі бір күні әлгі жартастың маңынан өтіп бара жатып, оның жақпар тасының адам бейнесіне келетінін байқайды. Алғашында аса мән бермеген ол жартастың бетіне қайта-қайта үңіліп, оның Мұқағали бейнесіне ұқсайтынын аңғарады. Бірақ осы оқиғаны ол жан адамға тіс жарып айта қоймайды. Саятшының көкейінде «мүжілген жартас Мұқағалидан аумайды екен» деп айтсам, ел-жұрт қалай қабылдар екен?» деген күдік пен күмән басым болды. Қалай болған күнде де, Мүліктің бойында «мүмкін, менікі жай ұқсату ғана шығар» дегенге саятын бір сенімсіздіктің, қорқыныштың болғаны анық. Басқа-басқа, ол ақынның көзкөрген замандастары, балалары мен туыстарының алдында масқара болып қалмаймын ба деп те ойласа керек.
Бұл – осыдан екі жыл бұрын болған жағдай. Содан араға біраз уақыт сала келе саятшы көзімен көргенін ауыл ақсақалдарына әңгімелеп береді. Кейін жартасты барып көрген біраз қыңыр шалдар әлдебір себептермен Мүліктің мұнысын күлкіге айналдырып, «мынауың Мұқағалиға емес, Карл Маркстен аумайды екен» деп жүреді. Дегенмен табиғаттың құдіретіне бас иген саятшы бұл жағдайды баяндау үшін жартасты суретке түсіріп алып, Алматыдан шығатын «Мұқағали» журналына барып жариялатады. Бірақ суреттің алыстан түсірілгендігінен әрі оның сапасы тым әлсіз болғандықтан, басылым оқырмандары бұл жағдайды аса бір жаңалық ретінде қабылдай қоймаған. Әйтсе де алған бетінен қайтпаған саятшы өзі жақсы танитын белгілі ақын Бақыт Беделханұлына хабарласып, шындыққа көз жеткізуге қолғабыс етуін өтінеді. Содан Алматыдағы бір топ журналист пен қаламгер, ақынның туыстары мен Қазақстан Жазушылар одағының бір топ өкілі – барлығы 50 шақты адам болып табиғаттың өзі қашаған мүсіннің шын мәнісінде де Мұқағалиға ұқсайтындығына көз жеткізу үшін Көкпек жоталарына жол тартып кетеді. Сонда барып жартастағы тас мүсінді өз көзімен көрген жандардың барлығы жартастың қатпарынан Мұқағали бейнесін жазбай таныған. Олардың арасында ақиық ақынның ұлы Жұлдыз да болған. Ол кісі таңғалып: «Жартастағы тас мүсін әкемнен аумайды екен», – дегенде барып саятшы Мүліктің жүрегі орнына түседі. Оны бір қараған адам байқамауы мүмкін, тек зерделі көзбен көре білу керек. Көпшілік «Мұқаң өзі де тегін адам емес еді, бұл да бір тегін болмаған жұмбақ құбылыс болды» десіп тарасқан. «Алланың құдіретіне адамның ақылы жетпейді» деген осы болса керек...
Жұлдыз МҰҚАҒАЛИҰЛЫ:
– Осыдан екі күн бұрын Жазушылар одағынан Бақыт Беделхан деген ақын бауырым хабарласып, осы бір ғажайып жағдай туралы сүйіншілеп айтып, әкеміздің бейнесіне ұқсайтын табиғи мүсінді көзбен көріп қайтсаңыз деп өтініш білдірген болатын. Содан бір топ кісімен бірге әлгі жартас тұрған жерге бардық. Менің таңданысымда шек болмады. Жартастағы сұлба көрінісі әкемнің қырынан тік қарап тұрғандағы кейпіне қатты ұқсайды екен. Жартастың астына елдің көмегімен «Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың табиғи мүсіні» деген жазуы бар арнайы белгі-тақта қойылыпты. Ел ағалары ономастикалық комитеттен осы жерді «Мұқағали сайы» атайық деп сұраған екен. Ол енді өз шешімін таба жатар. Табиғаттың өзі қашаған осынау керемет мүсін орналасқан жерді жергілікті жұрт онсыз да «Мұқағали сайы» деп атап кетіпті.