Шығыс жайлы, оның сұлулығы мен тылсым сырын, ұлысы мен құндысын сөз еткен әндер аз емес. Алайда бүкіл ел қосыла айтатын «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында» немесе «Алматым жүрегімде» секілді әндер аз. Бір сөзбен айтқанда, Шығыстың бет-бейнесін, кескін-келбетін танытатын, өңірдің жұрты ғана емес, жалпақ жұрт жарыса айтатын, облыстың әнұраны деуге тұрарлық әндер жоқтың қасы. Осы бір олқылықтың орнын толтыруды көздеген облыстық Мәдениет басқармасы былтыр «Жерім менің» атты байқау жариялап, еліміздің әр түкпіріндегі ақын, сазгерлерге сауын айтқан-ды. Жақында осы байқаудың қорытындысы жарияланып, галаконцерт өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 27 ән келіп түскен екен. Әділқазылардың шешімі бойынша «Ең таңдаулы лирикалық ән» аталымы бойынша белгілі ақын Жанат Әскербекқызының сөзіне жазылған Роза Әлқожаның «Ертістің жағалауында», «Заманауи ән» аталымы бойынша Сергей Корынбаев (сөзі) пен Анжелина Корынбаеваның және «Ата жұртқа сағыныш» аталымы бойынша Қытайдың Іле облыстық театрының әртісі Елеусіз Сүлейбекұлының «Алтайым» әні үздік деп танылып, марапат иеленді.
Үшінші орынды «Туған елімнің әуені» атты әнімен Светлана Апасова және республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболаттың «Жерұйық өлкем» (сөзі Ұлықбек Есдәулеттікі) әні қанжығаға байлады. Екінші орын Светқали Нұржановтың сөзіне жазылған Елена Әбдіхалықованың «Тарбағатай – Барқытбел» әні мен Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған Гүлмира Саринаның «Шығысым – шырайлы өлкем» әніне бұйырды. Бас жүлде Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған Медет Салықовтың «Шығысым – шынарым» әніне берілді.
Айта кетейік, байқауда жеңімпаз атанған әндердің қай-қайсысының да осалы жоқ. Әрине, барлығы хитқа айналып кетер деуден аулақпыз. Дегенмен алғашқы үштікке ілікпесе де Роза Әлқожаның әніне жазылған һәм өзі орындаған «Ертістің жағалауында», Серік Жанболаттың әніне жазылған «Жерұйық өлкем» және Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған «Шығысым – шынарым» әндері бұл кеште алғаш рет орындалса да жұртшылық жылы қабылдады. Соған қарағанда, бұл әндер келешекте Шығыстың ғана емес, қалың қазақ қосыла айтатын сазға айналатын секілді.
Ермек КӨШЕРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
– Бұл игі шараға болашақта тек әкімшілік саласы ғана атсалыспай, халықтың да етене араласып, көмектескені жөн. Сонда ғана біз басталған істі өзінің биік шыңына жеткіземіз әрі оның көлемін кеңейтеміз. Демек, туған өлкемізді тебірене жырлайтын бұл шара болашақта да өз жалғасын табатынына сенімдіміз.
Шырайлы шығысты әспеттеген әндер байқауы мәреге жетті
Последние статьи автора