Шымкентте кітапқұмар оқырман үшін кітапхананың есігі сағат 18:00-ден кейін де ашық болмақ. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұжымы осы бастаманы қолға алды. Енді шымкенттіктер үшін түнгі кітапхана жұмыс істейтін болады. Әлеуметтік сауалнама жүргізу барысында жастардың 80 пайызы бұл бастаманы құптаған.
Құрал КӨМЕК, түнгі кітапхана акциясының идея авторы:
– Біз көбінесе жастар кітап оқымайды деп кінәлап жатамыз. Көбінесе өмірдің материалдық жағын ойлаймыз да, рухани байлықты ұмыт қалдырамыз. Негізі, шарт-жағдай жасалса, жастар да кітап оқудан қашпас еді. Неге кітапханада күндізгі уақытта ғана отыруға болады? Руханият деген мәңгі жүруі керек. Жастарымыздың көпшілігі түнгі клубқа барады деуден аулақпыз. Ауылдан келген білімге құштар жастар да бар. Осыны ескере отырып түнгі кітапхананы ұйымдастырдық. Әзірге игі істі облыстық жасөспірімдер кітапханасы бастап отыр. Соны идеямыз өзге де кітапханаларға үлгі болады деген сенім бар.
Шындығында, кешкі сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейтін кітапхана аптаның дүйсенбі күнінде қызмет ететін болады. Бір айға жалғасатын акция оң нәтижесін беріп, іші оқырмандарға толса, түнгі кітапхана одан әрі де қызметін жалғастыра береді деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жұмыстан қолы босамай, кітап оқуға уақыт жеткізе алмай жүргендер үшін тиімді болмақ. Түнгі клубтың орнына түнгі кітапханада рухани азық алса, олар үшін осы пайда деген тұжырымға келіпті.
Шымкентте түнгі кітапхана акциясы өтуде
Последние статьи автора