Биыл семейлік бір топ студенттен құралған экспедициялық топ алғаш рет Тарбағатайдың Базаршат жерінде қазба жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Экспедицияның сәтті өткені сонша, мамандар екі бірдей үлкен олжамен оралды.
Білікті тарихшылар Амантай Исин мен Ерлан Сайлаубайұлы бастап барған экспедициялық топ екі бірдей қорғанды қазуды қолға алғанмен, оның біреуін ғана толықтай зерттеуге мүмкіндік туған. Ол қорғандар Тарбағатай сілемінің Түйемойнақ, Жағалбайлы тауларының солтүстігінде орналасқан. Зерттеу барысында бұл қорған ерте темір дәуірінің құрылысы екендігінен белгі берген. Осы қазба жұмысының жетекшісі, білікті тарихшы, доцент Амантай Исиннің айтуынша, қорғанды қазуға 20 күндей уақыт кетіпті.
«Оның тас құрылысы да бізді қызықтырды. Сол кезге тән құрылыс ерекшелігі – қорғандар тас шеңберлі, орталық қаламасы бар. Кейбір заттар сақ, ғұн, үйсін заманына да келеді», – дейді тарихшы.
Қазба жұмысына қатысқан 28 адам тереңдігі үш метрге дейін барған шұңқырды қазу кезінде адам сүйегінің қаңқасына кездеседі. Сүйектерді ретімен орналастырып өлшегенде, ұзындығы 190 см болған. Мамандар оған қарап, «бұл – жас мөлшері 35-40-тардағы қолбасшының немесе жауынгер батырдың мүрдесі» деп топшылайды. Осыған қарамастан, оның сүйектері өте жақсы сақталған. Тістері де түгел. Алайда оң жағынан жараланыпты. Осының барлығын зерттеп болғаннан кейін археологтар мүрдені қайтадан шұңқырға жерлеп, құран бағыштайды.
Экспедиция барысындағы тарихшылардың екінші базарлығы бұғытастың табылуы болды. Ол – Түйемойнақ тауының Мешел мекеніндегі қыстақ маңынан табылған классикалық үлгідегі тас. Археологтар: «Мұндай тастар, негізінде, Моңғолия, сонымен қатар Оңтүстік және Батыс Сібірде кездеседі», – дейді. Тарихшылардың пайымдауынша, бұғытастар қабір кешендерінде б.э.д. VIII-VII ғасырларда сақ дәуірінде пайдаланылған. «Тұтас ірі тастың төбесі қиғашталып, екі қабырғасынан күн бейнесі, одан төмен ұшып бара жатқан бұғылардың қатары өте әдемі бейнеленген. Бұған қарап тасты «аң мәнеріне» тән деуге болады», – дейді археологтар.
Тастың 70 пайызы жақсы сақталған. Суреттері айқын. Бұғытасты бұрынғы адамдар өздерінің қайтыс болған ата-бабалары немесе батырлардың қабір басына ескерткіш ретінде орнатқан болуы мүмкін. Тағы басқа жағдайларда бұл тас табынушылық дәстүрінде пайдаланылған. Адамдар бұғылардан күннің көзімен өз ата-бабаларын көрген-мыс. Сондықтан табылған тас көптеген қызмет атқаруы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, бұл сол заманның бүкіл тіршілігі мен сенімінің белгісі көрінеді.
Бұл ретте Амантай Исин: «Бұғытас – Шығыс Қазақстанда алғаш рет табылған классикалық үлгідегі тас. Ерте темір дәуіріне жатады. Қорғандардың төбесіне, қасиетті жерлерге яғни табыну орындарында қойылған. Сол жерде тұрып тайпалар аруақтарға арнап құрбандық шалады. Тиісті рәсімдерді көрсетеді. Кейінгі замандарда бұлардың көбі өз орындарынан сырғытылып, алынып тасталды. Бірқатары сынып қалды немесе құрылысқа пайдаланылып кетті. Сондықтан мына табылған тас сирек кездесетін дүние болып отыр. Қандай мұражай болсын, оны мақтанышпен қоя алады. Әзірше, біздің педагогикалық институтта сақтаулы тұр», – деді.
Тарбағатай тауының Ақсуат өңіріне жататын сілемінде биыл бір емес, екі экспедициялық топ болып қайтты. Олардың бірі белгілі археолог Самашев басқарған алматылық жасақ болса, екіншісі – Семей мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушылары мен студенттер тобы. Экспедициялық топтың негізгі бөлігі тарих факультетінің 1-курс студенттері мен 2, 3-курстың қызығушылық танытқан балаларынан құралыпты. Олардың барлығы еселі еңбек етіп, аянбай тер төккен.
Олжалы сапар биыл Тарбағатай өлкесіне бірінші рет ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Семейлік экспедицияның бұл бағытқа бет алуына мұрындық болған СМПИ ректоры Мерей Ескендіров пен осы оқу орнындағы М.Қозыбаев атындағы тарих орталығының директоры Мұхтарбек Кәрім. Ал былтыр студенттерді мұндай қазба жұмысына апаруға мүмкіндік болмаған. Тарихшы Амантай Исин: «Алда жоспарларымыз көп. Бірақ биылғы маусым аяқталып қалған сияқты. Өйткені мұның өзі ірі қаржыландыруды қажет етеді. Институт көп қаражат жұмсады. Көптеген жабдықтар алынды. Сондықтан биылғы маусымды біз осымен ыңғайлап, барлау жұмыстарымен және алынған материалдармен жұмыс жасамақпыз», — деді.