Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының әкімдігі Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе отырып, 2012 жылғы 2-4 маусымда «Шығыс шынары» атты дәстүрлі халықаралық мүшәйра өткізеді.
Жыр жарысына Қазақстан ақындарымен қатар, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан, т.б. мемлекеттерде тұратын отандастарымыз қатыса алады.
Мүшәйраның мақсаты:
Қазақстанның «жауҺары» атанған жер жәннаты, өндірістің ордасына айналған Шығыс Қазақстан облысының тамаша табиғаты мен қол жеткен табыстарын жырға қосу, оның бас шаһары, кенді Алтайдың кіндігі – Өскеменді өлеңмен өрнектеу, қалың қауымға насихаттау және сол арқылы қазақ поэзиясының дамуына үлес қосу, жас таланттар мен дарынды ақындарды ынталандыру.
Мүшәйра тақырыптары:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне – 20 жыл.
2. «Шығыс шынары» (Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласы туралы өлеңдер).
3. Еркін тақырып.
Мүшәйраға қатысушы талапкер осы үш тақырыпқа арналған өлеңдерін 2012 жылғы мамыр айының 25-не дейін «Мүшәйраға» деп, бүркеншік атпен жіберуі тиіс. Қосымша бөлек конвертте автор жайлы мәлімет (аты- жөні, мекені, телефондары, суреті, ақынның шығармашылығы туралы шағын ақпарат, т.б.) толық жазылуы керек. Өлеңдердің электронды нұсқасы дискіге жазылып, қоса жіберілгені жөн. Мүшәйраға бұрын жарияланбаған өлеңдер ғана қабылданады.
Мүшәйраның I-ші кезеңінің қорытындысы мамыр айының аяғында анықталады. Маусым айының басында ІI-кезеңге жіберілген ақындар мен «Мүшәйраның» құрметті қонақтары шақырылады. Мүшәйра табиғаты сұлу, қазақтың «Швейцариясы» атанған шығыстың шұрайлы топырағында, Өскемен қаласында өткізіледі.
Ақындардың жыр додасы барысында мүшәйраға қатысушылар қазақтың белгілі поэзия шеберлерімен кездесіп, дөңгелек столдар, сұхбаттар ұйымдастырылады. Соңында II-кезеңнің қорытындысы жарияланады.
Жеңімпаздарға тағайындалатын сыйақылар көлемі:
Бас бәйге – 1 200 000 теңге,
Бірінші орын біреу – 800 000 теңге,
Екінші орын екеу – 600 000 теңгеден,
Үшінші орын үшеу – 400 000 теңгеден,
Арнаулы жүлделер төртеу – 200 000 теңгеден,
Ынталандыру сыйлығы төртеу – 150 000 теңгеден.
Қатысушылар мен шақырылатын қонақтардың жол қаражаты, тамағы, жатын-орыны ұйымдастырушы тарап есебінен.
Өлеңдерді мына мекенжайға жіберу керек: 050000, Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105-үй, 1-қабат. Қазақстан Жазушылар одағы, «Жұлдыз» журналының редакциясы. Хабарласу үшін – тел: 8 (727) 272-59-44;
Ұйымдастыру алқасы
«Шығыс шынары» шайырларды шақырады
Последние статьи автора