Сыр өлкесінде тарихы тереңнен тамыр тартатын көне шаһарлар саны аз емес. Олардың арасында Сығанақ қаласының орны бөлек. Қарт Қаратаудың етегінде ірге қалап, қаншама ғасыр бойы қазақ баласына қызмет еткен қала кезінде Ақорданың орталығына айналды. Тасқа басылған тарихымызда Сығанақ аталуы көбірек кездеседі. Ендеше, бұл қала біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Осы орайда өткеннің шежіресіне үңілген археологтар қаншама игілікті істерді қолға алып келеді. Бүгінгі таңда Сығанақ қаласының орнында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараға Түркістан қаласында орын тепкен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археология зерттеу орталығының жетекшісі Сейден Жолдасбаев басшылық жасайды.
Сыр өңіріне басшылық қызметке келген Қырымбек Көшербаев төл тарихымызды түгендеу бағытындағы игілікті шараға қолдау білдіруге ниетті екенін жеткізді. Өйткені көне шежірені бүгінгі ұрпаққа жеткізу арқылы оларды патриоттық пен елжандылыққа баулу екені белгілі. Сондай-ақ келешекте шетелдіктер қызыға тамашалайтын айтулы орынға айналдырып, туристік сапарлар ұйымдастыру негізгі мақсаттың біріне айналмақ. Алдағы уақытта қалаға зерделі зерттеу жүргізу үшін еліміздің мәдениет министрлігімен бірлесе отырып, қаржы мәселесін шешуге көңіл бөлінбек. Сондай-ақ жергілікті қазына қазанынан да осы мақсатта ақша қарастырылмақ. Бір сөзбен айтқанда, осындағы мешіт-медресе ғимаратын толықтай қалпына келтіру ойластырылып отыр.
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі:
– Қазақ халқы үшін Сығанақ айрықша мәдени мұра екені белгілі. Бұл қалада теңге соғылып, қолөнер дамыды, мәдениет кеңінен өріс жайды. Қазақ хандығы билік құрды. Қазақ тайпаларының қысқы қонысы болды. Алаш жұртының саяси-экономикалық орталығына айналды. Қалада исламдық наным мен оқымыстылық та бастау алды.
Ғалымдардың айтуынша, Сығанақ орта ғасырлық шаһарлар санатына жатқызылады. Ұлт тарихындағы орны бөлек бұл қаланы зерттеуге бұдан бұрын да талай ғалымдар атсалысқан. Ресейлік шығыстанушы Петр Иванович Лерх (1867 жылы) пен белгілі археолог Жозеф-Антуан Кастанье (1906-1907 жылдар) зерттеу жүргізген. Сығанақ туралы алғашқы деректер Х ғасырда жазылған парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемде» кездеседі. Ертедегі Сығанақ қыпшақ мемлекетінің саяси және сауда орталығы болған. Сол кездегі тарихшылар бұл шаһарды «Қыпшақ даласының гаваны» деп атаған. ХІІІ ғасырларда Шыңғысханның баласы – Жошы ханның қарамағында болды. Осы кезеңдерде қалада теңге соғылған деген де деректер де кездеседі. Одан кейінгі кезеңде де қаладан өркениетті өмірдің көрінісі байқалады. Археологиялық деректерге сүйенсек, Сығанақ шаһары VІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген делінеді. Сол себепті бұл көне қаланың қазақ өркениеті үшін алатын орны зор екенін аңғару қиынға соға қоймас.
Археологтар қазіргі зерттеу барысында қандай жұмыстар атқарып жатыр? Олар орта ғасырдан бері өмір сүрген қаланың біз үшін әлі де жұмбақ тұсы аз емес екенін айтады. Ескі заманнан еміс-еміс қалған деректер қалған. Десе де олар Сығанақтың айқын бейнесін айшықтай алмайды. Тарихқа қайта үңілуді құп көрген ғалымдар бұл жерді зерттеу барысында жеті қабат көмбе барын анықтап отыр. Бір сөзбен айтқанда, замана желінде аталмыш шаһар жеті мәрте тас-талқан қирап, жеті мәрте қайтадан өркениетті өмір сүруін жалғастырған. Сол кезеңде өмір сүрген адамдардың тұтынған заттарындағы айырмашылықтар, дәстүрлер ерекшелігі осы бағытта ой салады.
Біртай БИЖАНОВ, ҚР Мәдениет министрлігі «Қайта жаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалының басшысы:
– Біздің білім ордасының ұйтқы болуымен Сығанақ қаласының орнында 2003 жылдан бері зерделі зерттеу жүргізіп келеміз. Алғашқы жылғы қазба жұмыстары барысында осы жерден мешіт-медресе орнын тапқан едік. Оның тарихына да көз жүгіртіп қарадық. Әуелгіде бекет орталығы, одан кейін қонақүй қызметін атқарған. Қиян-кескі соғыстар салдарынан өртке де оранған. Бұзылып та кеткен кезі болған. Беріде солардың орнына мешіт-медресе бой түзеген. Сондай-ақ осы жерден майдан даласында опат болған батырларды аманат ретінде қалдыратын сағана да табылды. 1899 жылы бір жиһанкез осы сағанадан 19 адамның сүйегін көргенін жазып қалдырған. Осындай тарихи ғимаратты қалпына келтіруді еліміздің мәдениет министрлігі қолға алды. Осы мақсатта министрлік тарапынан 176 млн теңге қаржы бөлінді. 1927 жылы тарихшы-шығыстанушы Александр Якубовский түсірген суретте мешіттің екі мұнаралы екені байқалған. Соны қалпына келтіруге тырысамыз.
Зерттеушілердің айтуынша, ескі қала орны 309 гектар деп есептеліп отыр. Оның ішінде хан сарайының орны 30 гектарды шамалайды. Қала қақпасы алдындағы мұнара, аспалы көпір, мешіт, диірмен, хан ұрпақтарын жерлейтін зираттың барлығы да зерттеушілер күшімен аршыла бастаған. Ауызсу мен пайдаланылған суды сыртқа шығару жүйелері де көз алдыңда сайрап жатыр. Осының барлығына қамқорлық, жанашырлық қажет екені белгілі.
Сейден ЖОЛДАСБАЕВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археология зерттеу орталығының жетекшісі:
– 90-шы жылдарға дейін бұл қала толыққанды зерттелген жоқ. Бүгінгі күнге дейін кешенді түрде жұмыс жүргізілмеді. Жалпы алғанда, ғылыми-зерттеу жұмыстары асығыстықты қаламайды. Шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Қаншама қаржы да қажет болады. Біз осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көне қала орнынан құнды деректер табамыз деген сенімдеміз.
Сығанақ қаласына соны зерттеу басталды
Последние статьи автора