Бiздiң балаларымыз сүйiп тамашалайтын мультфильм кейiпкерлерi мыналар: Шрэк, Өрмекшi адам, Нарутто, Аватар, Мутант ниндзя тасбақалар, Бэтмэн және т.б. Осыдан бiраз жыл бұрын кiшкентай қыздар Сейлор Мунға ұқсауды армандаса, бүгiнде балабақшадағы және бастауыш мектептегi ұлдар – Нарутто, қыздар Сакура болып ойнайды. Қарап отырсақ, мұның бәрi – шетелдерден келiп жатқан телеөнiмдер. Олар балаларымыздың бойында өзге елдiң өмiр сүру салтын қалыптастырады, сол елдiң құндылықтарын насихаттайды.
Қалай десек те, төл мультфильмдерiмiз сапалы тауар болуға тиiс. Оның тәрбие құралы екенiн де естен шығармау керек. Осы орайда өзге елдерден үйренерiмiз де бар. Мәселен, Францияда балаларға арналған телеарнада көрсетiлетiн мультфильмдер мен кинофильмдердiң көпшiлiгi осы елдiң тарихымен байланысты. Бiздiң аниматорларымызға кейiпкер мен оқиға iздеп әуре болудың қажетi де жоқ. Басқасын айтпағанның өзiнде, сюжетi мен идеясы мультфильм болуға сұранып тұрған қаншама ертегiлерiмiз бен аңыздарымыз бар. Бiр ғана мысал, «Ер Төстiк» ертегiсiн бiрнеше сериялы мультфильм етiп шығарса, қандай ғажап болар едi! Ер Төстiктiң жер асты патшалығына түсуiн, ол жақта басынан кешкендерiн, тұлпары Шалқұйрықтың және өзге де достарының көмегi арқылы жер үстiне аман-есен оралуын көркем бейнелеп, сәттi шығара алсақ, балдырғандарымыздың сүйiктi мультфильмiне айналарына күмән жоқ. Ондағы Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ секiлдi кейiпкерлердiң iс-әрекеттерi балаларды елiктiрiп қана қоймайды, олардың қиялдарын ұштап, ойға жетелейдi. Мұнан өзге де оқиғасы қызықты, танымдық, тәрбиелiк маңызы да зор ертегiлерiмiз жеткiлiктi-ақ. Тек соны ұқсата бiлсек, шiркiн...
Микки Маус дәуiрi
СТОП-КАДР
Бүгiнде Микки Маус атты тышқанды бiлмейтiн бала жоқ шығар, сiрә. Ал оның «дүниеге келгенiне» сексен жылдан асты. 1928 жылдың 18 қарашасында бұл мультфильмнiң алғашқы сериялары экранға шықты. Бұған дейiн Уолт Диснейдiң мультфильмдерi дыбыссыз көрсетiлiп келген. Бiрақ 1927 жылы мылқау киноның күнi бiтiп, дыбысталған фильмдер көрсетiле бастағандықтан, Дисней мырза Микки Маус туралы мультфильмнiң алғашқы екi сериясын сата алмайды. Сондықтан ол кинематографиядағы әрiптестерiнiң тәжiрибесiн пайдаланып, өз кейiпкерлерiн сөйлеттi. Сол күннен бастап Микки Маустың «дәуiрi» басталды.
ЕСЕП
Он минуттық мультфильм түсiру үшiн шамамен жүз мың доллар керек екен. Оны ешкiм сатып алмаса, пайда әкелмек түгiлi қып-қызыл шығынға батырады. Мұндай пайдасыз iстi ешбiр продюсер немесе режиссер қолға алғысы келмейдi, әрине. Телеарналарға отандық мультфильмдер үшiн қыруар ақша жұмсағаннан гөрi шетелдiк өнiмдердi сатып алу әлдеқайда тиiмдi. Өйткенi олар өз құнын әлдеқашан ақтаған, минутына жиырма доллар төле де, ала бер.
Керек дерек
* Уолт Дисней компаниясы 1923 жылы құрылды. Компания түсiрген алғашқы мультфильм – «Алиса ғажайыптар елiнде». Компания мультфильм және фильм түсiруден өзге кiтап басу iсiмен де айналысады.
* Өз мультфильмдерi үшiн Уолт Дисней компаниясы 29 рет «Оскар» сыйлығын алған.
* «Қазақфильм» киностудиясы құрамындағы анимация бөлiмi 1967 жылы құрылды.
* Қазақтың алғашқы мультфильмi – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?».
* Он минуттық мультфильм үшiн шамамен он бес мың сурет салынуы қажет.
ОЛ КIМ, БҰЛ НЕ?
Қайырғали ҚАСЫМОВ, мультипликатор-режиссер:
– Мәдениет министрлiгi мен «Қазақфильм» киностудиясы бiрiгiп, үздiк анимациялық фильм сценарийiне бәйге жариялады. Қазiр бiзге сценарийлер көптеп түсуде, ерiнбеген жанның бәрi жазып жатқанға ұқсайды. Бiрақ олардың барлығы бiрдей сапалы емес. Ертегiнi түсiнбейтiн, оның сырын ұқпайтын адамдар жазған соң, қайдан оңсын? Бiзге кәсiби сценаристер керек. Егер жақсы сценарий жазылса, оны түсiру техниканың iсi ғой? Бұл аса қиын шаруа емес. Әмен Қайдаров кезiнде «Құйыршық» мультфильмiнiң алғашқы екi сериясын түсiрдi. Мен бұл iстi жалғастырып, бес сериясын жарыққа шығардым. Бiрақ телеарналардан оның екеуi-ақ көрсетiлiп жүр.
ЭКРАН АЛДЫНДА
Айгүл ҚОСАНОВА, әншi:
– Өзiм үйде болған кезде балаларыма теледидар көрсетпеуге тырысамын. Бiреуi – мектепте, бiреуi – балабақшада, кей күндерi мультфильм көрмейдi де. Демалыс күндерi қызықтасын деп, «Союзмультфильмнiң» бұрынғы туындыларының дискiлерiн сатып аламын. Идеясы, оқиғасы жағынан бұл мультфильмдер балаларға пайдалы да. Әйтпесе, менiң кiшкентай ұлым Нарутто, Аватар, Спанж Боб секiлдi кейiпкерлерге елiктейдi, осы секiлдi шетелдiк мультфильмдердi көруге аса құмар. Мен оларды көрсетпеуге тырысқанмен, бәрiбiр қапысын тауып көредi. Телеарналардан күнде берiлiп жатыр. Ал қазақ мультфильмiн арналардан көре алмаймыз, қай уақытта көрсетiлетiнiн де бiлмеймiн.
Әсия ТОҚБОЛАТОВА, үш баланың анасы:
– Теледидардан балаларым атыс-шабысқа толы мультфильмдердi тамашалаудан жалықпайды. Кейбiрiнiң тiптi мән-мағынасы да жоқ. Несiне қызығатындарын түсiнбеймiн. Қазақша мультфильмдер болса, сатып әперейiн деп, диск сататын жердiң бәрiн араладым. Бiрақ бiрде-бiр қазақша мультфильм таба алмадым. Бәрi – шетелдiкi. Одан қалса, «Союзмультфильмнiң» бұрынғы туындылары. Сонда қазақтар мультфильм түсiрмей ме, әлде олардың дискiсi сатылмай ма, бұл арасы маған белгiсiз.