Шоу жасаймыз деп шошытып алмайық
Кейінгі кезде отандық телеарналарда қандай жаңа бағдарлама шықса да, оны сынап-мінеп, «ойбай, телеарналардағы шоу-бағдарламалар шайтани екен, оны жасаушылар ұяттан жұрдай, сол бағдарламаға түскендердің бәрі сауатсыз» деп байбалам салушылар көбейді. Әсіресе әлеуметтік желілерде шоу-бағдарламаларды жерден алып-жерге салушылар және «біздің қолымыздан да шоу жасау келеді» дейтіндер қызу айтысып, әрқайсысы өз дәлел-дәйектерін келтіріп әлек. «Алаш айнасы» әлеуметтік желілердегі осы «шоуға» шолу жасап көрмек.
Осыдан біраз уақыт бұрын «КТК» телеарнасында «ТойBestStar» деген бағдарлама алғаш көрсетіле бастағанда да біраз адамға аса ұнаңқырамай, Жанар Айжанова мен Айгүл Иманбаеваның өсек-аяңынан басқа ештеңе жоқ деп мұрнымызды тыржитқанбыз. Бірақ сенбі күндері қай үйге барсаң да осы «ТойBestStar»-ды көріп отырған адамдар. Өйткені басқа жағынана бәсекге қабілетті болмасақ та, той жасау мен тойға барудан алдына жан салмайтын біздің халық тойдан бос сенбі кештерінде «ТойBestStar»-ды көрмей қайтсін?
Таяуда «Хабар» телеарнасы жаңа маусымда өз көрермендеріне «Бенефис-шоу» деген атаумен тағы бір шоу-бағдарламаны эфирден көрсете бастады. Бұл шоудың өзгелерден ерекшелігі не? Мұнда бағдарламаның әр көрсетілімі бір кейіпкерге арналады. Бағдарлама эфирге шыққалы бірнеше кейіпкердің бенефисіне куә болдық. Алғашқысы Сәкен Майғазиевке, екіншісі Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиеваға, үшіншісі «КешYou» тобына арналыпты.
Бенефис-шоуды көргендердің кейбірі «бір қайнауы жетпеген» деп көңілдері толмай жатса, енді бірі бағдарламаның жүргізушілері Қыдырәлі мен Қарақатқа қатысты сыни пікірлерін білдіруде. Көрермендердің көбіне Қарақаттың Қыдырәлі сөйлегенде сөзін бөле беретінін ұнамаған көрінеді. Дегенмен Қарақат пен Қыдырәлі тек әнші ғана емес, жүргізу ретінде жақсы қабылдаған көрермендер де жоқ емес.
Арман Сқабыл, тележурналист:
– «Хабар» арнасында жаңа маусымда жарық көрген "Бенефис-шоуға" байланысты пікірлердің дені жүргізушілерге байланысты болып отыр. Бағдарламаның тізгінін Қарақаттың ұстауы кейбіреулерге жақпаған тәрізді. Енді еркекпіз ғой! "Бөріктінің намысы бір". Қыдырәлінің үйде ғана емес, эфирде де билік жүргізгенін қалаған болармыз. "Әлін білмеген әлек" әнші-жүргізушілерден шаршаған өз басым, алғашында бұл бағдарламаға да күдікпен қарағаным рас. "Біз журналистиканы оқыған жоқпыз, біз халық деген университетте оқыдық" деп алғашқы бағдарламада-ақ беттерін ашып алған бұл жұптың жүргізушілік қадамдары маған ұнады. Табиғатынан тұйықтау Қыдырәлінің аз да болса саз сөйлеуі, Қарақаттың да әлдекімдердей "қағынбай" байыппен жүргізуі - олардың жүргізушілік образдарының сәтті шыққанын көрсетеді. Еркек тұрып, әйел сөйлегеннің де мұндайда жарасымды болатынын байқадық. Тек, бағдарламаны жасаушы астаналық әріптестеріміз бенефис кейіпкерлерінің тек қана әншілерден ғана тұрмайтынын ескерсе деген тілек бар. Әнші жүргізетін бағдарламаға тек қана әнші қонақ болғаны – көрерменді шаршатқан. Бенефиске танымал ақын да, жазушы да, спортшы да, ғалым да кейіпкер бола алады. Олар да ағынан жарылсын! Олар да өнерін көрсетсін! (facebook.com парақшасынан)
Ал бенефис-шоудың жүргізушілеріне айтар сындардың дені төмендегідей...
Ләйлім Марат, журналист:
– Маған мүлдем ұнамады. Қарақат сол шоуда Қыдырәлінің айтайын деп жатқанын ауызынан жырып әкете береді. Өте дөрекі көрінді, ерін сыйламаса да, елді сыйласын да. Осыны көріп отырған, өскелең ұрпақ ердің бетінен алу деген осындай екен ғой деп ойлайтыны хақ. Қарақат екеумізде Арқа еліненбіз, мен оның біздің нанымызға ортақтасты немесе басқаның бақшасына түсті деп қызғанып отырған жоқпын. Тек ақиқат айтылатын жерде айтылу керек деп ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім, көзге көрінген қателікті айттым бары сол ғана. (facebook.com)
Енді ең қызығына көшейік, әлеуметтік желідегі айтыстың көкесі «Бенефис-шоудың» «КешYou» тобына арналған санына қатысты болды. Бағдарламада топтағы әнші қыздардың бірі Айдана атты ару қызға бейтаныс жігіттің сөз сала келгені, Айдананың әкесі мен туыстарының алдында әлгі жігіттің қымсынбай ұнатқан қызын бетінен сүйгені көрсетілген болатын. Осы бір көріністі біраз көрермен ерсі көрсе, кейбіреулері мұның ешқандай әбестігі жоқы екенін айтып, нағыз шоу осындай болса керек деп тамсанып та жатыр. Қайшы пікірлерге назар салып көріңізші, сіз бұған не дер едіңіз?
Ұлан Нүсіпәлев, актер:
– Бенефис шоуды көре калып едiм, кiрерге тесiк таппадым. Үйде жалғыз отырғаным қандай жақсы болды. Ұят ай! Нағыз шайтани хабар екен. Әкесiнiң көзiнше қызына сүйем-күйем деп өлең оқып өзеуредi. Қазақтығымыз, ұяңдығымыз, тектiлiгiмiз қайда қалды? Қыдыр мен Қарақат та айғайға аттан қосып тiптi ыңғайсыз болды. Өнердегi осындай әрiптестерiм, замандастарым сәл ойланыңдаршы?! Қайда кетiп барамыз? Өкiнiштi! (facebook.com парақшасынан)
Айбек Кабылша, журналист:
– Бұл жерде не әбестік көріп қалдыңыздар. Шоу осылай болады. Қазақтар "шоу" жасай алмайды дегендердің аузына қақпақ қойған бағдарлама болды. Қазақтың баласы келіп, қаракөз аруымызға сезімін білдірсе не болыпты?! Әкенің жүрегі жарылардай "анайы" ешнәрсе болған жоқ. Қыдыр мен Қарақатта өздерінің жүргізушілік қызметін кәсіби тұрғыда, жоғары деңгейде алып шықты. Бағдарлама бойына үш қыздың шығармашылығына тоқталып, балалық шақтарына дейін саяхат жасалды. Әкесінің, анасының, бауырларының бір бағдарламада бастары қосылып, көрерменнің алдында ашылып әңгіме айтты. Жігіт келіп қызға сөз айтты, гүл берді, бетінен сүйді, әкесі бұл көрініске қарап отырып қол соғып, мәз болып, бәрекелді десті, риза болды. Осынша дүниенің ішінен "Әкесінің көзінше қызына "сүйем-күйем" деген сөз айтты деп "кірерге тесік іздеп кету" басқа-басқа Ұлан аға сіз үшін өте ұят дүние. (facebook.com парақшасынан).
КешYou тобындағы Айданаға Қабыл деген жігіт сөз салуда
Ұлан Нүсіпәлиевтің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазған бір ауыз пікіріне жүз елуден астам адам қосылса, Айбектің де пікірін қолдаушылар жетеді. Әрине, талғамға талас жоқ, қанша адам болса, сонша пікір бар. Ең қызығы біз телеарнадағы шоу-бағдарламалардың әлеуметтік желіде талқылануының өзін шоуға айналдыратын дәрежеге жеттік. Демек, қазақтардың да қолынан «шоу» жасау келеді...