Қызылорда қаласында солақай жандар арасында суретшілер байқауы болып өтті. Тумысынан сол қолымен әрекет етіп үйренген олар көркем туындыны да керемет бейнелей білді. Тәуелсіздік мерекесіне арналған байқауға облыстың Шиелі, Сырдария, Жалағаш және Жаңақорған аудандарынан сайыскерлер келді.
Байқауға қатысушылар бір сағатқа жақын уақытта қиялда жүрген ойларын қылқаламмен қағаз бетіне өрнектеді. Оны тамашалаған көпшілік аталмыш туындыларды ерекше бағалады. Ол шығармаларда түрлі көріністер бейнеленген. Атап кетерлігі, сайыс шарты бойынша көркем туындылар тек сол қолмен салынды.
Бұл байқауды «Болашақ жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Әділқазылар алқасы барлық қатысушының өнеріне жоғары бағасын берді. Дегенмен олардың арасынан Сырдария ауданынан келген Дархан Ерлен үздік деп танылды. Жүлделі орындарға қызылордалық Толғанай Базарбай мен Талап Мырзалиев ие болды. Жеңімпаздарға лайықты сый-сияпат жасалды.
Дархан ЕРЛЕН, байқауға қатысушы:
– Маған бала күнімде солақайлық біраз қиындық алып келді. Қазір жиырма жастан астым. Бүгінгі күні бұл қасиетім маған ешқандай кедергі келтірмейді. Әбден үйреніп кеткенмін.
Дерек пен дәйек
Жер шарында өмірге келген әрбір 100 нәрестенің біреуі солақай болып жарық дүние есігін ашады. Солақайлар арасында әлемге әйгілі тұлғалар бар. Атап айтқанда, Гай Юлий Цезарь, Жанна д' Арк, Наполеон Бонапарт...