Жуырда Алматы қаласындағы Морис Симашко атындағы кітапханада Қазақ Пен-клубының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Халық жазушысы, Президенттік Бейбітшілік және Рухани келісім сыйлығының және Абай атындағы сыйлықтың лауреаты, белгілі прозаик, публицист және аудармашы Морис Симашконың (1924жыл,18.03 – 2000 жыл,15.12) құрметіне арналған кеш өтті.
Кеште М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, әлем әдебиеті және халықаралық байланыс кафедрасының меңгерушісі Светлана Ананьеваның «Қазақстандағы орыс прозасы» атты монографиясының тұсаукесері өтті. «Жібек жолы» баспасынан шыққан зерттеу еңбегінде автор М.Симашко шығармашылығын еуразиялық идея төңірегінде талқылаған. М.Симашко осы идеяның терең тарихи тамырына көз жіберді, терең зерделеді және оны ұлттың барлық ерекшелігі мен өзінің бай да қанық мәдениетін жоғалтпай сақтай отырып, күллі адамзатты біртұтас қауым ретінде болашаққа жетелейтін баспалдақ ретінде қабылдады. Жазушы шығармашылығында Орта Азияның бай мәдениеті мен түрлі аңыздары табиғи түрде көрініс тапқан. Соғыстан кейін ұшқыш әрі атқыш Морис Симашко Түрікменстанға қоныс аударады. Осылайша мұғалім одақтық және республикалық газеттердің журналисі, аңыздар мен мифтер, тарихи сюжеттерге бай таңғажайып мәдениеттің ортасына түседі. Селжүк сұлтаны Санжар мазары бой көтерген ежелгі Мервте ұзақ уақыт бойы өмір сүреді. Көз тартар қамалдардың арасында сонау сасанидтер дәуірінен бері келе жатқан шығыс базары дабырлап жататын. Ұшқыштар мектебі эскадрилиясы орын тепкен Темірлан қақпасындағы жартаста араб қолбасшысының пұтқа табынушыларды жеңгендігі туралы жазба сақталған. Осы сынды аңыздар жазушыға шабыт пен ой салып отырды. Осының негізінде халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасын, тарихи ерекшелігін терең зерделеуден туған «Қара және Қызылқұм повестері» циклі дүниеге келді. Циклдің алғашқы «Емшан» повесінен-ақ тарихқа деген құштарлық ерекше байқалады. М.Симашко Қазақстан тарихы кең байтақ Еуразия даласында туған ежелгі әрі жалпы қазақ-түрік-славян тарихымен өте тығыз байланысты деген ойды қуаттайды. Әртүрлі тілде сөйлейтін адамдардың ортақ танымы туралы жазушы «Хадж Хайям», «Маздак», «Искушение Фраги», «Семирамида», т.б. сынды повестерінде ой қозғайды. Жазушының басты қызыққан ғылыми және жазушылық тақырыбы – Қазақстан, Ресей және Таяу Шығыстың ежелгі мәдениеті мен тарихы. М.Симашконың шығармашылығында еуразияшылдық идеясы төңірегінде деңгейі мен ұлтына қарамастан, қазақ және орыс өкілдерінің рухани-зияткерлік ортақ танымына байланысты ой өте шебер әрі көркем берілген («Қоңырау», «Комиссар Жангелдин»). Жазушы шығармаларындағы Әліби Жангелдин мен ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин – Орта Азия романдарының бас қаһармандары, Азия ренессансының қайнар көзі болып табылса, Хайям, әл-Фараби, Баласағұни шығармалары ой еркіндігіне арқау болып отырған.
Германияда «Қазақстан кітапханасы» сериясы бойынша М.Симашконың шығармаларын шығару жоспарлануда.
Кітапханадағы кеште Қазақ радиосының қорынан алынған жазбалар негізінде, жазушының өз дауысымен жазылған аудио-таспа ойнатылды. Сонымен қатар М.Симашко шығармашылығы жөнінде достары – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ақын, қоғам қайраткері Леонид Гирш, режиссер Александр Головинский, жазушы, публицист Адольф Арцишевский, медицина ғылымының докторы Тамара Ильина және әдебиеттанушылар – филология ғылымының докторы, Санкт-Петербург университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясы, орыс әдебиеті институтының (Пушкин үйі) жетекші ғылыми қызметкері Сергей Кибальник, филология ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Алуа Темірболат өздерінің жылы лебіздері мен жүрекжарды тілектерін білдірді. Көркемсөз шеберінің құрметіне арналған өздерінің жалынды жырларын Зинаида Ровенская мен Адольф Арцишевский тебірене оқыды. Кешті М.Симашко атындағы кітапхана директоры Наталья Коваленко жүргізді.
Ертай Сұлтан, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы