С.Ғылмани мешіті жанынан мұражай ашылады
Қазіргі посткеңестік халықтардың ішінде бұрынғы тоталитарлық жүйенің зардабын көрмеген ұлт жоқ шығар, сірә. Қазақ елі де қылышынан қан тамған сол бір жүйенің дүркін-дүркін соққысына тап болды. Бірақ жығылған жоқ. Себебі көптеген Алаш азаматтарының ерен еңбегі арқасында халқымыздың тілі мен ділі, ең бастысы, жүрегіндегі иманы сақталды. Осындай азаматтардың бірі – қоғам және дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани.
Сәдуақас Ғылмани өз кезінде еліміздегі дін істері мәселелеріне араласып қана қоймай, ағартушылық қызметі арқылы қазақ халқының мұң-мұқтажын жырлады. Сол үшін қуғын-сүргінге де ұшырап, Сібірде бас сауғалауға мәжбүр болған екен. Ал осы қиын-қыстау жолда бір Аллаға деген сенім мен құлшылық ақын Сәдуақасқа демеу болды. Ол діндарлық қызметпен шектелген жоқ, көптеген ғылыми еңбектерді жазып, халықтың діни білімін барынша көтеруге тырысты. С.Ғылмани «Құран туралы: жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап пен «Ел аузынан жиған-тергендер (би-шешендер мұрасы)» жинағын даярлап, Құран Кәрімдегі аят-хадистердің тәпсірлерін, мәуліт өлеңдері мен діни уағыздардың қазақ тіліндегі нұсқасын жазып шыққан. 110 мыңға жуық араб сөзін білген ол «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін» де әзірлеген. Бұдан басқа, үнді халқының әйгілі эпосы – «Кәлила мен Димнаны» қазақша сөйлетіп, әл-Фараби бабамыздың шығармаларын араб тілінен аударуға атсалысқан.
Бүгінде ғұлама Ғылманидің шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның тарихи тағылымын жас ұрпақтың бойына сіңіру жолында Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, сондай-ақ «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының жұмысын ерекше атап өткен жөн. «Алаш» институтының бастамасымен «Сәдуақас Ғылмани. Шығармалары» атты қомақты еңбек жарық көрді. Күні кеше ғана Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Тұлға және ғұлама: кеше, бүгін және ертең» атты конференцияда С.Ғылманидің шығармашылық мұрасы тағы бір мәрте қаузалды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы-ғалым:
– Меніңше, Сәдуақас Ғылманидің Құран Кәрімнен аударған тәпсірлерін толықтай шығарып, әр жұма сайын мешітте жүргізілетін уағыздар сол тақырыпқа арналса екен деймін. Мен өзім мешіттің түбінде тұрамын. Қазіргі уағыздар садақамен, пітірмен аяқталады. Негізі, бүгінде мешіттердің де уағыз арқылы ғылыми тұрғыда халықтың сауатын ашатын кезі келді.
Серік НЕГИМОВ, академик:
– Сәдуақас Ғылмани – үлкен ой-парасаттың иесі, бүкіл түркі әлемінің тарихы мен мәдениетін жетік білген ғұлама. Ел ішінде оны Сәдуақас ретінде емес, «Сәкен қалпе» деп біледі. Сәдуақас Ғылмани сол кеңестер кезінде ұмытылғанмен, жүректе ұмытылған жоқ. Міне, Тәуелсіздіктің арқасында оның сом тұлғасы тағы бір мәрте биіктей түсті.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ, Астана қаласының Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешітінің бас имамы:
– Негізі, Сәдуақас қажы Ғылмани – Қазақстанның діни басқармасына жетекшілік еткен алғашқы дінбасылардың бірі. Ол 1952-1972 жылдар аралығында 20 жыл бойы Қазақстан мұсылмандарының төрағасы қызметін атқарған. Ал 1943-1949 жылдары ол Ақмола мешітінің бас имамы болған. Қазіргі кезде ол мешіт әлі де бар. Ол бүгінгі Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мешіттің ауласында тұр. Алдағы уақытта бұл жерде арнайы мұражай ашып, ол ғимаратты діни сауат ашу орталығы ретінде іске қоссақ деген жоспар бар.