Шежіре – шынайы тарих бастауы
Қазақ тарихын оның шежірелер тізбегінсіз бүтіндеу мүмкін бе? Әрине, жоқ. Тек осы шежіреге жеңі-желпі, атүсті қарап, рушылдық ауруын қоздыратын вирус сияқты үрке қарап келе жатқанымыз рас. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп есептейтін қазақ үшін шежіре – стратегиялық бағыттағы тәрбие болғанына терең мән бермейтініміз өкінішті. Біздіңше, шежіре – қан тазалығын сақтауда, туыстық қарым-қатынасты күшейтуде маңызды орын алатын және елдік пен ерлікке үндейтін бірден-бір құрал. Әрине, ат төбеліндей аз ғана қазақты «жіліктеп», «бөліп» бүлік салуға шақыратын менменшіл сипаттағы еңбектерден Құдай сақтасын! Керісінше, халқымызды біріктіретін, ынтымағын арттыратын, берекесін келтіретін дүние керек.
Бәріміз бір қазақтың баласы екенімізді, үш жүз бен оған жатпайтын басқа да тайпалардың басы біріккенде ғана жұмылған жұдырық болатын күш екенімізді дәріптеуге құлшынбай жатқандаймыз бүгінде. Әрине, Кеңестік кезең дәстүр сабақтастығын, тарихи, ұлттық құндылықтарымызды үзіп тастады. Содан да болар, бүгінде Тәуелсіз Қазақстанда шежіре жазуда бірізділік жоқ, шежіретану әлі толық ғылым болып қалыптаспай жатқандай. Әр қазақтың өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты болатынын білеміз. Түптеп келгенде, мұның өзі Алаш жұртының арасын жақындатып, кез келген қазақты бір-біріне туыс етіп шығару үшін ойластырылған шебер қағида. Қарға тамырлы қазақпыз, кездесіп қалған екеудің сұраса келе «е, құда екенбіз» немесе «өй, нағашы» болмаса «бауырым» екенсің деп шығатын бауырмал мінезі отбасында осы шежірені дұрыс таратып, түзу тәрбие берудің нәтижесі. Ендеше, төл шежіремізді тамырымызға сіңіріп, бірлігімізді бекемдейтін құралға айналдыру үшін қайтпек керек, неден бастаған ләзім, нені ескермей жатырмыз? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеген Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің басшылары «Шәкәрім Құдайбердіұлы – шежіретанудың негізін қалаушы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Жиында көрнекті ғалымдар жалпы отырыста «Шәкәрім Құдайбердіұлы және шежіретану мәселелері», «Шығармаларын Шәкәрім оқыған Османлы-түрік тарихшылары», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларындағы деректер және Ш. Құдайбердіұлы шежіресі хақында», «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі Шәкәрім шежіресінің заңды жалғасы» сияқты баяндамалар оқып, көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Қазіргі шежірелердің кейбіреуі тойлардың қарсаңында асығыс, ғылыми деректермен тексерусіз, тарихи тұрғыдан талдаусыз баспаға шығып жатады. Рас, шежірені арғы түркі халықтарының тарихынан таратып, қазақ хандығының қалыптасуы арқылы, сосын барып жалпыдан жалқыға кететін, Абайша айтқанда, «бір қазақты бір қазаққа дос» етуге талпынған туындылар бары да қуантады. Жиналғандар жалпы отырыстан кейін секцияларға бөлініп, «Шежіре – қазақ халқы тарихының дерек көзі», «Шәкәрім шежірелерінің тарихи орны», «Шежіре және әдеби шығармалар» атты тақырыптарда жасаған зерттеулерін жария етіп, пікір таластырды. Конференцияда бабалар мұрасын сол даналарымыздың жолымен жүру арқылы халқымызға да, қоғамға да, мемлекетке де пайдалы ете аламыз деген пікірлер айтылды.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Кеңес үкіметіне дейінгі яғни Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптің кезеңінде жазылған шежірелер бар ғой, Тынышпаев жазды. Бұл шежірелер қазақ деген халықтың тарихын шынайы жазу үшін жазылған болатын. Шынында да, қазақ халқының тарихын шежіресіз жазу мүмкін емес. Әрине, шежіре деректерін басқа деректермен салыстырып пайдалану керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде біз біріншіден, қазақ деген халықтың тарихын жазуда немқұрайдылық танытудамыз. Біз мемлекеттің тарихын жазумен айналысып келе жатырмыз. Соған құмармыз. Қазақ хандығының, ордалардың, қағанаттардың тарихын жазамыз. Ал ол қазақ халқының тарихы емес қой. Ол саяси тарих, шын мәнінде. Ал этникалық, қазақ халқының тарихы жазылуы үшін ру, тайпаларды жазуға тура келеді. Ал одан біз қашамыз. Сондықтан да кәсіби тарихшылар шежірені менсінбейді. Бұл – рушылдықтың көрінісі деп қарайтындар да бар. Екіншіден, шежірені шынайы тарихи шындықты бейнелемейді, дерек болуға жарамайды деп қарайтын бізде тарихшылар бар. Еуроцентризммен «ауырған» осындай тарихшылар шежірені еш уақытта өз еңбектерінде пайдаланбайды. Шежірені менсінбеу деген сөз – қазақ халқының тарихын менсінбеу ғой, жоққа шығару. Осыны біздің тарихшылар түсінбей қойды. Сондықтан да мына Шәкәрімге байланысты өтіп жатқан конференцияның маңызы зор.