Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
Cырым ДАТҰЛЫ. Сырымдай батырды дүниеге келтірген қасиетті Сырым елі көпті көрген, ғасырлар бойы тарихи оқиғалардың куәсі болған көне өңір. Сырым елінің тарихы Қазақ елі тарихының жай ғана бір бөлігі емес – маңыздылығы және аса күрделі оқиғаларға толылығымен ерекшеленеді. Бұнда көне дәуірден бастау алып қазіргі заманымызға дейінгі кезенді сипаттайтын материалдық, рухани және тарихи ескерткіштер мен оқиғалар отандық тарихи, мәдени мұра байлығымызда елеулі орын алады.
Оның дәлелі: Бүгінде мемлекет қорғаунына алынып, Сырым Датұлы атындағы тарихи музейге айналдырылған ғимараттың өзінің сыр – шежіресі бар. Бұл ғимарат ХІХ ғасырдың соңында орыс көпесі Якуб Таракановтың жеке үйі ретінде салынып, 1918-1919 жылдары Күнбатыс Алашорда Үкіметінің штаб – пәтері орналасқан. Алаш қайраткерлері Жаһанша, Халел Досмұхамедовтардың қызмет еткен орны. Сондықтан ұлылардың ізі, тектілердің үні қалған тарихи орын Сырым Датұлының туғанына 265 жыл толуына орай бабамыздың атындағы музейі ретінде ашылды.
Сырым - қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-1797 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі, дәстүрлі ел билеу жүйесіне өзгеріс енгізген реформатор болғанын оның халқына қалдырып кеткен істері дәлелдеді.
Сырым – шешен! Сырым сөздері халық жадында екі ғасыр бойы ұмытылмай сақталып келіп, ол өз бейнесін өзі жасады. Бұл – халық әдебиетінің тамаша дәстүрі. Осы жерде Сырымның Алдар бидің сұрағына жауабын келтіруге болады:
Алдар би:
Қарадан хан болдың,
Айырдан нар болдың,
Жоқтан бар болдың.
Көнеден дәурен озды,
Көндей қамқа тозды.
Атадан ұл озды,
Анадан қыз озды, - депті.
Сырым сонда былай деп жауап қайырған екен:
Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған болар.
Айырдан нар болсам,
Атам үлектей жараған болар.
Жоқтан бар болсам,
Құдайым қараған болар.
Көнеден дәурен озса,
Жасы жеткен болар.
Көндей қамқа тозса,
Күтімі кеткен болар.
Атадан ұл озса,
Еркіндігі болар.
Анадан қыз озса,
Еркелігі болар.
Сонда Алдар би: «Жарайсың балам, жарайсың, қадамың қайырлы болсын!» - деген екен.
Сырым батырдың төре би ретіндегі беделі мен абыройы күллі Кіші жүздің бірлестігінің деңгейіне көтеріліп ел ішінде – хан, сұлтандармен тең ықпалға ие болды.
«Сырым Датұлы тарих абақтысында көп отырып қалды. Батыр дейтінді тарих туады, ұлт туады! Батыр еріккеннен тумайды, есіргеннен тумайды, жаны қысылғаннан туады. Сондықтан батырды ғасырлап толғатады. Біздің Сырым бабамызды қазақ халқы екі жарым ғасыр толғатқан екен. Мен үшін Сырым Аттилладан бері жалғасатын, Балқан мен Алтайдан бірақ шығатын, арасы алшақ Тайбурыл шаппаса басқамен жете алмайтын қашық тұрған қадау – қадау үлкен тұлғаның біреуі! Сырыммен қазақ тарихында ұлт – азаттық қозғалыс, қазақ бұрын шұғылданып көрмеген жаңа күрес басталады», - Қазақстан Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай Сырым – батыр! Сырым отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған патша әкімшілігінің езіп – жаншуына, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Сырым батыр Орынбор генерал – губернаторы Игельстомға бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, бащқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі», - деп ашық жазады.
Сырым батыр бастаған ұлт – азаттық көтерілісі Аралдан Сырдария, Ор бойына дейін, Тобыл және Хиуа – Қарақалпақ жерлерін қамтыды.
Сырым Датұлы көтерілісінің нәтижесінде өлке басшылығына қайта тағайындалған Осип Игельстром қол астындағы әскеріне қазақ ауылдарын бұрынғыдай шауып, барымталауға тыйым салды. Көшпенді ел ежелгі ата қоныстары Еділ мен Жайық арасындағы жайылымдарды пайдалануға мүмкіндік алды. Оның нәтижесінде 1801 жылы І Павел патшаның Бөкей сұлтан бастаған қазақтарға Жайықтан өтіп, құм Нарынға қоныс тебуіне де осы көтерілістің әсері тигені тарихи шындық. Игельстром айлакерлігінің арқасында Сырым жағымен келісімге келіп, Хан кеңесін құрады. Хан кеңесі бірінші жиылысын 1797 жылдың тамызында өткізеді. Оған 1000 адамы бар жасағымен Сырым батыр да келіп, хылықтың барымта мен жұт апатына және «Хан кеңесінің» құрылуына байланысты күресті тоқтататынын мәлімдеді. Сырым негізгі мақсат - мүддесіне жете алмағанмен ол бастаған 1783-797 жылдардағы қозғалыс патша империясының қазақ елін күшпен отарлау іс – қимылдарын белгілі бір кезеңге шейін кешуілдетті!
Музейдің коллекциялық қорының қалыптасуы халқымыздың ұрпақтан – ұрпаққа ардақтап, мұра етіп қалдырған сан – алуан бұйымдарының негізінде жүзеге асты. Олардың арасында тарихтан белгілі ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы киім үлгілері, халқымыздың жаугершілік замандарда қолданған қару – жарақтары , қолөнер туындылары бар. Сырым залындағы экспозицияда батырдың қару – жарағы ерекше көзге түседі. Ер қаруы – бес қару деп қазақ қарудың бес түрін атаған. Олар: садақ, қылыш, найза, айбалта, шоқпар. Жарақтың мынадай түрлері музейде сақтаулы: қалқан, дулыға, қорамсақ, сауыт.
Музейде мәдени мұраны ұлықтау – қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың пәрменді тетігі болып табылады. Сырым Датұлының жерленген орнын анықтау мақсатында 2007 жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Тарихи зерттеулер, аңыздар мен этнографиялық мәліметтерге сүйене отырып, Сырым Датұлының бейіті Өзбекстан республикасы Хорезм облысы Гүрлен ауданы "Ғайып ата" қорымында екендігі дәлелденді. Бұл тұжырым сол жылдың қыркүйек айында Орал қаласында өткен халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияда мақұлданып, желтоқсанда Сырым Датұлының бейітіне орнатылған белгіні ашу рәсімі өткізілді. Бейіт жанында орналасқан қара граниттен жасалған құлпытаста: “Ғайып ата – Сырым Датұлы 1742-1802 ж.ж. Белгіні қойған ұрпақтары мен жерлестері 2007 ж.” деген жазу бар.
Сонымен қатар Сырымның ұрпақтарының, қарулас серіктерінің жерленген орындары іздестіріліп, табылды. Атап айтсақ, батырдың туған жері Жетікөл елді – мекенінде Сырымның ұлы Қазының зираты, құлпытасы; Сырымның немересі Омардың бейіті; Ұрпағы Ыдырыстың бейіті табылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұлттық тарихымызға, оның ескерткіш – белгілеріне, жер бетінде қалған өрнек – іздеріне деген шынайы бетбұрысты, мемлекеттік мәртебедегі пайым биігін аңғартады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін музейлер жұмысын қайта құру, жаңа музейлердің ашылуы және музейлердің тақырыптық – экспозициялық жоспарларындағы түбегейлі өзгерістер еліміздің егемендік жолындағы күресінің нәтижесінде қол жеткізген еркіндігімізбен, елдігімізді баяндайтын жәдігерлермен баяндалуын талап етті. Осы мақсатта Сырым Датұлының және ұрпақтарының тұтынған заттарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Сырым Датұлы бастаған ұлт - азаттық көтерілістің түпкі мақсаты қазақ елінің азаттығы, тәуелсіздігі болатын, елге тыныштық орнатуға бағытталды. Сырым Датұлы дипломатиялық жолмен Жайықтың оң жағалауын қазақтардың қайта иеленуіне қол жеткізді. Міне, оның реформалық ісінің нәтижесі. Яғни, Сырым Датұлы тәуелсіздіктің іргетасын қалаушылардың бірі деп бағалауға әбден болады. Сондықтан Сырым жәй батыр емес,ол саясатшы батыр! Міне, Сырым Датұлының туғанына 271 жыл толса да, халық ел ардақтысын, ел кемеңгерін аузынан тастамай, Сырым келбетін әрқашан көз алдына ұстайды!
P.S. Жеті атасын, үш жұртын білу замандар қойнауынан белгілі исі қазақтың міндеті деп білемін. Өзімнің қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының ұрпағы екеніме әрдайым мақтан етемін! Шежіреге тоқталсам, Сырымның төрт әйелі болған. Оның 4 – ші әйелінен Насыр Сырымұлы туған (елде уақ Сырымдар деп атайды). Насырдан Әжмағамбет (өзі сүттей ақ болғандықтан, Сүт аталып кеткен. Сүт атам темірден түйін түйген зергер шебер болған. Оның шеберлік қасиеті кейінгі ұрпақтарына дарыған). Әжмағамбеттің Ахмедияр, Мамбетияр, Салық және Бақтияр деген ұлдары болған. Мамбетиярдан Шамшидден және Зинедден тараған. Шамшидден атамнан Ғайнидден, Нажмидден (әкем), Нығмедден, Мақсот, Махмет деген ұлдары дүниеге келген. Шамшидден атам бізге бала кезімізден «Жеті атасын білмейтін жетесіз» деген сөзді көп айтатын. Жастайымыздан Сырым бабамыздың батырлығы, шешендігі мен даналығы туралы аңыз – әңгімелерден сусындап өстік. Енді, міне Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінде қызмет атқарып келемін. Сырым бабамның ғибратты өмір тарихын таныстырып, насихат жолында өзімнің кішкетай да болса үлесімді қосып жатқаныма шексіз қуаныштымын!
Мамбетьярова Әлия Нажмидденқызы, Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің экскурсоводы
Ақтайлақ Байғараұлы (Ақтайлақ би) 1720-1816 жылдары аралығында ғұмыр сүрген
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВТЫ М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы»
Жанкелдіқызы Ұлбике (1825–1849 жж.) – қазақтың әйгілі ақын қызы
“Үкілі Ыбырай” атануының себебі
Сүгірдің бүкіл елге әйгіленген жиын 1921 жылы
Сүгір Жырау 1894 жылы Маңғыстауда Өгіз-Өреуіл деген жерде дүниеге келген.
АҚЫН САРА. Сарамен айтысқан атақты Біржанның ағайындары
Ұлбике есімі елімізге таңсық болуы да ғажап емес
Қазақта Құлыншақ деген ақын өткен
Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) - қазақтың халық ақыны
ДОСБОЛ БИ. Досбол Қорлыбайұлы бір деректе
Еңсегей бойлы Ер Есім!
Алдар би
Құнанбай қажы Өскенбайұлы
Жиренше шешен (туылған-өлген жылы белгісіз)
Махамбет Өтемісүлы 1804 жылы осы күнгі Орал облысының Орда ауданында
Қожаберген жырау шығармашылығындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»
Сыпыра жырау – қазақ пен ноғай
Базар жырау (1841-1911).
Сартай Көшкіншіұлы жырау.
Қожаберген батыр - жырау орта жүздiң Керей руынан тарайды.
Ескелді би (шамамен 1692 —1770 жж.) Әмбе жалайыр әулие атанған
Балуан Шолақ (шын аты — Нұрмағамбет)
Сүйінбайдың қырғыздың атақты айтыскер-ақыны
Балпық би (1694 —1784 жж.)
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңы
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту