Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
Балпық би (1694 —1784 жж.) Осыдан 280 жылдай уақыт бұрын Жалайыр елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ескелді би, Қабылиса (Қабан) ақынмен бірге ол да көзі тірісінде әулие саналған, 1694 жылы дүниеге келіп, не Қаратал, не Көксу өзені бойында 1784 жылы қайтыс болса керек.
Балпық он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андас тармағына жатады. Қай жерде, қандай жағдайда болмасын өзінен екі жас үлкен Ескелді бимен аты қатар аталған. Жүздеген жылдар бойы үздіксіз шапқын жасап тұрған Жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген Жалайырлардың басын құрап, Ескелді, Қабан ақын, Орақ батырлармен бірге жаудан босаған Жетісу өлкесіне көшіріп әкеліп, қоныстандырған еңбегі ел аузында ерекше айтылады. Бұл жөнінде мынадай жыр жолдары сақталған:
Сырдарияның бойында,
Қазалының ойында,
Халқын түгел жинаған.
Қараталдың бойына,
Текелінің ойына,
Қоныстанып тойлаған.
Нақтылы деректерге сүйенсек, Балпық, Ескелді, Орақ батыр Аңырақай шайқасында Жалайырлардың қолын бастап, қалмақтарды Ӏле дариясына тоғытқан. Жаудың негізгі күші Талдықорған жаққа қашқанда үлкен бір тобы қасқа жолдан шалғайда жатқан Ӏле, Балқаш, Қамау жақты паналамақ болады. Ұлы қолбасшылар Кіші жүздің ханы Әбілқайыр, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Жаныс Өтеген, Албан Райымбектер қалмақтарды күншығыс жаққа түре қуғанда, артта, қапталда қалған жау тобын жайратуды Ескелді, Балпық, Орақ батырлардың жасағына тапсырса керек. Қапшағайдан Балқашқа дейінгі 500 шақырымдай ұзақ жолда олар жүргізген жойқын жорық жайында ел аузында аңыз, әңгіме көп. Осы күнге дейін Ӏле, Жиделінің құйылысында, Балқаш теңізіне жақындау аймақта Үш қалмақ деген шұрайлы жер бар. Сол үшеуі өз еркімен жалайырлардың қолбасшыларына тыңшылық қызмет етсе керек, содан сол жер үшеуіне сыйға берілген тәрізді.
XIX ғасырда өмір сүрген өрен жүйрік ақын Бақтыбай "Қамау сапары" атты толғауында былай дейді:
Байұзақ, Мәмбет еді Абақтағы,
Ескелді, Балпық еді Тарақтағы.
Бар еді Жақсымбетте Асан, Сиық,
Осылар кембағалды жылатпады.
Асанда Қабылиса деген өтті,
Жемітті өле-өлгенше ұнатпады.
Ескелді, Балпық, Сиық, Қабылиса
Жарлыны жарға итеріп құлатпады.
Андаста аты шыққан Қарынбай би
Бөлені маңайына жолатпады.
Келдібекұлы Қазыбек би - қазақтың Тәуке
Шал ақын, Тілеуке Құлекеұлы
Бұқар жырау - суырыпсалма ақын, жырау
Жәлменде Байшығашұлы (1846-1901) - би, шешен.
Шешендік сөздер жинағының сілтемесіне басыңыз
Азарсың, жұртым, азарсың
БАҚЫТ ҚАЙДАН КЕЛЕСІҢ
Сыпыра жырау
Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту