«Шертер» жаңа шеберханасын ашты
Еліміз Тәуелсіздік алған соң ұлттық құндылықтарға бірден ден қойған азаматтар болды. Солардың алдыңғы сапында белгілі өнер зерттеушісі, ұстаз Сапарбек Әліұлы Ділманов та бар еді. Ол 1991 жылы ашқан «Шертер» шеберлер орталығы ұлттық аспаптар жасаумен айналысты. Оларға кеңес дәуірінде-ақ қазақтың ұлттық аспаптарын зерттеп, ұмыт қалғандарын қайта жаңғыртқан этнограф Болат Сарыбаев кеңесшілік жасады. Сапарбек Әліұлы өзінің шебер інілері Бақытжан мен Мейірбекті қасына алып, домбыра, қобыздан бастап, шертпелі, ыспалы, үрмелі аспаптарды бірінен кейін бірін жаңғыртып жасай берді. Қатарларына қолы епті жастарды тартып, шәкірт тәрбиелеуді де ұмытқан жоқ. Ең бастысы, жасаған аспаптарының сапалы болуын қадағалады. Еңбектері ақталып, тұтынушылары жыл сайын көбейе берді.
Сапарбек Әліұлы бұл кәсіпорынды нағыз қиын уақыттары басқарып, өмірінің соңында асыл өнерді дамытуды бауырларына аманаттап кеткен-ді. Аға аманатына адал шеберлер «Шертерді» одан бері де белестен белеске көтерді. Қазіргі таңда бұл шеберлер орталығы көпжылдық тәжірибенің арқасында әлемдік және кәсіби мамандардың талаптарына сай 50-ден астам саз аспабын шығарады. Атап айтқанда, шертпелі саз аспаптардан: (домбыра, бас домбыра, шертер, жетіген, адырна), ыспалы саз аспаптардан: (нар қобыз, қыл қобыз, прима қобыз, ыспалы контрабас), ұрмалы саз аспаптардан: (дауылпаз, кепшік, даңғыра, тай-тұяқ, асатаяқ, сақпан, зырылдауық, сылдырмақ, дабыл) және үрмелі (сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы, қамыс сырнай, қурай) саз аспаптарын жасайды. Көптеген шетелдік компаниялар мен отандық кәсіпорындар және өнер ұжымдары арасында бұл өнімдерге сұраныс өте жоғары. «Шертер» кәсіпорны – егемен елімізбен бірге тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорын. Тәуелсіздік алғалы бері бүкіл Қазақстанға және алыс-жақын шетелдегі қандастарымыз арасында танылып, олардың тапсырыстарын орындап, көпшілік көңілінен шығуда. «Шертер» кәсіпорнының шығарып жатқан өнімдеріне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та қызығушылық танытты. 1998 жылы Астана қаласының ашылу салтанаты мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы аралап жүріп, домбыраның күмбірлеген үні мен бүгінгі дүниежүзілік стандарттарға сай жасалған сапасына риза болып, өзі таңдап екі домбыра сатып алған еді.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша айына 1000-1500 дана саз аспаптарын жасауға мүмкіндігі бар бұл кәсіпорын қазіргі уақытта айына 500-600 дана әртүрлі саз аспаптарын жасап шығарады. «Шертер» кәсіпорнының шеберлері домбыра, қобыз, шертер және т.б. аспаптарды қазіргі заманның талабына сай төмен бағамен, сапалы түрде жасап келеді. Оларды көбінесе қазақ жеріндегі экологиялық таза ағаштардан, мал терісінен, жылқының қылы, тұяғы, сүйектері және т.б. материалдардан жасайды.
«Шертер» кәсіпорны Алматы қаласындағы балабақшалардың саз аспапқа деген сұраныстарын қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Алтынбек Қоразбаев, Шәміл Әбілтаев, Айгүл Үлкенбаева, Әлмырза Ноғайбаев, Алмас Алматов және т.б. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория, «Отырар сазы» оркестрі, «Гүлдер» ансамблі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, саз мектептері және басқа да өнер ұжымдары. Қазіргі кезде өзінің өнімдерін сапалы шығарып, алыс-жақын шетелдерге аты таныла бастаған «Шертер» фирмасының басы-қасында Сапарбек Әліұлының інілері Бақытжан мен Мейірбек Ділмановтар жүр. Олар ұстаз-аға еңбегін лайықты жалғастырып, ел алғысын арқалап келеді. Соның нақты бір дәлелі жақында Алматы қаласындағы Қайрат ауылында «Шертердің» жаңа шеберханасының ашылу салтанаты болды. Кәсіпорын бұған дейін 20 адамды жұмыспен тұрақты қамтып келді. Ал енді үлкейіп, жаңарған шеберханада 50 адамға дейін жұмысқа тартылмақ. Сондай-ақ бұл шеберхана өзінің мұражайын, аспаптарды ғылыми-зерттеу кабинеттерін ашуды да жоспарлап отыр.
Шеберлер орталығы жаңа ғимаратының ашылуына ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР мәдениет қайраткері, дәулескер күйші Шәміл Әбілтаев секілді өнердің аға буын өкілдері мен жоғарыда аталған өнер ұжымдары қатысып, «Шертер» шеберлері өнімдерінің сапасының жоғары екенін айтып, ризашылықтарын білдірді.
Мерей
Шертерліктер 2002 жылы Женевада өткен дүниежүзілік «Алтын жұлдыз» сапа белгісін, 2004 жылы Алматы қаласы әкімдігінің «2004 жылғы Алматы қаласының ең үздік кәсіпкері», 2006 жылы «Алматинский бренд-2006» көрмесінің дипломын алса, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» атты алғыс хатымен марапатталды. 2008 жылы қазақ ұлттық саз аспабы – домбыра жасау шеберлерінің арасында өткен «Үкілі домбыра» VII республикалық байқау-бәйгесінің жүлдегері. Бірнеше жыл қатарынан «Алтын сапа» өңірлік көрме байқауының «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымын жеңіп алып және «Алтын сапа» республикалық көрме конкурсына белсене қатысқаны үшін алғысхатпен марапатталды. 2012 жылы «Ортеке – 2012» ІІ дәстүрлі қуыршақ өнерінің Халықаралық ортеке жасаушы шеберлер арасында өткен фестивальда ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.