Сериалдар қазақы құндылығымызды жойып жіберуі мүмкін
Үндінің, түріктердің, кәрістердің сериалдарын көп қарайтын біздерге осы күні аталған ұлттардың өмір салты түк те жат емес. Пұтқа табынып тұрған үнді болмысының жақындап кеткені соншалықты, сериалдарды бізбен бірге қарайтын жас балалар, үнділердің қай құдайының аты қалай аталатынын және ол құдайы үндіні қалай желеп-жебейтініне дейін сайрап айтып беруі мүмкін. Сол балаңыздан Исламдағы парыздың түрі мен иманның негіздерін сұрап көрдіңіз бе? «Өй, бала ғой, кейінірек бәрін біліп алады», – дейтініміз анық, сұрақ қоймастан бұрын. Кешқұрым кафеханалардың бірінде әйнек шыныдағы қара шайын сораптап отыратын түріктер де бізге жат емес. Сериалдардан олардың дәл осылай шәй ішіп отыратын көрінісін қаншама рет көрдік екен. Қит етсе, өзіне қол жұмсағанды ұнататын кәрістердің де сөзінен қимылы басым бір кейпін көз алдымызға елестете де аламыз. Мүмкін, бұл ұлттардың сериалдағы бейнесі мен өмірдегі бейнесі бөлектеу де шығар. Алайда, дәл осы күні солар біздің ортамызға келе қалса, жатырқамай қабылдауға даярмыз. Иә, біз үшін осы күні үндінің де, түріктің де, кәрістің де ортақ мінезі, бүгінгі құндылығы, тіпті, арманы да таныс. Әлдебір жерлерде сол ұлт өкілдерін көре қалсақ, әлгі сериалдардың кейіпкеріндегі мінезбен салыстырып, оның біз үшін тіптен жат емес, қайта жақын екенін ұға түсеміз бе, қалай? Сөйткен біздерге өз қазағымыздың мінезі, арманы, танымы қаншалықты түсінікті? Қаншалықты жақын? Өзге ұлтты жатырқамай қабылдайтын мінезіміз бұрыннан бар десек те, өзімізді түрлі категориялар бойынша бөліп, түрлі стандарттарға сай келмейді деп шеттетудің сырын қайдан білсек болады? Бұл бәлкім, қолда бардың қадірі жоғы жайлы әңгіме болуы да мүмкін ғой.
Осындайда еске Элвин Тоффлердің технологиялық және әлеуметтік үдерістердің қарқынды дамуына орай, адам мен қоғамның күрт өзгеруіне байланысты психологиялық реакциясын жазған еңбегі ойға оралады:
«…Мекен ететін кеңістігі кенеттен тарылып кеткенін сезген қасқыр инфаркт алады екен. Ал, кенеттен өзге ұлт өкілдері жайғасқандықтан көрші ауданға бара алмайтынын білген адамға не болуы мүмкін? Барлық құндылық бірден өзгеріп кетті. Мұғалім кей кезде балаға не айтарын білмейді – уақыт өзгерген. Ғалым қоғамдық дәрежесін жоғалтқанына қынжылады. Бұрынырақта болашағы бар делінген мекеме қызметкері күтпеген жерден жұмыссыз қалады… Үміттің өзі түгесіліп барады...
Болашақтың соққысы – қоғамдағы өте жылдам дамып бара жатқан өзгеріс қарқынының өнімі. Ол ескі мәдениетке жаңа мәдениетті әкеліп таңғанда туындайды. Былай қарағанда мәдениеттің соққысына келіңкірейді. Бірақ оған қарағанда әлдеқайда жаман...».
Рас, бүгінгі күннің биігінен қарағанда – жаһандануыңыз ұлт пен ұлтты бір-біріне жатырқамай қабылдату деп ұғынсақ, біз мысалға келтірген сол ұлттар қазақты қаншалықты біліп, танып, түсініп, жақын тартады екен?
Яғни қазақ әлем үшін қаншалықты құнды? Қазақтың мінезі, құндылығы, мәдениеті мен болмыс-бітімі әлем халқы үшін қаншалықты түсінікті, қаншалықты маңызды? Әрине, әлем халқы, әлемдік қауымдастық қандай да бір ұлтты шеттетіп, қандай да бір ұлтты сыртқа тебеді деуден аулақпыз. Сонда да қазақтың қазақ болып қалуы, қазақы тәртібі мен танымын сақтай алуы, ең әуелі өзі үшін маңызды. Сол қазақтың кескін-келбетінің, табиғатының өзгеруі мен сақталуы да ең әуелі қазақты ойлантуы тиіс. Солай дегенмен де біз өзімізді байырғы қалпымыздан мүлдем өзгермеуіміз керек, өз тамырымызды сақтап қана отыруымыз керек еді деп те айта алмаспыз.
Себебі, біз өзгермей тұра алмаймыз. Бүтіндей бір дәуір өзгеріп, буын алмасып жатқан уақытта, адамның еш өзгермеуі керек деген сөз де құлаққа тосаңдау естілмей ме? Иә, біз өзгерерміз, ал, құндылықтарымыз ше?
Құндылық демекші, «Дүниежүзілік құндылықтарды шолу» (World Values Survey) атты зерттеу жобасы туралы біріміз білсек, келесіміз білмеуіміз мүмкін. Дүниежүзіндегі әлеуметтанушылар бірлесіп құндылықтарды, олардың әлеуметтік және мәдени өмірге тигізер әсерін зерттейді. Бұл зерттеу жобасының аясында, 1981 жылдан осы күнге дейін, алты бөліктен тұратын кешенді зерттеу жүргізіліп, әлемнің 97 елінде арнайы социологиялық зерттеулер жасалған. Бұл зерттеу адамдардың дүниетанымдық өзгерісі жайлы айтады. Мейлі, авторитарлық болсын, мейлі демократиялық болсын, кез келген режимдегі елдің мейлі бай болсын, кедей болсын, кез келген азаматтарына сұрау салу нәтижесінде -пікір қорытатын ұйым – дүниежүзі халқының дүниетанымы мен құндылықтары туралы эмпирикалық мәліметтері бар жалғыз дереккөзі деуге болады.
Ғасыр басынан бергі уақытта Қазақстан ғана емес, дүниежүзі халқы саяси, әлеуметтік, экономикалық салада күрделі өзгерістерді бастан өткерді. Оған ғаламтордың қарқынды дамуы мен түрлі технологиялық жаңалықтарды қосыңыз. Бүгінгі күні әлемнің қай қиырындағы оқиға мен жаңалық келесі бір аймаққа сол сәтінде-ақ жетіп үлгереді. Жүз миллиондаған адам бір сайтқа кіріп, бір телеарнаны көріп, бір әзілге жымия күліп отыруы бек мүмкін. Тіпті, осы күні халықтың көбі бір тағам түрін тұтынатын да болған. Отбасы, некеге қатысты пікірі мен керек десеңіз, әлемнің ер мен әйел жұбынан тұратын некелік одаққа деген бүгінгі көзқарасы да өзгере бастаған. Міне, осы өзгерістердің әлем халқының дүниетанымына тигізетін әсері мен құндылықтардың қалыптасуы мен өзгерісін зерттейтін бұл жобаның осы күнге дейін жүргізген зерттеулері дүниежүзі азаматының ортақ бір құндылығы мен мінезін жасап бере алады десек те болады. Біз осы зерттеулер аясында өзіміздің ғана емес, өзгенің де түр-тұрпатына көз тоқтатып, көңіл аудара алсақ, шіркін!
Мәселен, бүгінгінің дін жайындағы көзқарасын білудің өзі неге тұрады?! «Дүниежүзілік құндылықтарды шолу» жобасы, мәселен, Индонезияның 98% халқы үшін дін олардың өміріндегі маңызды рольге ие екенін анықтаса, Құдай қосқан көршіміз Қытай мемлекеті халқының 3%-ы ғана дінді өмірінің мәні деп санайтынын мойындағанын айтады.
Қазақ үшін дін қаншалықты құнды? Құдайдан қорыққан қазақ көп болғанымен, Құдай көрсеткен көркем мінездерді бойында сақтай алғандар туралы мәлімет те бізге қызық емес пе?
Индонезия туралы мысалды айтқан екенбіз, сол ел туралы тағы бір әңгімені айналып өтіп кетпейік. Бірде Джакартадан келген қонақ қаламгермен тілдесіп қалғанымызда, жазу бағытының бірі – көсемсөз екенін айтып еді. Негізі өлең жазатынын, бірақ публицистикадан қол үзе алмайтынын мойындаған. «Соңғы уақытта не жазып жүрсіз?», – деген сауалымызға Индонезияның бір аймағы туралы әңгімені бастаған болатын. «Ол аймақтың тұрғындары сондай сымбатты, сондай мықты әрі келісті. Алайда, жүректері тым нәзік. Сүйгенімен қосыла алмай қалса да, сүйгенімен ренжіскен жағдайда да, әйтеуір қандай да бір қиыншылықтар шыға қалса, құздан құлауға бейім. Яғни өз өмірлерін оңай қияды. Олардың мұндай қадамға неге оңай баратынын, өз жанын неге өлімге тез қиятынын зерттеп жүрмін. Соны кітап етіп жазбақшымын», – деген еді әріптесіміз.
Жасөспірімі өзін өлімге қия салатын елдердің алғашқы шебінде тұрған біздер, сол жастар мен жасөспірімдердің сыры мен мұңын, наласы мен назасын қаншалықты зерттедік, түсіндік, ұғындық екен? Мұсылман әлемі үшін жат саналған бұл мінездің бізде жиі бой көрсетуі қалай? Еліміз бойынша орташа есеппен 100 мың адамға шаққанда 15 адам өзіне-өзі қол жұмсайтын Қазақстан халқы үшін адам жанының неліктен соншалықты құнсызданып кеткенін біле алдық па? Қорқыныш, үрей, депрессия, отбасылық кикілжіңдер – біздегі суицидтің негізгі себебі дейміз де, осы себептердің неліктен пайда болғаны жайлы тереңірек таныдық па? Жасөспірімдердің бұл қылығы біздің болашағымызға қалай соққы беруі мүмкін?
Иә, қоя берсек сұрақ көп. Бүгінгі заманда құндылықтар ауысты, мінез өзгерді, болмыс басқаша дегенімізбен де, қазақтың жүрегіне қазақтан артық үңіле алатын кім бар?
«Адамзат баласы әсер етуі жағынан қатерлі дертке тең, бұрын байқалмаған психологиялық күйге душар болып отыр. Бұл ауру – «футурошок», яғни «болашақтың соққысы» деп аталады. Адамзат – жер асты байлығының түгесілгендігінен, атом энергиясы бақылаудан шығып кеткендіктен немесе табиғаттың бұзылуынан өлмеуі мүмкін. Олар психологиялық ауырлықты көтере алмағандықтан өледі...».
Бақыт ДАСТАНҚЫЗЫ, психолог:
–Адамның мінезі, құндылықтары, қызығушылықтары, ерекшеліктерінің барлығы қоғамда қалыптасады. Біз бұрынғы қоғамда рухани құндылықтар басым болып, материалдық құндылықтар екінші орында болғанын, ал қазір материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шыққанын, адамның психологиясы «тұрмысқа байланғанын» жиі айтамыз. Ол рас. Материалдық құндылықтардың өзгеріп тұратыны рас. Біз, рухани құндылықтардың, мінезіміздегі өзгермеуі тиіс қырлардың құбылмалылығынан көбірек қауіптенуіміз керек.
Осы күнгінің адамының «мені» басым болып кетті. Мейірім азайды. Адамдардың бір-біріне уақыт бөлуі, көңіл бөлуі үлкен мәселеге айналды. Біреуден біреу асып түссем деген ой басым. Біреудің біреуге жеткісі, басып озғысы келеді. Адамның рухани байлығы емес, материалдық байлығы бағаланатын бүгінгі қоғамда құндылықтар жүйесінің өзгермелілігіне аса таңқалудың қажеті жоқ-ау! Әрине, мұндай құбылмалық жас ерекшелігіне де байланысты. Жастық шағыңда қанша материалдық дүниені қусаң да, орта жас межесіне жеткен уақытта, бәрібір рухани дүниені іздемей тұра алмайсың. Солай екен деп, жастардан жауапкершілікті мүлдем алып тастауға болмайды. Біз оларға құндылықтар жүйесі тізбегінің қандай болатынын, нені құрметтеп, нені аялау керегін ұдайы айтып отыруымыз керек.
Материалдық құндылықтардың да жастарға неге қажет екенін зерттеуіміз керек. Бұл құндылықтар шамадан тыс, адамның жеке басының қасиеттерінен асып түспеуі, материалдық құндылықтар адами құндылықтарды басып кетпеуі тиіс. Материалдық құндылықтар өзгеріп тұрады. Алайда, адамдардың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасы өзгермеуі тиіс. Адамның ниеті таза болуы керек. Қанағат керек. Қанағатсыздық адамды да, қоғамды да өзгертеді. Тойымсыздық та солай. Қанағаттың азаюы бүгінгі құндылықтар жүйесі өзгеруінің ең басты бір қыры дер едім. Себебі, осы күні қаншама адамның бойында қанағат сезімінің жоқ екенін байқауға болады. Бұл – ең қауіпті мәселе. Біз осы күні өзімізді шүкіршіл халықпыз деп мақтанамыз. Ал қанағатшыл халық екенімізді сенімді түрде айта аламыз ба? Жас шағында тек қана материалдық құндылықты қуған адамның кейінгі ғұмырының ауырлауы бек мүмкін.
1960-80 жылдардың жастары кітап жинап, кітап оқитын. Ақындардың, жазушылардың, қаламгерлердің тың туындысын іздеп жүріп оқу сол заманның ең анық бір көрінісі, сол заманның ең басты құндылығы еді. Қазіргі жастардан ол мінезді байқай алмайсыз. Себебі, қазіргі жастар философиялық дүниеге көп қызықпайды. Оларды нақты дүниелердің қызықтыратыны соншалықты, осы күні нақты ақпараттарды ғана оқығанды ұнатады. Романтика, болмасқа сену деген мінездерді жастардың бойынан көп байқай алмай жүрміз. Себебі, бүгінгі жастардың арманы да, мақсаты да нақты, тура. Біздегі құндылықтар жүйесі туралы айтқанда олардың осы мінезін де ескермеске болмайды.
writers.kz сайтынан алынған