Құдық қазып жатқан Бауыржан Базылбеков сырты өрнектелген көне тасқа тап болған. Алғашында бұған аса мән бермепті. Кейін бақшасынан табылған ескі пышақ есіне түсіп, дереу тарихшыларды шақырған. Жергілікті археологтар да таңданысын жасыра алмады. Бірақ олар да әзірге табылған дүниеге анықтама таппай отыр.
-Қанатын кеңге жайып жатқан 16 сотық жерден осыдан үш жыл бұрын ескі пышақ табылған екен. Бірақ оны қожайын таттанып, шіріп кеткендіктен лақтырып жіберген. Енді ол алып тас табылып отырғандықтан ауласы тарих сырын қойнына бүгіп жатқанына кәміл сенімді.
Тастың үлкендігі бір метрдан асып жығылады. Ортасы астау тәрізді қашалған. Ал сырты түсініксіз ою-өрнектермен безендіріліпті. Алғашында Бауыржан Базылбеков оны сындырып тастауға бекінген. Артынша ондағы белгілерге көзі түскен көрінеді.
Бауыржан Базылбеков, Семей қаласының тұрғыны:
-Шамамен мың жылдан кем емес.Тіпті, жер астында екі мың жыл жатуы да мүмкін. Өйткені тастың өзі шіріп кеткен. Көріп тұрсыздар ғой.
Айналасын қазған уақытта дәл осындай екінші тасты тауыпты. Алайда, үгітіле бастағандықтан толық қопармаған. Қазір бұған жергілікті тарихшылар тарапынан зерттеуге қызығушылық білдіргендер көп. Себебі, олар Семей өңірінен бұрын-соңды мұндай көк тасты кезіктірмеген көрінеді. Сондықтан мамандардың өзі еш нәрсені дөп басып айта алмады.
Құсмилия Нұрқасымов, өлкетанушы:
-Тастан жасалған әуіт дейін десең ол жерге өрнектің керегі не? Мынау Семейде жоқ тастар. Көк тас мұнда қайдан келді. Сыртында адамның қолымен өңделген бедерлері бар.
Археологтардың болжауынша, бұның сақ патшаларымен қоса жерленген тас ыдыс болуы да ғажап емес. Олар осы құпияны ашуға ынтық болғанымен, аула қожайыны рұқсат бермеген. Өйткені Астанадан білікті мамандар келіп толық зерттеу жұмыстары жүргізілсе дейді.