Сахна саңлағы жетпіс бесін тойлады

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазақ сахнасының киесіндей аса қадірлі, аса қымбатты қазына қарт Сәбит Оразбаев өткен сенбіде өзінің 75 жылдық мерейтойын өнеріне тәнті талғампаз көрерменімен бірге атап өтті. М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында жарты ғасырдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан майталман актер – қазақ театры корифейлерінің заңды жалғасы, өнердегі бүгінгі буын үшін үлкен мектеп, тірі шежіре.
Салтанатты кеште Мәдениет вице-ми­нистрі Асқар Бөрібаев Елбасының ме­рей­той иесіне жолдаған құттықтау хатын оқы­ды. Құттықтау хатта Сәбит Оразбаевтың Қазақ­станның сахна өнерін дамытудағы еңбегіне жоғары баға берілген. Бірегей өнер иесіне жүрекжарды тілектерін білдір­ген қалың қауым, өнердегі әріптестері Сә­бит Қоңырбайұлының актерлік шеберлігі мен адами ізгі қасиеттерін, ақыл-парасатын ерекше атап өтті.
Сан қырлы талантымен халық сүйіс­пен­шілігіне бөленген актердің өнер жолына көз жүгіртсек, күні бүгінге дейін оның әр­түр­лі спектакльдерде 100-ден астам бей­не­лерді сомдағанын байқаймыз. Соның ішінде, әсіресе, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарт, З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасында» Жаяу Мұса, Т.Ахтановтың «Антында» Әбілхайыр хан, А.Сүлей­ме­нов­тің «Төрт тақта жайнамаз» драма-диа­ло­гын­да Әбдінәсім шал образдары – Сәбит Оразбаев қолтаңбасын даралай түскен айрықша дүниелер. Сахнадағы рөлдерінің басым бөлігі қарттардың бейнесі екендігін тілге тиек еткен актердің: «Қарттарды сом­дай­мын деп, өзім де ерте қартайдым», – деп әзілдейтіні бар.
Жалпы, кімнің рөлінде ойнаса да Сәбит Қоңырбайұлының өзі кейіптеген бейнеге бекзаттық сипатты таңа білетіндігі шындық. Бұл – бір жағынан, ондай қасиеттердің актердің өз бойына ежелден тән екендігінен де болса керек. Мысалы, ол өмірге ерте араласты, өзін-өзі ерте танып-білді. Үш жа­сында әкеден жетім қалды, балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Тұрмыс тапшылығы оның бала жасынан шыңдалып өсуіне себепкер болды. Еңбекпен көзін ашқан ол күнделікті өмірге, күнкөріске қажетті түрлі кәсіптерді игерді. Бұл жөнінде өзі: «Алдымен фо­то­ап­паратпен суретке түсіруді үйрендім. Сосын киім тігуге көштім. Жатақханамыздың коменданты студенттерге киім тігіп беретін. Сол кісінің көмекшісі болып жүріп, кейін өзім де жейде, шалбар тігетін болдым. Мәскеуге барғанда киімдердің нобай­ла­рын, джинсы мата алып келетінмін. Ол балаларымның үстінде ешкімде жоқ, сәнді костюм, көйлек, шалбар болып шыға кел­генде, жұрттың бәрі «Қайдан алдың?» деп қызығатын. Достарымды да біраз киін­дір­дім. Ал фотоаппарат – әлі де серігім. Театр мұражайындағы суреттердің 60-70 пайызы – менің түсіргендерім. Ұсталығым да бар. Кезінде домбыра да жасағанмын», – дейді ағынан жарылып. Еңбекқор да ізденімпаз Сәбит ағаның бұл реттегі ойы «Жетпіс жеті түрлі өнер үйренсең де аз» дегенге саяды.
Негізі, өнерпаздық – Сәбит ағаға қан­мен дарыған қасиет десек те болады. Өйт­кені әкесі Қоңырбай домбыра шертіп, ән салатын, өте әңгімешіл кісі болыпты. Сон­дай-ақ анасы Апақайдың да әншілік, айтыскер ақындық өнері болған. Осындай ортада өсіп-өнген бала Сәбит жыр-дас­тан­дарды таңға дейін ұйықтамай тыңдайтын. Бара-бара домбыра үйреніп, естіген ән-жырларын өздігінше айта бастаған. Халық қазынасына деген осы махаббат оны ақыры жыраулыққа алып келді. Негізі, ағайын-туыстың тілегі бойынша ол алға­шын­да мал дәрігері мамандығын таңдаған екен. Бірақ бала кезінен ән айтып, күй тартып өскен Сәбит, бәрібір өнер жолына түсті. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық кон­сер­ваторияның театр факуль­те­тін бітіріп, М.Әуезов атындағы Ака­де­мия­лық драма театрына қабылданды. Қазақ театрының негізін қалаған өнер ал­пауыт­тары – Серке Қо­жамқұлов, Құр­ман­бек Жан­дарбеков, Қа­лыбек Қуа­ныш­баев­тармен қызметтес болды.
Сәбит Қоңырбайұлының өнерсүйер қауымға жақсы таныс бір қыры – ән шы­ға­ратындығы. Бұл ретте, оның «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Төле бидің өсиеті», «Туған күн», «Анама» деген әндері – жұртшылық жүрегіне жол тапқан шы­ғар­малар. Дегенмен ол ән шығаруды ешқашан арнайы мақсат етпеген екен. Бірақ өлең кітаптарын оқығанды ұнатады. Көптеген өлеңдерді, тұтас толғауларды жатқа біледі. «Оларды жаттайын деп жаттамаймын. Оқыла-оқыла жатталып қалады. Сол сияқ­ты, Мұқағали өлеңдерін де оқи беремін, оқи беремін. Кейде домбырамен сүйе­мел­деп отырып оқимын. Сөйтіп, шертіп отыр­ғанда бір дыбыстар шыға бастайды да кейбірі кәдімгідей әнге айналып кетеді. Бар болғаны сол ғана», – дейді өзі.
Жетпіс бесінші белесіне үлкен абы­роймен көтерілген Сәбит Қоңырбайұлының ал­дағы ой-армандары да шексіз. «Жыр-дас­тандарды оқып-үйренген жас ұрпақ ата­дан мирас болған сөз маржандарына қанығады, халқымыз бастан кешкен тари­хи кезеңдерді танып-біледі, тәлімдік, та­ным­дық, тағылымдық терең ой дүниесіне енеді» деп есептейтін ол, алдағы уақытта өз орындауындағы толғауларды әнжинақ етіп шығарсам дейді. Сондай-ақ сахна тілі, образ жасау, актерлік мәдениет, заман­дас­тар, өнердегі әріптестері жайлы да кітап жазғысы келетінін жасырмайды. Әрине, «жақсылардың кеудесі – қашанда алтын сандық». Ал жұртқа сол сандықтың ашы­лып, тағылымды, ғибратты дүниелердің жа­рыққа шыға бергені қымбат. Ендеше Сәбит ағаның да көпшілікті қуанышқа кенел­тер күні алда деп сенеміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста