Сахна саңлағы жетпіс бесін тойлады
Қазақ сахнасының киесіндей аса қадірлі, аса қымбатты қазына қарт Сәбит Оразбаев өткен сенбіде өзінің 75 жылдық мерейтойын өнеріне тәнті талғампаз көрерменімен бірге атап өтті. М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында жарты ғасырдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан майталман актер – қазақ театры корифейлерінің заңды жалғасы, өнердегі бүгінгі буын үшін үлкен мектеп, тірі шежіре.
Салтанатты кеште Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев Елбасының мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта Сәбит Оразбаевтың Қазақстанның сахна өнерін дамытудағы еңбегіне жоғары баға берілген. Бірегей өнер иесіне жүрекжарды тілектерін білдірген қалың қауым, өнердегі әріптестері Сәбит Қоңырбайұлының актерлік шеберлігі мен адами ізгі қасиеттерін, ақыл-парасатын ерекше атап өтті.
Сан қырлы талантымен халық сүйіспеншілігіне бөленген актердің өнер жолына көз жүгіртсек, күні бүгінге дейін оның әртүрлі спектакльдерде 100-ден астам бейнелерді сомдағанын байқаймыз. Соның ішінде, әсіресе, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарт, З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасында» Жаяу Мұса, Т.Ахтановтың «Антында» Әбілхайыр хан, А.Сүлейменовтің «Төрт тақта жайнамаз» драма-диалогында Әбдінәсім шал образдары – Сәбит Оразбаев қолтаңбасын даралай түскен айрықша дүниелер. Сахнадағы рөлдерінің басым бөлігі қарттардың бейнесі екендігін тілге тиек еткен актердің: «Қарттарды сомдаймын деп, өзім де ерте қартайдым», – деп әзілдейтіні бар.
Жалпы, кімнің рөлінде ойнаса да Сәбит Қоңырбайұлының өзі кейіптеген бейнеге бекзаттық сипатты таңа білетіндігі шындық. Бұл – бір жағынан, ондай қасиеттердің актердің өз бойына ежелден тән екендігінен де болса керек. Мысалы, ол өмірге ерте араласты, өзін-өзі ерте танып-білді. Үш жасында әкеден жетім қалды, балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Тұрмыс тапшылығы оның бала жасынан шыңдалып өсуіне себепкер болды. Еңбекпен көзін ашқан ол күнделікті өмірге, күнкөріске қажетті түрлі кәсіптерді игерді. Бұл жөнінде өзі: «Алдымен фотоаппаратпен суретке түсіруді үйрендім. Сосын киім тігуге көштім. Жатақханамыздың коменданты студенттерге киім тігіп беретін. Сол кісінің көмекшісі болып жүріп, кейін өзім де жейде, шалбар тігетін болдым. Мәскеуге барғанда киімдердің нобайларын, джинсы мата алып келетінмін. Ол балаларымның үстінде ешкімде жоқ, сәнді костюм, көйлек, шалбар болып шыға келгенде, жұрттың бәрі «Қайдан алдың?» деп қызығатын. Достарымды да біраз киіндірдім. Ал фотоаппарат – әлі де серігім. Театр мұражайындағы суреттердің 60-70 пайызы – менің түсіргендерім. Ұсталығым да бар. Кезінде домбыра да жасағанмын», – дейді ағынан жарылып. Еңбекқор да ізденімпаз Сәбит ағаның бұл реттегі ойы «Жетпіс жеті түрлі өнер үйренсең де аз» дегенге саяды.
Негізі, өнерпаздық – Сәбит ағаға қанмен дарыған қасиет десек те болады. Өйткені әкесі Қоңырбай домбыра шертіп, ән салатын, өте әңгімешіл кісі болыпты. Сондай-ақ анасы Апақайдың да әншілік, айтыскер ақындық өнері болған. Осындай ортада өсіп-өнген бала Сәбит жыр-дастандарды таңға дейін ұйықтамай тыңдайтын. Бара-бара домбыра үйреніп, естіген ән-жырларын өздігінше айта бастаған. Халық қазынасына деген осы махаббат оны ақыры жыраулыққа алып келді. Негізі, ағайын-туыстың тілегі бойынша ол алғашында мал дәрігері мамандығын таңдаған екен. Бірақ бала кезінен ән айтып, күй тартып өскен Сәбит, бәрібір өнер жолына түсті. 1959 жылы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның театр факультетін бітіріп, М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрына қабылданды. Қазақ театрының негізін қалаған өнер алпауыттары – Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Қалыбек Қуанышбаевтармен қызметтес болды.
Сәбит Қоңырбайұлының өнерсүйер қауымға жақсы таныс бір қыры – ән шығаратындығы. Бұл ретте, оның «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда», «Төле бидің өсиеті», «Туған күн», «Анама» деген әндері – жұртшылық жүрегіне жол тапқан шығармалар. Дегенмен ол ән шығаруды ешқашан арнайы мақсат етпеген екен. Бірақ өлең кітаптарын оқығанды ұнатады. Көптеген өлеңдерді, тұтас толғауларды жатқа біледі. «Оларды жаттайын деп жаттамаймын. Оқыла-оқыла жатталып қалады. Сол сияқты, Мұқағали өлеңдерін де оқи беремін, оқи беремін. Кейде домбырамен сүйемелдеп отырып оқимын. Сөйтіп, шертіп отырғанда бір дыбыстар шыға бастайды да кейбірі кәдімгідей әнге айналып кетеді. Бар болғаны сол ғана», – дейді өзі.
Жетпіс бесінші белесіне үлкен абыроймен көтерілген Сәбит Қоңырбайұлының алдағы ой-армандары да шексіз. «Жыр-дастандарды оқып-үйренген жас ұрпақ атадан мирас болған сөз маржандарына қанығады, халқымыз бастан кешкен тарихи кезеңдерді танып-біледі, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енеді» деп есептейтін ол, алдағы уақытта өз орындауындағы толғауларды әнжинақ етіп шығарсам дейді. Сондай-ақ сахна тілі, образ жасау, актерлік мәдениет, замандастар, өнердегі әріптестері жайлы да кітап жазғысы келетінін жасырмайды. Әрине, «жақсылардың кеудесі – қашанда алтын сандық». Ал жұртқа сол сандықтың ашылып, тағылымды, ғибратты дүниелердің жарыққа шыға бергені қымбат. Ендеше Сәбит ағаның да көпшілікті қуанышқа кенелтер күні алда деп сенеміз.