Естеріңізде ме, «Менің атым – Қожа» фильмінде Рахманов ағайдың «мен Сұлтанның шамшырағын жаға алмадым» деп күрсінетіні бар еді ғой. Сондай-ақ ата-әжелер немересін «шырағым» деп еркелетіп, риза болған адамына «шырағың сөнбесін» деп батасын береді. Қарап тұрсақ, атам қазақ әр адамды бір-бір шырақ деп ұққан. Алайда солардың ішінде де тұтанбай жатып өшетіні, яғни тірі жүрсе де, кеудесіндегі сәулесі сөніп қалғандары көп те, мәңгі жанып тұратындары өте сирек ұшырасса керек. Сондай «өлді деуге сыймайтұғын» өшпес рухтың иелері қазақта да аз емес. Солардың шырақшысы рөлін атқарып жүрген бір бағдарлама, ол – әр жексенбіде «Қазақстан» ұлттық арнасынан берілетін «Сөнбес сәуле».
Қазақтың қазақ болып қалуына өлшеусіз еңбек етіп, өмірден өткен тұлғаларды елдің есіне түсіріп, көз алдына келтіру үшін жасалып жатқан бұл бағдарлама «Қазақстан» ұлттық арнасының басына атақты жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сейітжан Омарұлының ұлы Жанай Сейітжанұлы келуінен бастау алса керек. Естеріңізде болса, алғашқы бағдарлама жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Баққожа Мұқай жайлы өрбіген болатын. Содан бері «Сөнбес сәуле» арқылы 100-ден астам ардақтыларымыз «қайта тіріліпті». Біз барғанда жүргізуші әрі жоба жетекшісі Жаңыл Асылбекова бастаған шығармашылық топ, яғни режиссері Ботагөз Исмаил, ассистенті Гүлім Еркінқызы, операторы Самат Құрбиев, жарық қоюшы Аят Дүйсенбаев, продюсері Кәмшат Қауланова барлығы кезекті түсірілімнен оралып, алдағы болар бағдарламаның монтаждау жұмысына кірісіп жатыр екен.
Жұмекен мен Мұқағалидың бірде-бір бейнесі сақталмаған
– Білесіз бе, қаншама жыл бұрын өмірден өтіп кеткен тұлғаларымыздың жарларымен сөйлесу, олардың ең бір аяулы адамын естеріне түсіру қандай қиын, – деп бастады әңгімесін Жаңыл Мәмежанқызы. – Тіпті әр бағдарлама сайын олармен бірге өзім де өксігімді баса алмай жылаймын. Баяғыда біреу «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен, сол айтқандай, өзекті өртейтін тағы бір мәселе қаншама асыл азаматтарымызды көзі тірісінде таспаға түсіріп қалмағандығымыз. Мәселен, қазақ әнұранының авторы, керемет ақын Жұмекен Нәжімеденовтің бірде-бір бейнетаспасы жоқ десе, сенесіз бе? Десек те, шындық солай. Тек даусы мен күйлері ғана сақталған, ал тірі бейнесінің таспасы жоқ. Сондай-ақ өлеңі күллі қазақтың аузында жүретін Мұқағали ақынның да бірде-бір бейнесі қалмаған. Тіпті осы телерадиокорпорацияда қызмет істеген кезінде де. «Неге онда сол тұста жазып алмаған?» деп, қарның ашады. Көңілге жұбаныш боларлық бір жайт – бүгінде көбінің жұбайлары тірі. Бағдарлама жасау барысында түйгенім – қазақтың осындай біртуар азаматтарының жазған шығармаларының бүгінге жетіп отырғандығы отбасындағы жарларының арқасында екен. Жақсысын асырып, жаманын жасырып, жары жайлы әңгіме айтқанда, әйелдердің о дүниелік болған жұбайына деген сағынышы, кезінде соларды түсіне білуі, кешіре білуіне тәнті болып, «адал жар, аяулы ана деген біздің қазақтың әйелдеріндей-ақ болсын» дейсің. Дәл қазір де ел қамы үшін ат жалында жүрген азаматтардың жарлары сондай болса, біздің қазақ мәдениеті, қазақ өнері, қазақ ұлты ешқашан да төмен болмайды. Мен дидарласқан аналардың барлығы керемет, сонда да солардың ішінен әсіресе Қалижан Бекхожиннің жары (Ерлан Бекқожиннің анасы) Заида апайды ерекше атағым келеді. Әлгі үйіне кірген кезде Қалижан ағаның өмірден өткеніне сенбейсің: кабинетіндегі кітап сөрелері, жазу машинкасы, сөмкесіне дейін бәрі сол қалпында тұр.
Кімді, нені елеусіз қалдырдық?
• Мысалы, қарымды қаламгер, публицист, осы телеарнаға өзінің ғұмырын арнаған Сағат Әшімбаев ағамыздың ұлтжандылығы қандай керемет, 1986 жылы өзінің басына қауіп-қатер төнетініне қарамастан, сол оқиғаны таспаға түсіргізіп, тығып сақтаған. Соның арқасында бүгін бізде Желтоқсанның таспалары бар. Сол кісінің үйіндегі жазушы Шәрбану апамыз бүгінде Сағат ағамыздың күнделіктерін, қолжазбаларының зерттелмей шаң басып жатқандығын айтқан.
• Нұрғиса Тілендиев қаншама музыкалық мұра қалдырды?!. Алайда Елбасымыздың өзі барып, төсек тартып жатқанында кеудесіне «Халық қаһарманы» деген орденді қадаған теңдессіз композитор ағамыздың атында әлі күнге бірде-бір мұражай жоқ. Арнайы ғимарат берілмегендіктен, бүкіл тұтынған дүниелері, мұраларын Дариға апамыз балконында сақтап отыр екен. Ал үйде тұрған дүниені жұрт қалай көрмек?
• Сол секілді Қаныш Сәтбаевты қалың қазақта білмейтін адам жоқ шығар, сірә. Ал енді ол кісінің қызы қазақ қыздарының ішінде филология ғылымы бойынша тұңғыш ғылыми докторлық диссертация қорғаған (жетекшісі Мұхтар Әуезов) Шәмшиябану Сәтбаева туралы бірде-бір бағдарлама жасалмаған.
• Мысалы үшін, Нұтфолла Шәкенов – керемет әндердің авторы, дарынды сазгер. Бірақ өмірінде ол жайлы бірде-бір бағдарлама жасалмаған. Тіпті ең құрығанда қайтыс болғаннан кейін де еске алу ретінде де ештеңе жасалмапты. Алғаш іздеп барғанда әйелі ешқашан ешкімге сұхбат бермегенін айтыпты.
• Сәулелі сәт
Жазушы Әлжаппар Әбішев ағамыздың үйінде болдық. Сөйтсек, әлгі үйдің өзі кезінде Дінмұхаммед Қонаевтікі болған, ал ол кісі «Осы Әлжаппардың үйі жоқ қой» деп, өзі тұрған үйін бүкіл дүние-мүлкімен беріпті. Содан бір күні екеуі ұшырасып қалады да, Димекең: «Әлжаппар, үй қалай, қалай тұрып жатырсың?» деп сұраса керек. «Бәрі жақсы, рақмет, бірақ...» депті. «Бірақ» дегенді естіп, тоқтап қалған Димекең, «не бірақ, ұнамай жүр ме?» дейді құрақ ұшып. «Димеке, Сіз үйіңіздегі кітап сөрелеріңізді өз бойыңызға шақтап жасатқан екенсіз, менің бойым жетпей жүр» депті. Содан ертесіне ол кісі өзінің жүргізушісінен арнайы сөре сатып алып, беріп жіберіпті. Осындай ел басында жүрген ағаларымыздың кең пейіл, дарқандығын, бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық қамқорлығын естігенде жүрегің еріксіз елжірейді екен.
Түйін:
Біле білсек, ұлыларымыздың әрқайсысы ұлт өмірінің бір-бір кірпіші болды. Сол әр кірпіштің өз орны бар. Бірі кем болса, кәдімгідей орны ойсырап, білініп қалады. Сол орынды толтырып тұрған адам қандай болды? Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақ күні кеше ғана көзі кеткен тұлғаларымыздың көбін білмейді. Негізінен, тұлғалардың атына бір оқу орнын бергенімен, онда мұражайдың жасақталуы не болмаса қандай тұлға болса да артында ештеңе қалмауы, ұмыт қалуы тікелей олардың ұрпақтарына байланысты болса керек. Тіпті сұмдығы – барынша орыстанып кеткен ұрпақтардың қоңырау шалған редакторларға «бізге атамыз жайлы бағдарлама керек емес, ештеңе айта алмаймыз» деп жауап береді де, тұтқаны тарс еткізіп қоя салатындығы. Шын «сөнгендер» деп, міне осыларды айту керек сияқты.