Сәуле Әбединова "қазақша ойлай алмайтын" Меруерт Өтекешоваға жауап берді
Танымал журналист Сәуле Әбединова өзіне өткір сын айтқан актриса Меруерт Өтекешоваға жауап берді, деп жазады NUR.KZ.
Естеріңізде болса, еліміздегі ең танымал актриса отандық БАҚ-қа сұхбат беріп, журналист Сәуле Әбединованы сынға алған болатын.
Кезінде "Ақжүніс" бағдарламасын жүргізген Сәуле Әбединова өз басылымында жарық көрген мақалада Меруерт Өтекешованы "Қыз Жібектен" басқа рөлі жоқ", "Сахнагер сыйлығын не үшін алды?", "Ойын қазақша жеткізе алмайды" деп айыптаған.
Меруерт Өтекешованың мақаласы қоғамда қызу талқылға түскен соң, Әбединова желідегі парақшасында өз ұстанымын жариялады.
- "Тұмарымның" түсірілімінен шықтым. Бір күнде 4 бағдарлама қатар түсіретіндіктен, ештеңеге мойын бұруға мұрша жоқ. Кешеден бері жеке чатқа да, ватсапқа да, "Меруерт Өтекешова бүй депті, сөй депті, көрдің бе?.." деген сұрақтар үйіліп қалыпты. Көп тілекшілерім мені емес, оны боқтапты. Соған қарағанда жақсы нәрсе айтпаған шығар деп топшыладым. Ашып оқуға - уақытымды зая кетіргім келмейді.
Тек сол тілекшілерім бөліскен сілтеменің 1 ғана абзацтық анонс-мәтініне көз жүгірткенде ұққаным - Өтекешова өзі қазақша жазу былай тұрсын, ойлай алмайтыны, жаза алмайтыны белгілі, демек, бір журналистсымақтың Қыз Жібек пен Ақжүністі "жұлыстырғысы" келгені деп қорытынды жасадым. Ондай мақаланы, тем более (!) оқымаймын. Тіпті, Өтекешова "50-ге келген" менің деңгейіме "тиісуге" толық қақысы бар, өйткені оның деңгейі - 70-те.
Жаманқұловпен жасаған сұхбатымдағы "Қыз Жібектен басқа рөлі жоқ, сахналық ғұмыр жоқ" деген сөзімізге қарсы уәж айтып, сол уәжін дәлелдеп берген болса, кешірім сұрауға дайынмын және кешірім сұрағаннан арланбаймын. Ал дау іздеген, аты жоқ журналистсымаққа айтарым, Өтекешова апаймен мен "төбелеседі" деп ойласаң, қателесесің.
Біріншіден, ораза айы. Екіншіден, ораза болмаса да, 50-дегі мына мен 70-тегі апаммен ешқашан "жұлыспаймын". Үшіншіден, "төбелес" іздеп жүрсең, аты-жөніңді ашық жазып, сөзіңді дәлелдеп көр. Төртіншіден, дау-дамайға, "арандатушы ешкілердің" аранына еріп кетеді десең, қатты қателесесің. Ондай жазбаларды оқып, уақыт кетіру былай тұрсын, пысқырмайтын әдетім бар еді, ренжіме, бауырым. Жазар дауың (заказың) азаймасын. Сол үшін алар қаламақың бұдан да көп болсын! Бақытты бол!
Ал біз "Тұмарымды" жасауымыз керек. Саған уақыт жоқ, - деп жазды Сәуле Әбединова.