Алматы облысының Саты ауылында Мәдениет үйі салынды. «Даму» бағдарламасы бойынша бөлінген 73 млн теңгеге жаңадан тұрғызылып, жабдықталған Мәдениет үйі бұдан былай ауыл тұрғындары бас қосатын өнер ордасына айналмақ.
Жаңа жылдағы жайдарман жаңалыққа сатылықтар дән риза. Райымбек ауданының әкімі Аян Айтжанов нысанның құрылысын жүргізген «Тунас» құрылыс фирмасының бастығы Намазтай Түлкібаевқа аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдірді.
200 орындық көрермен залы, бірнеше қосымша бөлмелері бар мәдениет үйіне төрт штаттық бірлік беріліп, жұмысы жандана бастамақ.
Осы күні су жаңа Мәдениет үйінің сахнасы «Ереуіл» халықтық-фольклорлық ансамблі концертімен ашылды.
Аян АЙТЖАНОВ, Райымбек ауданының әкімі:
– Берекелі тірлігіміздің арқасында ауылдарда жаңа нысандар салынып жатыр. Жай нысан емес, өнер ордасы бой көтерді. Бұл Мәдениет үйі халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Іші ән мен күйге толсын!
Әлия ТЕМІРҒАЛИЕВА, ауыл тұрғыны:
– Ауылымызда өнерлі жастар көп, өнердің қайнар көзі халықтың өз ішінде. Сондықтан мұндай мәдениет мекемелерінің тек қалаларда ғана емес, шалғай ауылдар үшін де аса қажет. Бүгінгі еңселі Мәдениет үйінде үйірмелер жұмыс жасап, олардан талай талантты жас үлкен өнерге қанат қағатынына сенімдімін.
Сатыда Мәдениет үйі салынды
Последние статьи автора